- Еуропарламент 23 маусымдағы референдумда Еуроодақтан шығуға қарсы дауыс берген Ұлыбритания құзырындағы азаматтарға ЕО азаматтығын сатып алуға рұқсат ету жайлы бастама дайындап жатыр.
Бұл туралы бүгін The Times газетінің электронды нұсқасы Еуропарламенттегі либералдар мен демократтар фракциясының көшбасшысы, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ги Верхофстадт мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
«Менің ойымша, еуропалық азаматтығын сақтап қалғысы келетін жандарға мүмкіндік берілуі тиіс», - деді Верхофстадт. Саясаткердің айтуынша, Еуропарламент аталған бұл бастамаға жыл соңына дейін дауыс береді, одан кейін жоспарды ЕО мүше-мемлекеттер мақұлдауы тиіс.
Ұсынысқа сәйкес, Еуроодақ азаматтары болып қалғысы келетін британдықтар жыл сайын ЕО бюджетіне өздері жарна төлеп тұруы қажет. Сонда оларда ЕО аумағына көшу және өмір сүру және еуропалық сайлауларға қатысу құқығы болады. Мұнымен қатар, Верхофстадттың өзі бұл бастаманы жүзеге асыруда заңдық қиындықтар кездесетінін жасырмады.