Бүгін елімізде оқушылардың он бір жылдық білімін тексеретін ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Астанада ҰБТ үш пункте өтіп жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі ҰБТ-ның алғашқы күні қалай басталғанын өз көзімен көру үшін Еуразия ұлттық университетінде болып қайтқан.
Университет алды таңғы сегізден мектеп формасын киген ұл-қыздарға толы болды. Бәрінің көздерінде қорқыныш пен қуаныш, үміт пен үрей.
Бірі күн-түн демей дайындалған сынақтың бүгін бітетініне қуанса, енді бірі тестілеуден кейінгі өміріне алаңдайтындай.
Бұл жолы тексерушілер қыздар мен ұлдарды екі бөлек есіктен кіргізіп, тексерді. Түлектердің барлығы дерлік телефонды көрінбейтіндей, метал рамкадан өткенде "сигнал" шықпайтындай жасырып алған. Десе де металл рамканы "алдау" оңай емес. Ішке үмітпен кірген оқушылар қайта шығып, тыққан телефондарын ата-анасына, ұстаздарына тапсырып жатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір бала тіпті он ұялы телефонмен ұсталған.
"Ұялы телефон, шпаргалканың көптігінен түлектерді тексеріп, ішкі кіргізу ұзақ уақытты алды", — дейді олар.
Еуразия ұлттық университетінің төрт қабатты корпусында 13 мектептің түлектері ҰБТ тапсырып жатыр. Барлығы 12 аудитория жабдықталған. Балаларына қолдау білдіру үшін бірге ере келген ата-аналар қазір сыртта ҰБТ-ның өту барысын онлайн бақылап отыр. Десе де бір экранға екі-үш аудиторияны "тығып қойғаны" ата-аналарға қиындық туғызып жатқан сыңайлы. Он екі аудитория үшін небары бес-алты экран қойылған.
"Экраннан баламды көру мүмкін емес. Тіпті ол отырған аудитория да көрінбейді. Бір мониторда үш-төрт аудиторияны бөліп көрсетеді, Дұрыс ойластырмаған мүлде",- деп ашуланды елорда тұрғындарының бірі.
Университет орамында жедел жәрдем бригадасы да тұр. Корпус ішінде де медициналық қызметкерлер бар, дейді ұйымдастырушылар.
Таңғы тоғызда басталуы керек болған ҰБТ уақытынан жарты сағатқа кешікті. Есіктер сағат тілі тоғыз жарымды көрсеткенде бір-ақ жабылды.