Көрнекі фото: egemen.kz
Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7-інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Қазір бір қауіпті тенденция бар, ауылындағы мектеп жабылғандықтан басқа елді-мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын: соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартта бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді", - дейді Н. Сәрсенғалиев.
Осыған орай депутаттың нақты ұсынысы: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 «Халықтың тығыздығына және елді-мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» бұйрығында көрсетілген 2.2., 2.3., 2.4. - тармақтарын «ерекше жағдайда деген тіркеспен толықтыру немесе шекара маңында орналасқан мектептер үшін аталмыш тармақтарда белгіленген нормативтердің шегін азайту.
"Әйтпесе шекаралық ауылдар мектепсіз қалады, салдарынан ел көшеді, жер иесіз болады. Ал «бос жатқан жер жау шақырады», бұл қазақтың сөзі", -деп сөзін қорытындылады депутат Нартай Сәрсенғадиев.