19 қаз, 2023 сағат 15:27

Боранбаев кен орнын, газ компаниясы мен зауытты мемлекетке қайтарды

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Назарбаевтың экс-құдасы Боранбаев енді кен орнын, газ компаниясы мен зауытты мемлекетке қайтарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

«ҚМА Қайрат Боранбаевтың тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында оның мүлкін мемлекет кірісіне қайтару шараларын қабылдап жатыр.

«Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті, оның өндірістік параметрлері - құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. 

Сонымен қатар құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпорын жұмысшыларының саны 740 адамды құрайды» - делінген хабарламада.

Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен, оның ішінде шетелден алынған активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.