10 нау, 2022 сағат 19:25

Биыл астаналық ҰОС ардагерлеріне қандай көлемде сыйақы берілмек?


Биыл 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында елордалық екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге 1 млн-нан астам сыйақы төленбек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Илья Скуб мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Жеңіс күнін мерекелеуге байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы мәслихат шешімдерінің жобаларын қарау ұсынылады. Осы жылы елордада 18 соғыс ардагеріне 1 005 221 теңге көлемінде сыйақы төлеу жоспарланып отыр», - деді Илья Скуб елорда мәслихатының отырысында. 

Сөз алған қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Жанқонақов соғыс ардагерлеріне берілетін сыйақы көлемінің аздығын алға тартты. 

«Меніңше, ардагерлерге берілетін сыйақының көлемі аз. Елорда бойынша небәрі 18 ардагер қалған, соғысты көрген соңғы жандар. Ардагерлер 1 млн теңге ғана емес, одан көп сыйақыға лайықты», - дейді ол. 

Депуттатың бұл ойына қатысты қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Илья Скуб пікір білдірді. 

«Астаналық соғыс ардагерлеріне Жеңіс мейрамы қарсаңында қаржылық қолдау жыл сайын көрсетіліп келеді. Сыйақының көлемін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеп отыр. Министрліктің белгілеуі бойынша еліміздің барлық өңірінде қолдау бірдей деңгейде көрсетілуі тиіс», - деп жауап қатты басқарма басшысы.