21 там, 2023 сағат 10:39

БҚО-да 1,6 миллион қораптан астам заңсыз темекі өнімі тәркіленді


БҚО-да төрт тұрғын заңсыз темекі мен алкоголь өнімдерін сатпақ болған. Бұл деректі ҚМА облыстық департаменті тексеріп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Бір топ тұлғадан жалпы сомасы 967,5 миллион теңгеден асатын 1,6 миллион қораптан астам темекі өнімдерінің ірі партиясы, сондай-ақ заңсыз есепке алу-бақылау таңбалары бар алкоголь өнімдері тәркіленді.

Заңсыз темекі бұйымдарын тасымалдау Қырғыз Республикасынан жүзеге асырылып, Орал қаласында сақталып, сатылған", - делінген хабарламада.

Сот үш айыпталушыны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті, тағы бір айыпталушы 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Сот үкіміне сәйкес, тәркіленген барлық темекі мен алкоголь өнімі жойылуға жатады.