29 қаң, 2021 сағат 13:03

Бұл әліпби қолданысқа енгенде қазақ тілінің табиғи байлығы мен бейнелілігі толық сақталады - ғалым

Кеше Премьер-министр Асқар Мамин өткізген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа латын әліпбиі нұсқасы таныстырылды. Осыған байланысты  филология ғылымдарының кандидаты, орфографиялық жұмыс тобының мүшесі  Гүлфар Мамырбек  «Бір дыбыс – бір таңба» принципіне  байланысты пікірін білдірді.

Әліпбиде «бір дыбыс – бір таңба» принципі негізге алынған. Бұл ғылыми принцип жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің табиғатынан шыққан. Әліпби түзуде бұл принцип қатаң сақталуы керек. Сондықтан түркі тілдерінің әліпбилерінде осы принцип мейлінше сақталады. Егер ол принцип сақталмаса, онда жазу жүйесі мен дәстүріне айтарлықтай нұқсан келеді.

Осы принципті сақтау үшін қазақ әліпбиін түзуде диграфтар, триграфтар қолданылмайды. Екі, үш немесе одан да көп таңбалар арқылы бір дыбысты беру негізінен роман, герман тілдеріне тән. Сондықтан ағылшын, француз т.б. тілдер үшін бір дыбысты бірнеше таңбамен беру - табиғи процесс. 

Әліпби тұжырымдамасы

Әліпбидің бұл жаңа нұсқасында оны дайындаушылар тек ғана ғылыми принциптерге сүйенді. Әліпбидің ғылыми негізділігі оның қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға да, әліпби түзудің халықаралық принциптеріне сүйенуге де мүмкіндік берді. Әліпби жасаудағы осындай ұстанымның 3 маңызды жағы бар.

Біріншіден, бұл әліпби қолданысқа енгенде қазақ тілінің табиғи байлығы мен бейнелілігі толық сақталады. Екіншіден, әліпби халықаралық тәжірибелерге, оның ішінде Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбалық базасына құрылғандықтан, оның әлемдегі танымалдылығы жоғары. Сондықтан да әліпбидің бұл нұсқасы әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың пайдалануына қолайлы болады. Соның нәтижесінде, бұл әліпбиді дүниежүзі қазақтарының ортақ әліпбиі деуге негіз бар. Үшіншіден, жетілдірілген әліпби нұсқасы ІТ технологияларға толық сәйкес келеді. Әліпбиге алынған таңбалардың барлығы UNICODE жүйесінде қолданылады.