16 қаз, 2020 сағат 10:50

Биыл елімізде түрлі әдіс-айла арқылы бюджеттен 360 млрд теңге жымқырылған

Қаржы мониторингі комитетінде «көлеңкелі» экономикамен күрес бойынша 2020 жылғы 9 айындағы жұмыс қорытындыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысының экономикалық тергеу қызметін қайта бағыттау жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жедел-алдын алу шараларының кешені ұйымдастырылды.

Прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, шот-фактураларды жалған жазып беру мен ақша қаражатын қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырумен күреске бағытталған «STOP-ОБНАЛ» жедел-алдын алу шарасы жүзеге асырылуда.

Талдау арқылы жалған шот-фактураларды жазып беру мен криминалдық қолма-қол ақшамен айналысатын 60-тан астам ықтимал қылмыстық топ анықталды. 

Олар 1 200-ден астам бақыланатын компания құрды, олардың қаржылық айналымы 2 триллион теңгеден асты. Соңғы бес жылда алғаш рет қолма-қол ақшаны алу деңгейі 39% азайғанын атап өткен жөн.

Жалпы, ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу фактілері бойынша 47 қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтауға бағытталған «Қазына» жедел-алдын алу шарасы өткілізуде.

Жылдың басынан бюджеттік және квазимемлекеттік қаражатты жымқыру белгілері бар 200-ден астам сызба анықталды. Олар бюджеттен 360 млрд теңгеден астам қаражатты аударған.