26 жел, 2019 сағат 17:37

БҚО-да киік атқандардан мемлекет пайдасына 10,8 млн теңге өндірілді

Батыс Қазақстан облысында киік атқандардан мемлекет пайдасына 10,8 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, С.А. және Ж.А. деген азаматтар өткен жылдың 22 наурызында Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылдық округі «Әлем» қыстағының маңында «Escudo Bombardier» қаршанасымен қуып жүріп, 3 бас киікті атып өлтіріп, мүйіздерін кесіп алған.

Жәнібек аудандық сотының 2018 жылғы 20 маусымдағы үкімімен аталған тұрғындар ҚР ҚК 337-бабы (заңсыз аңшылық) және 339-бабына (жануарлардық пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандықтары шектеліп, олардан мемлекет пайдасына 10,8 млн теңге өндірілген.

Алайда сотталғандар осы уақытқа дейін соның тек 531 мың теңгесін ғана төлеген.

Прокурорлар атқарушы құжатты тексеріп, ақпараттық жүйелер арқылы борышкерлердің меншігінде жер телімі, үйі мен автокөлігінен басқа 175 ірі қарасы мен 55 бас жылқысы бар екендігін анықтады.

Жәнібек ауданы прокуратурасының ұсынымы нәтижесінде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32, 66-баптарының тәртібімен сот орындаушы мүліктің тізімдемесін жасап, олардың барлығына тыйым салды.

Анықталған мүлікті сауда-саттыққа шығару туралы хабарлама берілгеннен кейін борышкерлер қалған соманы толығымен өтеді.

Айта кетейік, биылғы 23 маусымда осы ауданда Ақоба ауылының А. деген тұрғыны «Адайбай» су бөгетіне велосипедпен барып, «ИЖ-54» мылтығымен су ішуге келген киіктің үш текесі мен бір аналығын атып алып, мемлекетке 14 млн теңге залал келтірген.

Бұл қылмыстық іс те аудандық сотта қаралып, ҚР ҚК 339-бабына сәйкес А. айыпты деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелді. Оған қоса 14 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді. Бұл сот актісі заңды күшіне енген жоқ.