Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен өткен отырыста Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның алдағы уақыттағы негізгі мақсат-міндетін айқындап, болашақ бағдарын түзіп берді. Бүгін онлайн режимде ұйымның кеңесі өтті. Бұл жиын Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойына арналды.
«Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ, біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек», - деді кеңес отырысын ашқан Елбасы.
Елбасының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетістіктерінің бірі «Туған жер» жобасы аясында 12 мың меценат өздерінің кіші отандарына 270 млрд теңгенің инвестициясын салды. Еліміздің барлық өңірлерінде 4,7 мың әлеуметтік-мәдени нысан жаңартылған.
Онымен қоса, ҚР Тұңғыш Президенті ел азаматтары қиын сәттерде де ұйымшылдық танытып, бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқандығына да ерекше тоқталып өтті.
«Мәселен, Арыстағы, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы оқиғалар кезінде елді мекендер қирап, көптеген адам баспанасыз қалды. Сол кезде әдеттегідей бүкіл Қазақстан жұмылды және жаңа елді мекен мен жаңа қала салды. Бұған дейін де Алматы облысындағы су тасқынынан, Шығыс Қазақстандағы жер сілкінісінен соң осылай болған еді. Коронавирус инфекциясы індеті жағдайында Ассамблея аз қамтылған отбасыларға, дәрігерлерге, мектеп оқушылары мен олардың отбасыларына көмек көрсетті. Осылайша, барлық қазақстандық өз проблемасымен жалғыз қалып қоймайтындығын біледі. Егер проблема туындасы біздің барлығымыз көмекке келеміз. Біздің әр азаматымыз үшін мықты, жауапкершілігі зор мемлекет бар және Ассамблеяда бұл мәселеде соңғы орында емес. Жоғарыда айтылғандардың бәрі топтаса келе біздің бірегейлігіміздің негізгін құрайды. Бірегейлігіміз - ұлттық кодымыз», – деді Елбасы.
Елбасы отырыс барысында кейбір күштердің этникалық мәселелерді жеке мақсаттарына пайдаланғысы келетінін, ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керектігіне тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар мемлекеттік тілдің елді ұйыстыратын рөлін қолдағанынын атап өтті. 1991 жылы елімізде қазақ тілін халықтың небәрі 37 пайызы ғана меңгерген. Қазіргі таңда елдің үштен екісі еркін сөйлейді. Ал 20 жыл бұрын жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі 27 пайыз ғана болса, қазір 83 проценттен асқан.
«Бүгінде Қазақстанда қазақ тілін тегін үйрететін 90 орталық бар. Олардың тиімділігіне сұрақ көп. Сондықтан Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тілді үйрену жүйесінің тиімділігін арттыруы керек. Біз әр бала мектептен кейін мемлекеттік тілде оқып, жазып және сөйлей алатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл оларға мемлекеттік қызметтің, экономиканың барлық саласында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Адам көп тіл білген сайын мәдениеті артады. Өзге барлық ұлттар мен этностардың өкілдеріне білім алу мүмкіндігі берілген және олар оны қолданып та жүр. Бұрынырақта мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақ емес адамды табу проблема болатын. Қазір бұл мүлдем сирек кездесетін жайт емес. Еліміздегі барлық этностардың арасында мемлекеттік тілді жақсы білетіндер саны артып келе жатыр», - деді Тұңғыш Президент.
Отырыс барысында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалған «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» Алматы филиалының төрағасы Закиржан Пірмұхамедұлы Кузиев пен ҚХА мүшесі, «Kazakh TV» телеарнасының директоры Майя Төлегенқызы Бекбаеваны таныстырды.
Кеңес жұмысына ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев, орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшылары, Қазақстан РеспубликасыПарламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері – ҚХА төрағалары, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының өкілдері, білім және ғылым ұйымдарының, институттардың жетекшілері, БАҚ, ҮЕҰ және қоғам қайраткерлері қатысуда. Іс-шарада сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев және этномәдени бірлестіктер, азаматтық қоғам мен жастар өкілдері сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Еліміздегі пандемияға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналған онлайн жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, көпшілікпен ойын бөлісті.