21 сәу, 2022 сағат 21:34

БҚО-дан Ресей қалаларына автобустар қайтадан қатынай бастады


Батыс Қазақстан облысында Ресей қалаларына автобустар қайтадан қатынай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тимур Шиниязовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірде жеті халықаралық автобус бағыты (Орал-Самара, Орал-Орынбор, Орал-Тольятти, Орал-Саратов, Орал-Бузулук, Орал-Қазан, Ақсай-Орынбор) бар.

Оның сөзіне қарағанда, автобус қатынастары карантинге байланысты тоқтатылған болатын. 14 сәуірден бастап автобус Орал-Самара бағытында жүре бастады. Бүгін автобустар Тольятти және Саратов бағытында жолға шықты. 

Сондай-ақ Атырау мен Ақтөбеге де автобустар қатынайды. Алайда касса 1 сәуірден бастап ашылғанымен, Ақтөбеге билет сатып алушы жолаушылар болмай отыр. 

Шиниязовтың айтуынша, облысішілік 21 бағытта 12 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. 12 ауданның 11-і автобуспен қамтылған. Күні бүгін Орал-Жымпиты бағытында ғана тасымалдаушы жоқ, ол алдағы конкурста анықталады. 

2021 жылғы конкурстардың қорытындысы бойынша жаңадан 9 ауданаралық автобус бағыты ашылды.

«Соңғы жылдары облыстық бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі артып келеді. 2021 жылы республикалық бюджеттен берілген 176,1 млн теңге субвенцияның 175,4 млн теңгесі игерілді. 140 572 жолаушы тасымалданды. Биылға 365 млн теңге қаралды. Күні бүгін 7 тасымалдаушы 11 бағыт бойынша субсидия алып отыр», деді Шиниязов.

Сол секілді Орал қаласының бюджетінен тасымалдаушыларды субсидиялауға жыл басында 414 млн теңге бөлінді, биылғы сәуірде шығындарды жабу үшін қосымша 800 млн теңге қарастыру жоспарлануда.