31 нау, 2019 сағат 14:22

Бірліктің берік ордасы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған қазандағы Жолдауы ел тұрғындарының әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын жақсартумен бірге, дамудың жаңа кезеңін де айқындап берді.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде Жолдауда айтылған мәселелерді одан әрі нақтылап, көп балалы аналар мен тұрмысы ауыр, табыс деңгейі төмен отбасылардың әлеуметтік жағдайларын көтерудің мәселелерін мейлінше айқындап, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. 

Осындай күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешуде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясының ерекше роль атқарары сөзсіз.

Егер халықтар арасында Ассамблея ұстанып отырған өзара бірлік, достық қарым-қатынас, шынайы туыстық байланыстар болмаса онда алға қойған мақсаттардың да орындалуы неғайбыл. 

«Халықтар достығы біздің ең басты бірегей байлығымыз ғана емес, сонымен қатар сеніміміз де үмітіміз де» - деген болатын Елбасы.

Атырау мен Алтайдың арасын жайлаған, ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-байтақ жерімізді мекендеген жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың береке-бірлігін келтіріп, ырыс-ынтымағын молайтып, тату-тәтті өмір сүруіне Қазақстан Халқы Ассамблеясының өлшеусіз үлес қосып келе жатырғанының куәсі болып отырмыз. Бұл орайда аталған сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдік, іргетас. Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті» - деп атап көрсеткен. 

Біз қоғамдағы өркениетті істерді Ақ Жайық өңіріндегі облыстық Ассамблеяның жұмысынан да көріп жүрміз. 

Жыл сайын дәстүрлі өтіп тұратын ұлтымыздың Наурыз мейрамы, туысқан татар халқының «Сабантой» мерекесі, «Орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің славян мәдениеті күндері, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген шешен әйелдерінің күні өңірімізде халықтар достығының мызғымас бірлігі бар екенін айқын дәлелдей түсті. 

Кәрі Жайықты мекендеген әр алуан ұлт өкілдері қандай ма болмасын мәселелерді шешуде ұдайы ауызбірліктік танытып келеді. Айталық елді-мекен, жер-су атауларының тарихи есімдерін қайтару, көшелерге Алаш арыстары мен ұлт қайраткерлерінің аты-тегін беру мәселелері қашанда айқай-шусыз, ортақ мәмілемен шешіліп келеді. Мұның өзі облыстық Ассамблеяның жұмысының жемісі екендігіне күмән жоқ. 

Биылғы жылы Ассамблея жанынан құрылған «Ағайын» қоғамдық бірлестігінің де қасиетті өлкеде өркенді істердің өрістеуіне қосар үлесі мол болмақ – деген сенімдемін.

Әрине, қазіргі кезеңде барлық деңгейдегі Ассамблея ұйымдарының алдында тұрған зор міндет – ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, қоғамды одан әрі дамытуға үлес қосу. 

Ол үшін Мемлекет басшысы айтқандай, әділеттілік жүйені қалыпқа келтіруге атсалысу қажет. Өз сұхбатында әділеттілік мәселесіне әлденеше рет оралған Президенттің «Жалпы – әділеттілік қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық» - деп ой түйуі көңілімізге сенім ұялатты. 

Қоғамдағы тіл мәселесі, жастар тағдыры, ел ішіндегі саяси тұрақтылық – қашанғыдай Ассамблеяның төл міндеті болып қала бермек. 

Қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов айтқандай «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатсақ» алда да арманды істеріміз орындала беретін болады.

Закария СИСЕНҒАЛИ