13 қар, 2020 сағат 08:25

БҚО-ның 2 аймағына «Әскери даңқ ауданы» мәртебесі беріле ме?

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысының 2 ауданына «Әскери даңқ ауданы» мәртебесін беру туралы Мәжіліс депутаттарының ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетсек, 7 қазанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында Шавхат Өтемісов Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының Сталинград шайқасындағы жеңіске қосқан үлесі зор екенін атап өтіп, аталған аймақтарға «Әскери даңқ ауданы» мәртебесін беруді ұсынған еді.

«Қазіргі уақытта Батыс Қазақстанның екі ауданына ерекше мәртебе беру мәселесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен регламенттелмеген. Осыған орай оны қосымша пысықтау және шешім шығару үшін құқықтық негіз әзірлеу қажет. Сол себепті жауапты мемлекеттік органдарға Батыс Қазақстан облысы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының Сталинград шайқасындағы жеңіске қосқан үлесін зерделеу жөніндегі арнаулы комиссияны құру бойынша бірлескен жұмысты ұйымдастыру, БҚО-ның жоғарыда аталған аудандарына «Әскери даңқ ауданы« мәртебесін беру процесін заңнамалық тәртіппен реттеу мәселесін пысықтау тапсырмасын бердім. Орталық мемлекеттік органдар жүргізген жұмыстың қорытындысы сізге қосымша хабарланады», - деді Ералы Тоғжанов.