06 мам, 2021 сағат 15:10

Біртановтың үйқамақ мерзімі ұзартылды


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үйқамақ мерзімі 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"ҚІЖК-нің 55, 56, 146, 151, 152-баптарын басшылыққа ала отырып, сот қаулы етті: күдікті Біртановқа қатысты үйқамақ мерзімін сегіз айға дейін ұзарту туралы өтініш ішінара қанағаттандырылсын. Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімі 2021 жылғы 14 мамырдан бастап 2021 жылғы 14 маусымға дейін (қоса есептегенде) сегіз айға ұзартылсын. Үйқамақ шарттарын өзгерту бөлігіндегі, медициналық ұйымдарға баруды қоспағанда, тұрғын үйден шығуға толық тыйым салудан бас тартылсын" - деді тергеу сотының судьясы Айбек Абу.

Бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотта сөз сөйлеп, тергеу органдары оған әлі айып тақпағанын мәлімдеген болатын.

Еске салайық, кеше сотта прокурор Төлеген Жарасбаев 2020 жылдың қазанынан бері қамауда отырған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қандай айып тағылғанын айтқан болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Айта кетейік, бұған дейін Елжан Біртановқа үйден 8:00-ден 19:00-ге дейін шығуға рұқсат етілгені белгілі болды. Оған қоса, экс-министр коммерциялық құрылымға жұмысқа орналасты.


2021 жылы 21 сәуірде сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 14 мамырға дейін созды.