30 нау, 2018 сағат 12:04

Біз бұрынғы жүйеден арылып, бүгінгінің озық үлгісіне басымдық бердік

Ел жастарын ортақ мүддеге ұйыстырған «Жас Отан» Жастар қанатының IV Съезі де өз мәресіне жетті. Бұл жолы біз бұрынғы жүйеден арылып, бүгінгінің озық үлгісіне басымдық бердік. Заманауи трендтер мен технологияларды кеңінен қолданып, креативті, жаңа форматта өткізуді ұйғардық. Сол арқылы Съезді ұтқыр ойлар мен ұтымды пікірлердің алаңына айналдыруды көздедік. Көпшіліктің пікірі мен берген бағасын ескерсек, бұл ойымыз жүзеге асқан сияқты.

Биылғы Съезде жастарға мейлінше еркіндік берілді. Есесіне олар қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз көзқарастарын ашық білдіріп, оларды тиімді шешудің жолдарын ұсынды. Көптеген тың идеялар мен игі бастамалар айтылды. Шыны керек, жастардың мұншалықты белсенділігі мені ерекше қуанышқа бөледі.

Мен шын мәнінде Отанымызды одан әрі көркейту үшін аянбай еңбек етуге дайын жаңа, жас, заман талаптарына бейімделген буынның өсіп келе жатқанын көрдім.

Солардың арасындағы тағдырдың қатал сынына тап болса да еш мойымай, өмірге деген құштарлығымен өзгелерге дем беріп жүрген паралимпиада ойындарының жүлдегері Серік Есматов, небары 17 жасында IT технология саласында биік белестерді бағындырған, бірнеше инновациялық жобаның авторы Иван Крепак, жас та болса ата кәсіпті қолға алып, мал шаруашылығында тасын өрге домалатып отырған кәсіпкер Баймырза Адамбек сияқты белсенді жастарымыз кемел келешектің кепілі. Ел ертеңіне бейжай қарамайтын осындай жалынды жастардың жасотандық екені де көңілге қуаныш ұялатады.

Біз бұл Съезд арқылы еліміздегі жастар саясатына тың серпін беріп, жаңғырудың жаңа деңгейін айқындадық деп есептеймін. Ендігі кезекте осы бағыттағы жұмысымызды жандандырып, білім, ғылым, инновация арқылы жаңа әлемге ұмтылған жастарымызға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы тарапынан Съезд барысында ұсынылған әрбір жоба назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтқым келеді.

Мәулен Әшімбаевтің фейсбуктегі жазбасынан