
Батыс Қазақстан облысының аудандарында коронавирусқа қарсы егу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, өңірге әкелінген 1 мың доза алдымен медицина қызметкерлеріне егілуде.
Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, 1 ақпаннан бастап Оралдағы алты қалалық емхана мен «Медициналық орталық» ЖШС-да бүгінге дейін 240 адам ресейлік «Гам-COVID-Вак» вакцинасымен (Sputnik V) егіліп үлгерді.
«Алғашқы күндерде байқалғанындай, вакцина оң нәтиже беруде. Егілген адамдардың өздерінің айтуынша, олар жайсыз өзгерісті сезбеген. Инъекция ауыртпалықсыз, аздап сыздаумен өтуде. Дәрігерлер вакцинацияның арқасында ғана жұқпалы індетке тосқауыл қойып, бұрынғы өмір салтымызға қайта оралуға болатынын жақсы түсінеді. Бұған дейін Оралдағы медицина қызметкерлері егіліп жатса, бүгін осындай екпе жұмыстары Бәйтерек және Теректі аудандарындағы ауруханаларда басталды. Алдағы уақытта осылайша жалғаса береді», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Қалибеков.
Қазіргі таңда облыста жеті жұқпалы аурулар ауруханасында 291, төрт карантиндік стационарда 26 адам емделуде. 20 науқас жансақтау бөлімінде жатса, солардың төртеуі – 40-60, 14-і – 60-80 жас аралығындағылар, екеуі – 80-нен асқандар.
Соның ішінде 16 науқас ковидке қосымша жүрек-қан тамырлары аурулары, біреуі қант диабеті, тағы біреуі ревматоидты артритке шалдыққан.
Күні бүгін инвазивті өкпені жасанды желдету аппаратына 1, инвазивті емес аппаратқа 11, оттегі концентраторына 11, орталықтандырылған оттегі көзіне 56 адам қосылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 240 адамның коронавирусқа қарсы егілгенін, 31 мектепте 42 сыныптың карантинге жабылғанын жазған болатынбыз.
