«Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештене жақсылық әкеп бермейді» деген еді Әлихан атамыз. Ал, біз болсақ анау бізге жылы сөз айтты екен деп, күле қарады екен деп мәз боламыз. Соны жарыса жазып, атойлаймыз. Көп дүниені жеңіл-желпі қабылдауға үйреніп алғанбыз. Сол себептен де қазаққа қазақтың жаны ашымайтындай жағдайға келе жатырмыз. Неліктен осылай болып жатқаны зиялы қауымға жұмбақ дүние емес қой.
Айналамызға бір сәтке болсын, саналы оймен және шынайы көзбен қарауды ұмытпау керекпіз. Расымен де, болашақтың қамын жеп, ел тағдырына шынайы алаңдайтын күн туды. Қай елден алда болсақ та, қай бәйгеден бас жүлде алып, өзгені таңдандырып жатсақ та ешқайсысы біздің ертеңгі таңымызға шынайы кепілдік бере алмайды. Болашақтың ұлы керуені намысы от шарпыған жігерлі елдің асқақ рухымен жалғасын табады. Қазіргі қоғам өз бойындағы осындай құндылықтарды жоғалтып алды. Еліктеушіліктің арқасында, жат мәдениеттің жетегіне еріп кеткен халқымыздың санасын улап жатқан жат дүниелердің болашағымыз үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіне алмай келеміз. Күн сайын жаңа бір жаға ұстар жағдайлар орын алып жатыр. Бірақ, бұлармен күресудің орнына, керісінше, бір-біріміздің бойымыздан кемшілік іздеп, өз-өзімізді тереңге тартып барамыз. Көгілдір жәшіктің ажырамас бөлігі болып кеткен азаматтарымыздың да қатары артып келеді. Сол жәшіктен күні бойы көретініміз шетелдің түрлі сериалдары. Осыдан алып жатқан үлгі-өнегеміздің өзі көп дүниенің қасиетін жоғалтып жатыр. Осылай тізе берсең түрлі жағдайлардың барлығы да бізді үлкен бір адасушылыққа алып бара жатқанын байқаймыз.
Ақиқатына келсек, алып жатқан бас бәйгелеріміз, өткізіп жатқан дүбірлі додаларымыздың барлығы дерлік қазіргі және өткен тарихтың еншісінде қалатын дүние екенін ұмытпағанымыз абзал. Ал ел бойындағы өр мінез бен мұқалмас жігер – болашақтың дара жолын салып мен іргесін қалар басты қаруымыз. Әлемді таңдандырғымыз келсе, қазақтың қазақылығына жат дүниелерге барып немесе өзге жұрттың таңсығына еліктеместен, іргесі берік бірлігімізбен, асқақ армандарымыз бен жалынды да жігерлі рухымызбен мойындата аламыз. Оған дәлел ретінде, Сарыарқаның бойына тұнған сазды әуенді әлем жұртшылығына жеткізіп, тамсандырып жүрген - Димаш Құдайбергенов. Қазақтың атын паш етіп, талай азаматтарды селт еткізген сері жігіттің бар болмысы халқының шын ризашылығының арқасында биікке көтерілуінде.
Өмір бәйгесінде қазақ атты алпауыт елдің асқақ айбынын танытуға бар күшімізді жұмсасақ, ұлттық тәрбиенің шын құнын бағалай алатын боламыз. Міржақып Дулатов: « ...бүгінгі қазақ елі екі жолдың тарауында тұр. Біреуі –құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы». Иә, біз жұрттық жолдың көшіне бет алып, керуенімізді ұлы мұратқа жалғадық. Дегенмен дәл қазіргі сәтте көп іс-әрекетіміз тек сөз жүзінде ғана шынайы болып бара жатыр және сөз жүзінде ғана қиялдағыдай өмір сүріп жатқандаймыз. Жұрттық жолдың қандай болатынын әлі де болсын түсінбегендейміз. Ол дегеніміз – ана тіліңді шетке ысырып, өзге тілде сөйлегенді мақтан көру емес, өз дәстүріміздің қадірін түсінбей жатып, жат елдің мәдениетіне қызығу емес. Жас сәбиді көзін ашқан сәттен-ақ бесік жырының әдемі әуенімен өсіру, әженің ертегісімен тәрбиелеу. Осылай қатарын тізе берсең өзіміздің қолымыздан жасалып жатқан талай қателіктердің барлығы да құлдық жолға қарай сүйреп бара жатқанын байқаймыз.
Бос қиялға және құр арманға шынымен де, беріліп кетпесек болғаны. Түбі не болар анық емес...
Осы уақытқа дейін ата-бабамыз қадірін жете түсініп, бізге аманат еткен рухани байлықтарымыз қазақ еліне Тәуелсіздікті тарту етті. Тіліміздің наркескендей өткірлігінің арқасында, рухымызды оята алдық. Дәстүріміздің асқақтығының арқасында Алты Алаштың ортақ арманын тоғыстыра алдық. Қандай жағдай болмасын ұлы көшіміздің ұлы мұраттарының ұшқынын өшіріп алмау керекпіз. Ата-бабамыздың алдында мәңгі борыштармыз және ауыр аманатты арқалап жүрміз. Аманатқа қиянат жасауға әсте болмайды.
Күнделікті жаңалықтардан адам сенгісіз жағдайларға күә болудамыз. Тіпті, сол жағдайларға етіміз үйреніп кеткендей аса таңданыс білдірмей-ақ қабылдайтын болдық. Тамшы тама-тама теңіз болады. Ал, енді қоғамдағы сол жағдайлардың көбі дерлік ұсақ және елеусіз жағдай көрінгенімен түптің түбінде үлкен бір рухани құлдырауға алып бармасына кім кепіл?
Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, қазақтың қамын қазақ жемесе өзгеден күткен жақсылығымыз өзімізге қайта айналып келіп үлкен соққы болып тиер. «Жат жұрттық ешқашан да жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады, түбі тыныш болғай» деген сөзді Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» романынан оқыған ем. Қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайлардың басым көпшілігі ел болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан да әрбір қадамымыз бен іс-әрекетімізге үлкен жауапкершілік танытайық.
Тілеген Көгершін
Сулеймен Демирель Унверситеті