29 қаң, 2021 сағат 15:48

БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 44 пайызға өсті

Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру деңгейі 44,2 пайызға өсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, алдыңғы аптада (15-21 қаңтар) өңірде 353 адам коронавирус жұқтырған болатын.

Соңғы аптада (22-28 қаңтар) бұл көрсеткіш 633-ке жетті. Кеше 104 адамның ауырғаны анықталды.

Жыл басынан бері облыста 1561 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.

Әсіресе, ауырғандар саны Оралда (717), Бәйтерек (324) және Бөрлі (209) аудандарында көбейе түсуде.

Сырқаттанғандармен байланыста болған 2040 адам зерттеліп, медициналық бақылауға алынды.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, ауырғандардың 707-сі немесе 45 пайызы – жұмыс істейтін адамдар, 290-ы немесе 18 пайызы – зейнеткерлер.

«Сондай-ақ 114 оқушы, 72 мұғалім, 51 медицина қызметкері індетке шалдықты. Коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің көпшілігі олардың кәсіби қызметіне байланысты емес. Облыста 11 қаңтарда басталған үшінші тоқсаннан бері 91 оқушыдан індет табылды. Қалалық, аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес облыс бойынша барлығы 34 сынып карантинге жабылды», деді М.Арыспаев.

Оның айтуынша, Ресейден келгендер арасынан коронавирустың табылуы жалғасуда. Айталық, қаңтар айында мемлекеттік шекарадан 20718 адам өтсе, соның 4819-ы – жолаушылар. Анықтамасы жоқ 597 жолаушының үшеуінен ковид анықталды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 10474 жүргізушінің 4247-сінде анықтама жоқ болып шықты. Бұлардың бесеуі індет жұқтырған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жексенбі күндері қоғамдық көліктің жүрмейтінін жазған болатынбыз.