Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасатын болды. Алғаш рет электрондық форматта өтетін тестілеуге тіркеу онлайн режимде жүргізіліп, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
2021 жылғы ҰБТ-ның негізгі ерекшелігі үміткерлер компьютер арқылы тапсыратындығында. Яғни бұрынғыдай талапкерлерге ҰБТ кітапшасының қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілмейді.
Белгілі болғанындай, мемлекеттік грантқа үмітті талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестті екі рет тапсыра алады. Ал қалай тапсырылады, бұл туралы Білім министрлігі былай деп түсіндірді.
«ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан.
Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар, тестілеудің артықшылығы ҰБТ-дан кейін нәтижені бірден білуге және ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.
Осылайша электрондық форматта ұйымдастырылатын ҰБТ «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша өтеді.
«Бұл формат ерекше болғалы тұр. Себебі пандемияның әсерінен былтыр мен биыл түлектер үшін ауыр жыл болып жатқаны рас. Дәл біз бітіретін кезде жаңа форматқа ауысуының өзі оңай емес. Биыл аудиториядан бөлек, әр тест тапсырушының үстелінің үстінде тағы бір камера қойылады дейді. Яғни жылдағыдан да қатаң болады деген сөз. Түлектерге сәттілік тілеймін», - деді биылғы түлек Шерхан Әлиханұлы.
Сонымен қатар, биылғы ҰБТ кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады.
Пандемия елімізді ғана емес, бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салғаны рас. Кез келген жағдайда карантин талаптарының сақталуы қатаң қадағаланады. Яғни ҰБТ басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтеді. Тестілеуге кіргізу кезінде қатысушылардың аяқ киімдері мен қолдары арнайы құралдарымен өңделеді. Бет маскасының дұрыс тағылуын қадағалау мен температураны өлшеу арнайы Face ID планшетінің көмегімен жүзеге асырылады.
Биыл педагогикалық мамандықтарға да аса көңіл бөлініп жатыр, сонымен қатар бұл мамандықтардың шекті балы 75 баллға дейін ұлғайтылған. Естеріңізде болса, бұған дейін педагогикалық білім беру бағдарламаларына түсу үшін шекті балл 50 балл болған. Осы мамандыққа мықты түлектерді қабылдау мақсатында 2021 жылы ҰБТ-ның шекті балы 75 балға дейін көтерілді.
«Иә, педагогикалық мамандықтарға көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Осы мамандықта оқитын студенттердің стипендиясы мен мұғалімдердің жалақысы да көтерілді. Сонымен бірге биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің мәртебесін айқындап берді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Енді жолымызды қуып, ұстаз боламыз деген шәкірттеріміздің саны артқанына қуанамыз. Барлық адам ұстаз алдынан өтеді ғой, жақсы жаңалықтардың өз орнымен орындалуын күтеміз», - деді Алматы облысы әл-Фараби атындағы мектептің мұғалімі Рауан Шынтаева.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасатын болды. Алғаш рет электрондық форматта өтетін тестілеуге тіркеу онлайн режимде жүргізіліп, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. 2021 жылғы ҰБТ-ның негізгі ерекшелігі үміткерлер компьютер арқылы тапсыратындығында. Яғни бұрынғыдай талапкерлерге ҰБТ кітапшасының қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілмейді. Белгілі болғанындай, мемлекеттік грантқа үмітті талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестті екі рет тапсыра алады.