17 мам, 2021 сағат 09:33

Британияда карантиндік шектеу шаралары жеңілдеді


Британия «үнділік» штамның жылдам таралу қаупі туралы медициналық қауымдастықтың жасаған ескертулеріне қарамастан, коронавирусқа қарсы шектеулерді алып тастаудың жаңа кезеңіне өтеді, деп хабарлайды ВВС.

Ұлыбританияда үй-жайларда алты адамға дейін жиналуға болады. Кафелер, барлар мен мейрамханалар келушілерді тек ашық жазғы верандаларда ғана емес, сонымен қатар іште де қабылдай алады. 

Көшеде 30 адамға дейінгі топтың кездесуіне рұқсат етіледі. Мұражайлар, кинотеатрлар, стадиондар біртіндеп жұмысын бастайды. Дүйсенбіден бастап спортзалдарда жаттығуға болады. Англия тұрғындары «жасыл» тізімдегі (Сovid-19 жұқтыру деңгейі төмен) елдерге бара алады және елге оралғаннан кейін олар карантинді сақтауға мәжбүр болмайды. 

Сенбіде британдық медициналық қауымдастық шектеулерді алып тастаудың зардаптары өте жағымсыз болуы мүмкін деп мәлімдеді. 

Қауымдастықтың мәлімдемесінде шектеулердің алынып тасталуы аурудың күрт өсуіне әкелуі мүмкін екені баса айтылған: біріншіден, жаңа штамның таралуы әлдеқайда жеңіл, екіншіден, елдің жас тұрғындарына әлі вакцина егілмеген.

Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок Ұлыбритания тұрғындарына коронавирустың үнділік нұсқасы өрт сияқты тез таралуы мүмкін екенін ескертті, әсіресе әлі вакцина алмаған адамдар арасында.

Ол елдің барлық тұрғынын шектеулер жойылғаннан кейін мұқият әрі сақ болуға шақырды. 

Үндістанмен байланысты кеш тоқтатқаны үшін сынға алынған Ұлыбритания үкіметі дәйекті және дұрыс әрекет еттік деп мәлімдеді. Үкімет Үндістанмен байланысқа қойылған шектеулер ең қатаң шектеу шараларының біріне айналғанын және аталған шектеулер үнді штамдары қауіпті деп танылғанға дейін екі апта бұрын енгізілгенін баса айтты.

Сонымен қатар үкіметте айтылғандай және қатаң шектеулерге дейін Үндістаннан Ұлыбританияға келгендердің барлығы коронавирусқа тест тапсырып, 10 күн карантинге жатқылызуы керек болатын. 

Үкімет Үндістанмен байланысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдау үшін вирус жұқтырғандардың саны туралы емес, вирустың түрі, оның жұқпалы екені туралы ақпарат маңызды болғанын айтты. 

Сарапшылар соңғы аптада Ұлыбританияда коронавирустың «үнділік» штаммын жұқтыру жағдайларының саны үш есеге артқанына назар аударады.

Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон коронавирустың «үнділік» нұсқасының таралуы шектеулерді алып тастау жоспарына елеулі өзгерістер енгізуі мүмкін екенін мойындады. Сонымен бірге, оның айтуынша, Үкімет шектеулерді жоюдың үшінші кезеңін кейінге қалдыруға шешім қабылдады. 

Дубай әуежайының атқарушы директоры Пол Гриффитс «ковид төлқұжаттарын» енгізу халықаралық тасымалдарды толық қалпына келтіру үшін қажет деп мәлімдеді.

«Менің ойымша, бұған қандай да бір балама жоқ», - деді Гриффитс ВВС-ге берген сұхбатында. Сонымен қатар, ол мұндай құжаттардың енгізілуін өзі толық қолдайтынын атап өтті.