06 қаң, 2017 сағат 22:59

БЖЗҚ басшылығы қамауға алынды

БЖЗҚ басшылығы қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

"Олар Жаңа жылдың алдында қамауға алынған. Аты-жөндерін білмеймін, біз оларды атамадық. Жетекші мен орынбасарларының бірі қамауға алынған", - деді ҚР Ұлттық банкінің қаржы қызметтері тұтынушыларының құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.

Айта кетейік, Терентьев 6 қаңтардағы баспасөз мәслихатында БЖЗҚ-ға қатысты қылмыстық істің Ұлттық банктің өтінішінен кейін қозғалғанын мәлімдеген.

Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкінің қатысуымен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген болатын. Сол кезде тексерістің БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылып жатқаны айтылған еді. "БЖЗҚ" АҚ-тың меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен қалыптастырылады екен. "БЖЗҚ" АҚ меншікті активтерді дербес басқарады", - деген еді банктегілер.

"Азаматтардың зейнетақы жинақтары "БЖЗҚ" АҚ-тың балансынан бөлінген және бөлек ескеріледі. Ұлттық Банк зейнетақы жинақтарын инвестициялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 2016 жылға арналған бағыттар бойынша ғана жүзеге асырады. Бұл ретте 2016 жылы зейнетақы активтерін экономиканың нақты секторының жеке компанияларының қаржы құралдарына инвестициялау көзделмейді", - делінген еді ҰБ хабарламада.