Зорлық-зомбылыққа қарсы «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі жәбірленушілердің құқығын қорғау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Не молчи» ұйымы 2016 жылдан бері волонтерлік бастамада тұрмыстық-сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеп келеді. Ұйымды ешкім қаржыландырмайды, 4 адам ғана жұмыс істейді. Кеңсе де жоқ, көлік те жоқ, айлық та жоқ. Бірақ осы 4 жылдың ішінде еш қаражатсыз, жалаң энтузиазммен көптеген қазақстандықтардың ой-санасын өзгерттік, тіпті заңды өзгертуге ықпал ете алдық», - деді Дина Таңсәрі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткізген онлайн жиналыста.
Оның айтуынша, 4 жылдағы кешенді және жүйелі жұмыс арқылы жүздеген қазақстандық әйелдің құқығы қорғалған. Сот процесінде өкіл болу арқылы 52 зорлықшы қылмыстық жауапқа тартылған.
«Бұдан былай зорлық құрбандары үнсіз қалмайды, осылайша қоғам зорлықтың шектен шыққан, садистік формасын көрді. Балалы әйелдер өздерінің агрессор серіктестерінің тұтқынына айналды. Зорлық-зомбылық құрбандарының мәлімдемесі арқылы және қоғамның заңды өзгерту туралы талабынан соң Үкімет пен депутаттар зорлықшының жазадан сытылып кететінін, тараптардың оңай ымыраға келетінін байқады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң әзірлеуді тапсырды. 2020 жылдың басында зорлау қылмысы ауыр санатқа ауыстырылды және жаза мерзімі ұзартылды. Қазір де Парламентте еліміз үшін маңызды заң – Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңы қаралып жатыр», - деді Д. Таңсәрі.
Сонымен бірге, спикер «Не молчи» сенім телефонына күн сайын 10-40 қоңырау келіп түсетінін айтты.
«2020 жылдың 25 мамырынан бері менің жеке телефоныма - 112 қоңырау, «Не молчи» сенім телефонына – 204 қоңырау түсті. WhatsApp желісіне жәбірленушілерден 164 хабарлама келді. Бұл – бір айдың ғана көрсеткіші. Оның ішінде 52 іс бойынша процесті жалғастырып, әйелдерге түрлі консультация беріп жатырмыз. Күннен-күнге шағымданушылар көбейіп жатыр, оның бәріне қалай үлгереміз деп те ойлаймын. Неге олар полицияға бармай, қоғамдық қорларды іздейді? Жақында ғана Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев зардап шеккен 10 әйелдің екеуі ғана полицияға арызданатынын айтты. Мен айтайын, қалған 8 әйел бізге – қоғам белсенділеріне барады. Демек, біздің заңымызды жетілдіру керек. Біздің полиция зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауда шарасыз», - деді Дина Таңсәрі.