15 мам, 2022 сағат 23:24

Бозымбаев: Лай көшкінінен зардап шеккендерге баспана беріледі


Текеліде лай көшкінінен зардап шеккендерге баспана беріледі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

«Бүгін Текеліде лай көшкіні жүрді. Бірнеше жекеменшік тұрғын үй бүлінді. Өкінішке орай, 2016 жылы туған қыз бала қайтыс болды. Жедел қызметтер өз жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендерге баспана беріліп, көмек көрсетіледі. Марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтамын», - деп жазды Алматы облысының әкімі.


Бүгін түскі сағат 13:00 шамасында Текелідегі Қонаев көшесінде лай көшкіні жүріп, бес жастағы қыз бала жоғалып кетті. Кешкі сағат 18.15-те баланың мәйіті лайлы үйінді астынан табылды.

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала ақпаратына сәйкес, Текелі қаласындағы лай көшкіні 50 метрге дейін аққан, ені - 25 метр, биіктігі - 3,5 метр, көлемі - 4375 текше метр.

Бір жеке тұрғын үй қирап, бір үй балшықтың астында қалды. Тұрғын үйлердің тағы төртеуінің ауласына балшық кірді және Қонаев көшесін басып тастады. Қаза болған 5 жасар баладан басқа тұрғындар қауіпсіз жерде.