Қазіргі заманғы Қазақстан әлемдік өркениеттің бір бөлшегі болып, дамудың өзіндік моделімен ерекшеленіп тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына батыл қадам басуда.
«Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз». Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шындыққа айналып халқымыздың төл мәдениетінің төріне шыға бастауының куәгері болып отырмыз. Бірақ біз осылайша бұндай қиындықтарға қарамастан, Қазақстан жолының жаңа кезеңдік моделіндегі – экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа міндеттерін алдыға қоюымыз маңызды. Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу – өмірлік маңызды нәрсе. Бүгінгі әлемде бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың түбегейлі мәселесі. Бұл таяу онжылдықтардағы Қазақстан дамуының басты бағыты.
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2012 жыл 27 қаңтардағы Жолдауындағы жетінші тармағында «Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі» мәселесі көп мәселенің ішіндегі ең маңыздыларының бірі болып табылатыны сөссіз. Бұл, ең алдымен, қазіргі бәсекелестік заманда білім беру мен денсаулық сақтауға жоғары көңіл бөлу. Яғни, жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісіне үйрету, оқыту үдерісінде - патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, заңға мойынұсынушылық пен тәрбиелік құрамдасын күшейту. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс.
Адам капиталын дамыту әр мемлекет үшін ерекше маңыздымәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі нарықтық эконмикалық даму мен бәсекелестік заманда адамды жан жақты бәсекеге қабілетті, денсаулығы мықты, жаһандық өзгерістер талабына бейімделген және бірнеше тілді білетін ұрпақты дайындау, яғни адам капиталына күш салу бігінгі ұлттық мемлекеттер үшін өте маңызды.
Жалғастырсақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді көтерді. 2017 ылдағы қаңтардағы халыққа жолдауында Елбасы: «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек», – деп атап көрсетті.
Бәсекелестік пен мәдени өзгерістер заманында әр халық өзінің ұлттық идентификациясын ұмытпау, жоғалтпау өте маңызды. Осы бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өте маңызды болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет біз тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін және еліміздің мәдени ландшафтын сапалы жүйелендіруге кірістік. Осы жұмысты тиімді жүзеге асыру мақсатында ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» арнайы орталығы құрылды. Осы орталық жанында өз келісімдерімен 40-тан аса ғалымдар мен бірқатар белгілі қоғам қайраткерлері тартылған ғылыми-сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Солардың жалпыұлттық және жергілікті киелі орындарды таңдау бағытындағы тыңғылықты еңбектері арқасында республика деңгейіндегі 100 киелі нысан және өңірлік деңгейдегі 500-і айқындалып, таңдап алынды.
Біз қазір тың жаңалықтар, инновациялық және озық ғылыми-техникалық шешімдер дәуіріне қадам бастық. Бұл экономикалық өсім мен өмір салтымыз болмысын түбегейлі өзгертіп отыр. Осыған орай Президентіміз Н.Ә.Назарбаев екі жаңғыруды жария еткен болатын. Біріншісі, негізгі қозғаушы күшінің бірі бүгінде туризм болып табылатын, ұлттық экономикамызды диверсификациялауға бағытталған жаңғырту да, ал екіншісі, қазақстандық сәйкестікті бекітуге және қазіргі заманғы әлемдік талаптарға бейімделуге бағытталған – қоғамдық сананы жаңғырту.
Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәдениеттің тарихи миссиясы қазақ халқының мемлекеттілігін қайта дамытуының негізін жетілдіруге бағытталса, қазір оның міндеттері Қазақстанның орнын қазіргі заманғы әлемдік мәдениет процестерінің жүйесінде айқындау болып табылады.
Әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына кіру жөніндегі еліміздің стратегиясы қазіргі Қазақстанның мәдениетіндегі бастамалардың көкжиегін анықтайды. Республикамызда азаматтарға өздерінің экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, саяси және мәдени мүдделерін бүкіләлемдік өркениетте жүзеге асыруға мүмкіндік беретін демократиялық қоғам құрылуда. Біздің мемлекетіміздің егеменді және тәуелсіз даму процесін бекіту мен жетілдіру ісіне Қазақстанның мәдениет және өнер жанры саласындағылармен қоса барлығы өзінің қолдан келген үлесін қосуда.
Жаңа технологиялық құрылысқа ауысу, білім, ақпарат экономикасының дамуы кезеңінде адами капитал елдің экономикалық өсуінің маңызды факторы болып саналады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, адами капиталдың 1 пайызға артуы еңбек өнімділігінің 3,81 пайызға өсуіне әкеледі. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламаларда оның болуы ерекше маңызды.
World Economic Forum (Дүниежүзілік экономикалық форум) қорының "Адам капиталының дамуы 2015" деп аталатын есебі бойынша, Қазақстан әлемның 127 елі арасында адам капиталының даму көрсеткіші бойынша 37 орынды иеленген. Рейтинг халықтың түрлі жас деңгейіндегі топтарындағы адам капиталының мүмкіндіктері, оның ішінде білім алуға қол жету мен білімнің сапасы, біліктілікті көтеру мүмкіндіктері, жұмыспен қамтылуы, экономикаға араласуы сияқты барлығы 46 көрсеткіш бойынша түзілген. Қазақстанның түрлі жас арасындағы бұл критерийлер бойынша көрсеткіштері әртүрлі. Мысалы, Қазақстан 55-64 жас аралығындағы тұрғындарының адам капиталы көрсеткішінен әлемде 12 орында тұрғанымен, басқа жас аралығындағылардың адам капиталы көрсеткіші бойынша 33 пен 43 орын аралығындағы орындарда тұр. Рейтингте алғашқы орынды Финляндия алған. Одан кейінгі орындарда Норвегия, Швейцария, Канада мен Жапония тұр. Пост советтік елдер арасында Эстония 16-орында, Литва 18-орында, Латвия 23-орында, Ресей 26-орында, Украина 31-орында тұр.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап адам капиталын дамыту, оның ішінде халықты сапалы біліммен қамтамасыз ету Елбасы саясаты басымдықтарының біріне айналды. Мемлекет басшысы дұрыс экономика құру үшін алдымен адам капиталының сапасын арттыру оған инвеститция құю қажет екенін бұған дейін де айтып келген.
Статистикалық мәлiметтерге қарағанда, жоғары оқу орнын бiтiргендердiң жиған бiлiмiнiң бiр жылдан кейiн 15%-ы, бес жылдан кейiн 50-70%-ы көнерiп кететiн көрiнедi. Сондықтан, 8-10 жыл сайын бiлiмдi жаңартып, жетiлдiрiп отыру қажет.Соңғы он жылдықтарда әлемдік экономика негізінен адам ресурсы есебінен дамуда. Әлемдік банк жүргізген зерттеулерде өтпелі экономикалық елдердің өсуінің тек 16% ғана құрал-сайман, ғимараттарға және өндіріс инфрақұрылымына, 20%-табиғи капиталға, қалған 64% әлеуметтік және адам капиталына байланысты екендігін анықтап көрсеткен.
Осылайша қарасақ сапалы адам капиталын орынды пайдалану мен дамыту өте маңызды. Бұл тұрғыдан, мемлкетіміздің саясаты өте дұрыс. Атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасы, білім жетістіру, шетелден біліктілікті арттыру, семинар, курстар өткізу қатарлылардың пайдасы молынан. Бұл қадамдар адам капиталын сапаландыру үшін істелген инвестициялық саясат.
Қай мемлекеттің де негізгі тірегі-асқақтаған күмбездер де, ғимараттар да, экономикалық жағдай да емес, негізі білімді де білікті, іскер де, белсенді адамдар.
«Келешектің иесі-жастар», «Жастар өзінің ата-анасынан гөрі заманына көбірек ұқсас келеді»- деп Кеңес заманының белгілі жазушысы Н.Дубов айтпақшы, қоғам талабына сай, сол қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техниканың деңгейі де, оны басқару жүйесі де өзгеріп отыратыны белгілі. Осыған орай маман қызметінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктерді қажет етеді. Ондай мүмкіншілік тек білім арқылы келеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіру міндеті оны ғылымды көп қажет ететін технологиялық білімі, басқару дағдылары бар, нарықтық экономикада бағдарлана алатын жоғары білікті мамандар іс жүзінде жүзеге асыратын болса ғана, шешілетіні сөссіз. Бұл жолда бірақ, қазіргі замандық жаһандану үдерісінде мәдениетіміз бен ұлттық рухымзды ұмытпаған абзал, ал бұл кезекте әлеуметтік - гуманитарлық ғылымдардың маңызы ерекше.
Білімді, сауатты адамдар-бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Бұл туралы Абай атамыз: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер» деп өсиет қалдырған болатын.
М. Т. Абдикакимов,
Ph.D, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры.