Бүгінде әлеуметтік желіні белсенді қолданушыларға өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беру ұсынылып отыр. Яғни, олар жаңа мүмкіндік пен құқыққа ие болады деген сөз. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Екі апта бұрын «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасына қатысты Тұжырымдаманы орналастырғанымызды білесіздер.
Бұл осы саланы дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша өзара пікір, идея алмасу үшін жасалған қадам болатын.
Әрине, жан-жақты диалог аталған заң жобасы нақты механизмдерімен назарларыңызға ұсынылған кезде басталады. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, осы алғашқы кезеңнің өзінде қоғам мен медиа қауымдастықты алаңдататын негізгі мәселелер белгілі болуда», - деп атап өтті Д.Абаев.
Мәселен, оның айтуынша, блогерлер мәртебесіне өзгерту енгізу ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сондықтан, министр дәл осы мәселенің мән-жайына тоқтала кетуді жөн санаған екен.
«Бұл жерде көзделгені отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес. Өз басым, мұндай әрекет қоғам үшін тиімсіз деп санаймын.
Біз тұжырымдамада әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беруді ұсынып отырмыз. Яғни, бұл дегеніміз оларға жаңа мүмкіндік пен құқық беріледі деген сөз.
Әрине, тұжырымдамаға қатысты қоғамдық пікірталастың жандануы уәкілетті орган ретінде бізді тек қуантады. Министрлік сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескеретін болады», - деп толықтырды Дәурен Абаев.
Оның пайымынша, бүгінгі күнге дейін «АНҚА» порталына нақты ұсыныстар мен идеялардың түспеуі медиа қауымдастық өз болашағына бей-жай қарайды деген сөз емес.
«Баршамызға ортақ мәселеге қатысты ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді күтеміз (https://legalacts.egov.kz/application/npa/219354/1).», - деп түйіндеді ол.