12 нау, 2019 сағат 10:45

Биыл мұнай өндіру көлемі төмендейді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019–2023 жылдарға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет болжамын нақтылау мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Негізі макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамдары туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов және ұлттық экономика министрі Р. Дәленов баяндады.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылға арналған макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылаудың негізгі факторлары — 2018 жылға Жалпы ішкі өнім дерегінің жариялануы, тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторының өсу қарқынының өзгерісі.

«2018 жылы ЖІӨ көлемі 58,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база болып саналады. 2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру 1,4 млн тоннаға немесе 1,5%-ға төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің төменірек өсу қарқынын қалыптастырады. Алайда қызмет көрсету секторы бойынша неғұрлым жоғары өсім күтіліп отыр. Қызмет көрсету секторы өсімінің негізі – ішкі сұраныстың ұлғаюы», — деп мәлімдеді Р. Дәленов.

Сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, болжам аясында 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұрын мақұлданған деңгейде сақталды:

  • мұнай бағасы — бір барреліне $55;
  • теңге бағамы — бір АҚШ доллары үшін 370 теңге;
  • жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі — 4-6%.

Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде Президенттің жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыруды, сонымен қатар Қазақстан халқына арналған Жолдауды және «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларды орындауды қаржылық қамсыздандыру үшін 2019 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов нақтыланған республикалық бюджеттің жобасы әзірленгенін айтты.

«Алда тұрған басты мақсаттардың бірі – біріншіден, ол осы нақтыланған республикалық бюджеттің жобасын Парламентке енгізу және оның қабылдануын қамтамасыз ету. Екіншіден, нақтыланған бюджетте көзделген төлемдердің уақытында алушыларға жетуін қамтамасыз ету үшін, барлық бюджеттік процедураларды тез арада өткізу. Үшіншіден, бюджет кірістерінің толық орындалуын қадағалау және бюджет қаражатының атқарылуына онлайн-мониторингті жалғастыру», — деді Ә. Смайылов.

Нақтыланған бюджет жобасы қаражаттардың 3 бағыт бойынша бөлінуін қарастырады.

Біріншісі. Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде атаған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын (жалпы сомасы 444,3 млрд тг) іске асыру.

«Аталған қаражаттар аясында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейту көзделген, оның ішінде төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбек ақысын, мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды ұлғайту, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау параметрлерін өзгерту, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй салу және ҚТҚЖБ арқылы жеңілдікті несиелендіруді енгізу, сондай-ақ өңірлік инфрақұрылым мен "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасын дамыту», — деді Ә. Смайылов.

Екіншісі. «Жастар жылын» өткізу аясында іс-шараларды іске асыру — 24,6 млрд тг.

Үшіншісі. Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы жолдауларда айтылған тапсырмаларын орындау — 286 млрд тг.

Қаржы министрі аталған қаражаттар аясында Түркістан облысын және Астана қаласын дамытудың кешенді жоспарларын іске асыру, Астанада Ғылыми-онкологиялық орталық, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сондай-ақ, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты іс-шараларды іске асыру көзделгенін атап өтті.