Фото: Ақорда
Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Атыраудағы отырыстан кейін арнайы жоспар қабылданды. Соған сәйкес Парламент депутаттарының қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, құмар ойынға, нашақорлыққа, есірткі саудасына және вандализмге қарсы заңдар қабылданды. Электронды шылым түрлерін өндіруге және сатуға тыйым салынды. Мемлекеттік наградалар қатары мәртебелі атақтармен толықты. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін Ұлттық кітап күні бекітілді.
Жалпы былтырғы құрылтайда айтылған бастамаларды жүзеге асыру үшін бір жылдың ішінде 10 заң дайындалып, қазірдің өзінде соның тоғызы қабылданды.
Биыл құрылтай аясында өңірлермен жұмыс істеу форматы енгізілді. Ұлттық құрылтай мүшелері аймақтарға шығып, кездесулер өткізе бастады. Бұл аймақтағы белсенді азаматтардың пікірін ескеруге де мүмкіндік берді, - деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жиынды аша отырып.
Отырыста Мемлекет басшысы сөз сөйлейді. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше өтті. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның алғашқы күнінде айтылған ұсыныстар туралы мәлімет берген еді.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың 4-отырысы аясында Қазақстан тарихының жаңа академиялық басылымы әзірленетінін айтты.
2022 жылы Ұлттық құрылтай алғаш жанданғаннан бері елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды.