Бүгін «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы философиялық-саясаттанулық өлшемде» атты философтар мен саясаттанушылардың халықаралық форумы және «Қазақстан философиясы әлемдік философиялық ой кеңістігінде: тарихы, қазіргі заман, болашағы» тақырыбында ІІ қазақстандық философиялық конгресі өз жұмысын бастайды.
Конгресс аясында «Қазақ философиясы: көне заманнан қазіргі кезеңге дейін» тақырыбында қазақ философиясының теориялық және өзекті мәселелері талқыланып, бүгіні мен ертеңіне, тарихи тамырлары мен рухани мәніне көңіл бөлініп, пікір алмасулар жоспарланған.
Ежелгі заманнан Еуразия кеңістігінде өмір сүріп келе жатқан қазақтардың бай рухани мұрасы бар. Қазақ философиясының тарихы халықтың рухани тарихымен астасып жатыр. Ол – халқымыздың тарихын жан-жақты түсіну үшін іргелі рухани негіз және әдістемелік тетік. Сондықтан халықтың тарихын, саяси идеологиясын, өнерін, әдебиетін, адамгершілік қағидаларын, діндарлығын және тұтастай алғандағы дүниетанымын пайымдаудан өткізудің қазіргі жаһандану заманындағы өзектілігі мол.
Шығыстың бай философиялық мұрасы, оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтелдерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлем мен адамды тану, тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін анықтау философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеулерге айрықша мән беру – қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Жалпы, қазақ философиясы – Шығыс философиясындағы адамның рухани жетілу, кемелдену, адам болу тұжырымдамасын әрі қарай жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан даналық көзі.
Тарихи үдерісте қазақ философиясы үнемі дамып отырды. Әлеуметтік-мәдени өзгерістер мен тарих сахнасында орын алған жаңа мәселелердің шешімін табу жолында қазақ ойшылдары біршама еңбек атқарды. Қазақ хандығы кезеңінде өмір сүрген жыраулардың, би-шешендердің шығармашылығы қазақ философиясының дамуына ерекше үлес қосқан еді.
Ақындар мен жыраулар, қолбасшылар мен батырлар, хандар мен билер, сал мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әртүрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда рухани даму үрдісі шеңберінде қазақ халқының қоғамдық саяси, мәдени әлемін, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Далалық еркін ойлау, гуманистік көзқарастар, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, жеке адамның мәнін іздеу және қазақ халқының прогрессивті дамуын қамтамасыз етіп, қазақ қоғамының зияткерлік тарихының негізін құрады.
Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы, ұлттық қажеттіліктердің негізінде туындайтын білім болса, ұлттық идеяның білімін қалыптастыратын нағыз зиялылар. Асан қайғыдан бастап бүгінгі күнге дейін жетіп отырған жыраулар идеясының рухы әлі де «Мәңгілік Ел» сияқты ұлттық идеямыздың жандануына бағыт-бағдар берері сөзсіз.
Ұлы Дала елінің жырауларының дүниетанымдық ерекшеліктерінің астарында әлемді түсіну, рухани игеру ауқымындағы философиялық ұстанымдар жатыр. Қазақ халқының философиялық ойлау жүйесінің нағыз жарқын көріністерін айшықтай түсетін Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Марғасқа, Жиембет, Бұқар сияқты жыраулардың елді ерлікке, бірлікке шақырған мазмұнды жырлары, отты толғаулары бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне, ұлтты рухани қалыптастыру ісіне ат салысатыны анық. Жыраулар шығармашылығындағы жақсыны жаманнан, досты қастан ажырата білу, ар, ұят, адамгершілік, әділеттілік сияқты руханияттың іргелі категорияларына талдау жасалады.
Қазіргі тарихи кезеңге дейін елімізде көптеген ғылыми еңбектер жарыққа шықты, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асты, бірақ осы аз уақыт ішінде қазақ философиясы өз деңгейінде толықтай зерттеліп болды деп те айту қиын.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының қазақ философиясы бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен «Қазақ даласының ойшылдары» топтамасының 4 томы, «Ұлттық идея және қазақ философиясы» ұжымдық монографиясы, сонымен бірге бөлім қызметкерлерінің жеке монографиялары жарық көрді. 2013 жылы жарық көрген «Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер» ұжымдық монографиясында қазақ халқының руханиятының қалыптасуы мен дамуының тарихи-философиялық және этномәдени негіздері заманауи құндылықтар тұрғысынан сараптаудан өткізілді. 2014 жылдан бастап қолға алынған «Қазақ философиясы тарихы» (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін) 5 томдық іргелі зерттеудің 3 томы жарық көріп, 4-томы биыл баспаға ұсынылып отыр.
Халқымыздың тарихи-рухани болмысын қалыптау, мәдени-этностық мүдделерін іске асыру, қоғамдық-әлеуметтік ғылымдардың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Тарихынан көз жазып қалған халықтың дамуы баяу болады, санасы салғырт тартады. Сол тарихтың үлкен бір бөлігі – рухани тарих, ол – адамзат тарихының айнасы. Себебі, ұлттық ділді, этностың мыңдаған жылдық тарихында қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелерді, ұғымдарды тек шын мәніндегі халықтың рухани тарихын білу арқылы ғана тануға болады. Мұны біз егемен еліміздің тәуелсіз дамуы барысындағы халықтың рухани ұмтылыстарынан анық аңғарамыз. «Қазақстан-2050» Стратегиясында осы мәселе қарастырылды. Жалпы тарихқа, оның ішінде рухани тарихқа ден қоюдың күшейе түсетін себебі, адамдар өткеннен бүгінгі күнге ұқсастықтар іздейді, одан бүгінгі күн мәселелерінің шешімдерін табуға, тәлім-тәрбие, тағылым алуға талпынады.
Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани ахуалына сәйкес философия өз мазмұны мен келбетін өзгертеді, ғылыми ізденістердің жаңа дүниетанымдық бағдарлары анықталып, басым бағыттары айшықталады. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында отандық философия әлемдік философияның құрамдас бөлігі болып табылады. Ол өз бойына әлемдік мәдениеттің, ғылым мен техниканың жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзат рухының логикасын танытатын құбылысқа айналғаны абзал. Сонда ғана қазақтың ұлттық философиясы мен әлемдік философия арасында байланыс орнап, зерттеу мен оқыту кең қанат жайып, адам санасы мен рухындағы терең астарлар айшықтана түседі.
Қазақстандағы қазіргі философияның алдында жаңа әлеуметтік және саяси шындықтың күрделі мағынасын ашу, өтпелі кезеңнің қайшылықтары мен ерекшеліктерін анықтау, тәуелсіз Қазақстанның өркениетті отыз елдің қатарына енуінің мәдени-тарихи алғышарттарын байыптау сияқты қиын да күрделі міндеттер түр. Жаңа философиялық білім беру, ғылыми-техникалық, ұлттық және мәдени саясатты қалыптастыру мәселелері сананың азаматтық қоғам мен нарықтық экономиканың құндылықтарын қажет етеді. Жаңа құндылықтарға бағдар ұстану Қазақстан дамуының демократиялық жолмен өрбуіне, әлеуметтік қатынастардың қоғамды біріктіре түсетін құрылысқа айналуына негіз бола алады. Осындай философиялық тұғыр этносаралық және конфессияаралық, әлеуметтік және саяси тұрақтылықтың елімізде нығая түсуіне ықпал етеді.
Жазира ОШАҚБАЕВА,
философия ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ ҒК Философия,
саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері
Алматы