Фото: Мәжіліс
Бүгін Мәжілістің үшінші сессиясы жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Осы сессияда 39 жалпы отырыс өткізіліп, 249 мәселе қаралды және 90 заң қабылданды.
Парламенттің жалпы жұмыс қорытындысы дүйсенбі күні, 30-шы маусымда қос палатаның бірлескен отырысында жасалады.
Бүгін үшінші сессияның соңғы отырысында Мәжіліс қызметінің кейбір нәтижелерімен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов таныстырды:
Қорытынды
Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі дәстүрлі түрде депутаттардың жұмысына серпін берген болатын.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында айтылған бастамаларын іске асыру жалғасын тапты.
Депутаттар ең әуелі азаматтардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән береді.
Біріншіден, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдерді қайта қарадық.
Барлық азамат үшін, тіпті сақтандырылмаған болса да, алғаш жүгінген кезде тегін базалық медициналық көмектің сақталуы үлкен жетістік болды.
Біздің ұсынысымыз бойынша Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне онкологиялық скринингтер енгізілді.
Сондай-ақ, құлағы нашар еститін жандарды, әсіресе балаларды жергілікті бюджет қаржысы есебінен есту аппаратымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылды.
Балалардың құқықтарын қорғау біздің басты назарымызда.
Атап айтқанда, кәсіби отбасы институты енгізілді.
Енді кәсіби отбасы қиын жағдайға тап болған баланы қамқорлыққа алады, оны балалар үйіне тапсыруға жол бермейді.
Сонымен қатар, депутаттар жекеменшік оқу орындарында оқушыларға ыстық тамақ беруді ұйымдастыру жөніндегі проблеманы шешті.
Бұл көп жылдан бері шешімін күтіп отырған мәселе еді.
Мемлекет басшысының бастамасымен біз «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің заңнамалық негізін қаладық.
Жаңа жинақтау жүйесінің арқасында балалардың сапалы білім алуына қосымша мүмкіндіктер беріледі.
Сонымен бірге, халықаралық ғылыми жарыстарға қатысушылардың үздіктері конкурссыз, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында білім гранттарын алатын норма енгізілді.
Бұл – біздің балаларымыз үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау.
Сондай-ақ, біз қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған, яғни асыраушысынан айырылған 530 полиция қызметкерінің отбасына ай сайынғы жәрдемақы төлеу мәселесін шештік.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше назарында.
Кеше ғана Президент қаза болған полицейлердің жақындарына марапат тапсырып, олардың ерлігін тағы да атап өтті.
Оған қоса, азаматтық қорғау органдары мен өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері қарастырылды.
Екіншіден, депутаттардың қызметіндегі басты бағыт «Заң мен тәртіп» қағидатын заңнамалық тұрғыдан одан әрі іске асыру болды.
Депутаттар еліміздің қылмыс жазасы кодекстерін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Азаматтарды қылмыстық қастандықтан қорғауға бағытталған заңдар қабылданды.
Жағымсыз әлеуметтік құбылыстарға жауап ретінде интернет-алаяқтық жасағаны үшін «дропперлерге» қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.
Депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу ісі үшін де жаза енгізді.
Адамның бет-әлпетін танып-білуге кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынды.
Жауапкершілікті күшейтумен қатар, депутаттар ізгі шешімдер қабылдау қажеттігін де ұмытқан жоқ.
Кейбір азаматтардың абайсыздан, қиын өмірлік жағдайда жүріп құқық бұзушылыққа баратыны белгілі.
Сондықтан біз есірткі таратушылар мен өндірушілер арасындағы қылмыстық жауаптылықтың ара-жігін ажыраттық.
Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы болатын.
Қазірдің өзінде алғаш рет сүрініп, есірткі жасырған жас азаматтарға қатысты үш мыңнан астам іс қайта қаралып, оларды босату мен үкімді жеңілдету бағытында жұмыс жүргізілуде.
Бұған қоса, Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында депутаттар тарапынан Рақымшылық жасау туралы заң әзірленіп, қабылданды.
Кеше ғана Мемлекет басшысы ол құжатқа қол қойып, заң күшіне енді.
Рақымшылық жасау арқылы 15 мың азаматтың жаза мерзімі қысқартылады.
Оның 2 мыңға жуығы бостандыққа шығады.
Бұл – адамгершілік тұрғысынан өте ізгі әрекет.
Осылайша шалыс басқан азаматтарға түзелуге жаңа мүмкіндік беріледі.
Үшіншіден, заң шығарушылардың басты міндеті – жаңа экономикалық саясат үшін берік негіз қалыптастыру.
Осы сессияда депутаттар бюджеттік-фискалдық рәсімдер тәсілдерін толығымен қайта қарады.
Біз қабылдаған жаңа Бюджет кодексі арқылы бюджет процесі едәуір жеңілдетіліп, екі есеге дейін қысқартылды.
Ұлттық қор активтерін басқару стратегиясы өзгертілді.
Өңірлердің қаржылық дербестігі артты, олардың түсімдерінің өсуі байқалады.
Бюджет процесіне қатысушылардың Парламент алдындағы есептілігі күшейтілді.
Осы сессияда ең қызу талқыланған құжаттың бірі – Салық кодексі.
Депутаттық корпус алдында тұрған стратегиялық міндет – мемлекеттің, азаматтар мен кәсіпкерлердің мүдделері арасында ортақ мәміле табу болды.
Біз депутаттар халық пен бизнеске салынатын салық ауыртпалығын арттыру есебінен бюджет кірісін ұлғайтуға жол бермеу принципін ұстандық.
Көпшілікпен ашық пікірталастар, депутаттардың табандылығы мен бизнес өкілдерінің белсене қатысуы арқасында тұрақты, ашық, әділ әрі түсінікті Салық кодексі қабылданды.
Төртіншіден, Прогрессивті су саясатын қалыптастыру бағытындағы жұмыс та белсенді жалғасты.
Қабылданған Су кодексі қазақстандықтар арасында суға, яғни тіршілік көзіне ұқыптылықпен қарауға, үнемдеу мәдениетінің қалыптасуына бастау болары анық.
Бесіншіден, жаһандық геосаяси ахуалды көріп отырсыздар.
Осы орайда Мемлекет басшысы халықаралық бағытта өте белсенді, теңдессіз қызмет атқарып, байыпты да сындарлы сыртқы саясат жүргізуде.
Бұл жұмыс біздің тарапымыздан заңнамалық тұрғыдан уақтылы қолдауды талап етеді.
Осы бағытта 36 халықаралық шарт пен келісім ратификацияланды.
Жаңартылған Конституцияның талаптарына сәйкес, сессия барысында біз Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін екі рет қарадық.
Ол – ауыл шаруашылығындағы субсидиялар мәселесіне, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен және медицина бұйымдарымен қамтамасыз ету мәселесіне арналды.
Депутаттар берген нақты ұсыныстар осы саладағы біраз мәселені шешуге оң әсер етері сөзсіз.
Бұл жайттар болашақта да депутаттардың бақылауында болады.
Сессия барысында депутаттық сауал секілді маңызды тетіктер де белсенді түрде жүзеге асты.
Мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері атына 461 депутаттық сауал жолданып, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді.
Көптеген проблема сол сауалдардың нәтижесінде шешімін табуда.
Сонымен бірге, біз қалыптасқан дәстүр бойынша өңірлердегі кездесулер барысында сайлаушыларымыз көтерген түйткілдерді шешу жолдары жөнінде Үкіметтің жауабын тыңдадық.
Үкімет сағаттарында, комитет отырыстарында, партия фракцияларының іс-шараларында бұл мәселелер жан-жақты, қызу талқыланды.
Палата өз жұмысының алғашқы күндерінен бастап заң шығару процесінің ашықтығы мен айқындығын сақтап келеді.
Депутаттар азаматтық қоғаммен және сарапшы қоғамдастық өкілдерімен бірлескен тығыз жұмысты жалғастыруда.
Мұны олардың жұмыс топтары құрамындағы өкілдерінің санынан-ақ байқауға болады.
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата да өзінің сараптамалық әлеуеті бар екенін дәлелдеді.
«Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге атсалысып жатыр.
Жұртшылықты қабылдау бөлмесі аясында депутаттар шамамен 2 мыңнан астам азаматты қабылдады.
Халықтың мәселелерін жедел шешу үшін азаматтарды қабылдау мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіле бастады.
Жалпы, осы сессияның күн тәртібі елеулі оқиғаларға толы болды.
Депутаттар атом электр стансасын салу мәселесі бойынша республикалық референдумға дайындық барысында жетекші рөл атқарды.
Наурыз айында арнайы өткен жалпы отырыста біз Президенттің саяси реформаларын жүзеге асыруды – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі ретінде талқыладық.
Нәтижесінде қарар қабылданып, барша азаматты Әділетті Қазақстанды құру жолында бірігуге шақырдық.
Бүкіл ел болып, жер-жерде өткен салтанатты іс-шараларда Ұлы Жеңіс қаһармандарына тағзым еттік.
Биыл Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті.
Бұл – еліміздің түркі интеграциясы мәселелеріндегі жетекші рөлінің және осы процесте парламенттік дипломатияның маңыздылығының тағы бір дәлелі.
Келесі сессияда да біздің алдымызда бірқатар маңызды заң қабылдау міндеті тұр.
Атап айтқанда, Құрылыс кодексі, сондай-ақ құқық бұзудың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер және банк қызметі туралы, басқа да көптеген маңызды заңдар бар.
Әріптестер, Парламент сессиясы аяқталып қалды.
Енді сіздер өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесесіздер.
Бұл бізге ел-жұрттың сауалдары мен ұсыныстарын өз аузынан естуге, өңірлердегі шынайы жағдайды өз көзімізбен көруге мүмкіндік береді.
Сөзімді түйіндей келе, сіздерге атқарған жауапты әрі нәтижелі жұмыстарыңыз үшін зор алғыс айтамын.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де біздің жұмысымызды жоғары деңгейде, объективті түрде көрсеткені үшін ризашылық білдіремін.
Баршаңызға ел игілігі жолындағы жауапты істе мықты денсаулық, толайым табыс тілеймін.
