2020 жылы 11 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, оларға қандас мәртебесі берілді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
2020 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша, 10,9 мың адам Қазақстанға, түпкі отанына оралды.
Айта кетейік, 1991 жылдан бері елге бір миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралған.
Ресми деректерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі Қытайдан келді. Сонымен қатар 27,7%-і – Өзбекстаннан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және басқа да елдерден 2,9%-і келген.
Отанына оралған этникалық қазақтар Алматы және Маңғыстау облыстарына, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына қоныстанып жатыр. Келген қандастардың 10,3%-і – зейнет жасындағы азаматтар, ал басым бөлігі еңбекке қабілетті жандар.
Айта кетейік, қазір этникалық қазақтар 1991 жылға дейін шет мемлекетте тұрғанын растамайды.
Сонымен қатар Қазақстанда "оралман" термині алынып тасталды. Енді Қазақстан егемендік алған кезде республикадан тыс жерде тұрған этникалық қазақ "қандас"деп аталады.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жарияланған бұйрығына сәйкес, құжатқа сәйкес қандастар – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде республикадан тыс жерлерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар. Бұдан басқа, қандастар – Қазақстан егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туған және тұрақты тұрған этникалық қазақтардың балалары.
Оларға сондай-ақ тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстанға келген және тиісті мәртебе алған этникалық қазақтар жатады.
Айта кету керек, Қазақстанда тұратын қандастар мен олардың ұрпақтары жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алады.
Ол үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменті басшысының атына өтініш беру қажет.
Қандастар өтінішіне келесі құжаттарды тіркеу қажет:
- тұрақты тұруға рұқсат беруге және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауды тіркеуге өтініш-сауалнама;
- бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариат куәландырған өтініш;
-Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтау туралы міндеттеме, республиканың мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғау, әдет-ғұрыптарға, дәстүрлерге, мемлекеттік тілге және оның аумағында тұратын барлық ұлт өкілдерінің тілдеріне құрметпен қарау, Қазақстанның күш-қуатын, егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ету міндеттемесі;
- ұлттық паспорттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстырып тексеру үшін) не азаматтығы жоқ адамның құжаты;
- бірлесіп жүгінген кезде 16 жасқа толмаған баланың туу туралы куәлігінің немесе жеке басын куәландыратын басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстырып тексеру үшін) ;
- қазақ немесе орыс тілдеріндегі жеке өмірбаян;
- азаматтығы тиесілілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат (егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қытай азаматтары - этникалық қазақтарды қоспағанда);
- өтініш берушіге тұруға тұрғын үй беру және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке немесе заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім;
-шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға келуіне тыйым салатын аурулардың жоқтығы туралы шетелдікті медициналық куәландыру туралы анықтама;
- 14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар ата-аналарының өтінішіне нотариат куәландырған өзінің жазбаша келісімін қоса береді;
- өлшемі 35х45 миллиметр төрт фотосурет.
Бұл бұйрық 2021 жылды4 1 қаңтардан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.