26 жылдан бері қазақстандық студенттердің шетелде білім алып, тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беріп келе жатқан "Болашақ" халықаралық бағдарламасы 27 шілдеде магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдамаға бару бағдарламалары бойынша стипендиясын тағайындау конкурсын бастады. Конкурсқа құжат онлайн режимде қабылданады, қатысушы egov.kz "электрондық үкімет" мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, құжат 2020 жылдың 27 шілдесінен бастап 31 қазанға дейін қабылданады. Бұл туралы «Ұлт» порталы хабарлайды.
"Халықаралық бағдарламалар орталығының" мәліметіне сәйкес, 2020 жылы "Болашақ" бағдарламасына үміткерлерді іріктеуге өзгеріс енгізілді, яғни, конкурсқа қабылдау форматы модернизацияланды. Соған сәйкес, білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Ол ең алдымен бағдарлама стипендиясын тағайындауды ашық түрде жүргізуге, шәкіртақыға үміті бар барлық қатысушыға тең мүмкіндік беруге, іріктеудің объективтілігін нығайтуға және бюрократиялық тосқауылдар мен өзге де ілеспе мәселелерді шешуге бағытталған.
Орталық мәліметіне сәйкес, стипендия берілетін басым мамандықтар тізімі жасалады. Оны құрастыру кезінде нарықтағы мамандықтар ескеріледі. Сондай-ақ, халықаралық стипендияға үміткерге арналған квота санаты қысқарады. Енді қатысушыларды ауылдық және қалалық жер азаматы деп бөліп-жармай, барлық үміткердің мүмкіндігі тең болады. Енгізілген өзгеріске сәйкес, үміткер шетелдің жоғары оқу орнына өзі түсуі қажет. Тілдік курстарға қатысу да қысқарады, тек ауылдық жерден шыққан үміткер бойынша тілдік дайындық курсына қатыса алады. Ең маңыздысы, енді үміткердің шетел тілін білу деңгейі кем дегенде IELTS 6.5 болуы тиіс, қазақ тілін B1 деңгейінде меңгергенін растайды.
2020 жылы "Болашақ" бағдарламасы арқылы академиялық оқу бойынша 85 мамандық және тағылымдамадан өту бойынша 95 басымдыққа ие мамандық ұсынылды. Академиялық оқу мен тағылымдамадан өтуге сәулет және құрылыс, инженерлік-техникалық, ақпараттық-коммуникациялық, ауыл шаруашылығы және ветеринария, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық мамандықтар және білім беру, әлеуметтік ғылымдар, бизнес және құқық, медицина ғылымдары, өнер және шығармашылық саласындағы мамандықтар бойынша баруға болады.
Бағдарлама арқылы магистратураға тапсырушы үміткер ағылшын тілінде білім алуды көздесе және ағылшын тілі ресми болып табылмайтын елде білім алуды таңдаған жағдайда, ағылшын тілінде таңдап алған мамандығы бойынша кемінде үш оқу бағдарламасы болуы қажет. Ал ұсынылған бағдарламаның біріне мамандық атауы сәйкес келмесе, өз бетінше түскен үміткердің құжаттарын жұмыс органы жеке қарайтын болады. Алайда бағдарлама стипендиясының шекті балы әлі жарияланған жоқ.
Тағы бір өзгеріс – халықаралық стипендия тағайындауға қатысатын барлық үміткер үшін конкурстық іріктеу кезеңдерінің саны қысқарды. Бұған дейін үміткер алты кезеңнен өтетін болса, енді оның орнына үш кезең болады.
Аталған өзгерістердің енгізілуінің басты мақсаты – халықаралық бағдарламаның стипендиясы жүзден жүйрік шығатын үздік үміткерлерге беріледі. Сонымен қатар тек қана үміткерлерге ғана емес, тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмысына және оның құрамындағы азаматтарға қойылатын талап та күшейді. Бұрын комиссия құрамында үш адам шешім шығарса, енді бұл қатар тағы екі азаматпен толықты. Онлайн форматта үміткерлерді іріктеудің тұтас процесі және комиссия отырыстарының қалай өткені көрсетілетін болады.
"Халықаралық бағдарламалар орталығының" президенті Айнұр Кәрібозова өзгерістерді енгізе отырып, осы уақытқа дейін болған барлық ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға тырысқанын жеткізді. Сондай-ақ, бұл өзгерістер "Болашақ" стипендиясын тағайындауда ашықтық форматын арттыруға бағытталып отыр. Еліміздегі тек үздіктердің үздігі ғана халықаралық президент стипендиясы бойынша білім алса екен дейміз, деді Кәрібозова.
Айта кетейік, "Болашақ" бағдарламасы 1993 жылы 5 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен құрылды. Сол уақыттан бері 26 жыл ішінде 10 738 маман шетелде білім алып, даярланды. Бағдарлама түлектері мен стипендиаттары арасында ақпараттық технология мен жүйелеу, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтары көбірек сұранысқа ие. Бұл қатарға коммуникациялық менеджмент, журналистика, қоғаммен байланыс және жарнама мамандықтары кіреді. Педагогика, мұнай-газ, сәулет және құрылыс, құқық саласы да сұранысқа ие мамандықтар қатарында бар.
Сонымен қатар 2020 жылы бағдарлама шеңберінде білім алуға болатын 138 жоғары оқу орнының тізімі шықты, ал бұл тізімде медициналық мамандықтар немесе өнер саласындағы мамандықтар бойынша дайындық жүргізілетін шетел мамандандырылған оқу орны болмаған жағдайда, жұмыс органы үміткердің құжаттарын бөлек қарайды.