16 ақп, 2022 сағат 12:15

Бүгінгі әдеби процесс бұрынғы уақыттағы үдерістерден әлдеқайда басқа – Ақберен Елгезек


ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ақберен Елгезек Қазақстандағы әдебиеттің дамуы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі әдеби процесс бұрынғы уақыттағы үдерістерден әлдеқайда басқа. Біз бүгін түрлі ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілер үстем құрып тұрған заманда жаңа әдебиет жасап жатырмыз. Оның жақсы жағы да, теріс жағы да бар. Жақсы жағы – қысқа жазылған дүние ғаламтор арқылы оқырманға тез жетеді, тез оқылады, тез таралады. Алайда бұл жағдайда үлкен, іргелі, былайша айтқанда кітап формасына ғана сиятын шығармалар азғантай тұтынушы ортаның несібесіне ғана айналды», - деді ол Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында. 

Өз сөзінде спикер бұрынғыдай сапалы кәсіби әдеби талдаулар азайғанын, сын жанры да аз-кем тоқырауға түсіп тұрғанын айтты.

«Қазір тек әлеуметтік желілерде біржақты айтылатын пікірлер ғана бар, оның деңгейі де осында отырған азаматтарға белгілі деп есептеймін. Дегенмен көркем әдебиет қашанда болған. Адамзат барда ол жасай да береді. Небір зұлмат дәуірлерде, соғыс және аштықта да қазақта әдебиет жасалды - өркендеген тұстары да болды, цензураға ұшыраған замандарды да бастан кешірді. Сонда да төл әдебиетіміз қазақтың көркем әлемін ұлғайтып отырды. Бүгінде жаңа заман әдебиеті жасалу үстінде. Әлбетте, біз дәуір сұраныстары мен заман талаптарына сай икемделіп отырмыз. Әдебиетке жыл сайын жаңа толқын жастардың келіп жатқаны – соның айғағы. Олардың ойлау парадигмасы, дүниені сезінуі мен жазу стилі де бөлек, өз аудиториялары бар. Жаңа әдеби лидерлер қалыптасып жатыр. Бұл - қуанышты тенденция. Әрине, үлкен буын мен жаңа буын арасындағы мойындау-мойындамау деген болған, бола береді де. Бір сөзбен айтқанда, әдеби процесс ешқашан тоқтамайды», - деді Ақберен Елгезек.