Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп санаудан бас тартты. Бас Ассамблея Иерусалимнің мәртебесі туралы АҚШ-тың шешімін танымайтыны туралы қарар қабылдады. Бұл шешімді 128 мемлекет, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің АҚШ-тан өзге тұрақты мүшелерінің барлығы қолдап дауыс берген. Тоғыз мемлекет қарарға қарсы дауыс берсе, 35 ел қалыс қалған.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осындай мазмұндағы қарарының жобасына тұрақты мүшелерінің барлығы қолдау білдіріп, тек оған қарсы болған АҚШ вето қойғасын БҰҰ Бас Ассамблеясының шұғыл отырысы шақырылған. БҰҰ Бас Ассамблеясының бейсенбіде қабылдаған қарарының мәтіні Вашингтон вето қойған жобада айтылғанды қайталайды.
Қабылданған қарарда Иерусалимді Израиль астанасы деп танудан бас тартуға шақырған, бірақ мәтінде АҚШ аталмайды. Сонымен бірге құжатта Иерусалимнің мәртебесіне қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі "қарарына қайшы келетін шешімдердің заңды күші болмайтыны" айтылған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон бұл қарарға қолдау танытқан елдерге қаржылай көмекті шектейтін болады деп уәде еткен. Палестина билігі АҚШ-ты БҰҰ-ға мүше елдерге "қоқан-лоқы көрсетті" деп айыптаған.
Желтоқсанның 6-сы күні президент Трамп АҚШ-тың Израильдегі елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруге дайындала бастауға пәрмен берген. Дайындық жұмыстары үш жылдан төрт жылға дейін жалғасуы мүмкін. Трамптың шешімін араб елдерінің көбі қатты сынға алып, Палестина территорияларында жаппай наразылық акциялары мен тәртіпсіздіктер басталған.
Израиль Иерусалимді өзінің біртұтас және бөлінбейтін астанасы деп санайды. БҰҰ Иерусалимнің шығыс бөлігі заңсыз басып алынған деп біледі. 1995 жылы АҚШ Конгресі Израильдегі америкалық елшілікті Иерусалимге көшіру туралы заң қабылдаған, бірақ қаланың мәртебесі даулы болғандықтан, АҚШ дипломатиялық өкілдігі Тель-Авивте қалған еді. Жақын уақытқа дейін Вашингтонда Иерусалим 1948 жылы британдық мандат мерзімі аяқталған соң еш тарапқа тиесілі емес және қала мәртебесі бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін ғана анықталады деген ұстаным болған еді.