Заман талабы, уақыт талабы бір-бірін толықтыратын бірнеше мамандықты қатар игеруді жүктеп отыр. Бұл үрдіс бізге соңғы жылдар көлемінде ғана енгенімен, Америка Құрама Штаттарында, Батыс Еуропада әлдеқашан басталып кеткен. Бастапқыда мамандығын педагог қызметімен бастап, бес-он жылдан кейін аударма саласына жұмысқа ауысып кету немесе тағы бес-он жылдан кейін өз бизнесін ашып, балаларды жылдам оқытуға үйретумен шұғылдану қалыпқа айналған.
Бастысы, жұмысың негізгі мамандығыңды толықтырып тұру керек. Бір-біріне мүлде үйлеспейтін салаларда қайта-қайта бақ сынау жетістікке жетер жол емес. Әрине, біз жоғарыда аталған елдерді мысалға келтіргенде ең алдымен, олардың жетістікке апарар жолдарының сан-салалы болып келетініне назар аударамыз. Қазіргі зымыран уақыттың алдымызға қойып отырған талабы – ең алдымен жетістікке жету. Оған жету арқылы ғана мойындалатыныңды қоғам өзі айнадай етіп көрсетіп отыр. Тіпті, жуырда газетімізде жарияланған белгілі жазушы Дидар Амантайдың «Мен постмодернизмді қалай түсінемін?» атты мақаласының өзі көзі ашық адамдарға қаншама ой салғаны даусыз. Осы орайда біздің айтарымыз да – сондай жағдайлардың қоғамымызға тән екенін мойындау. Өйткені, талғам-түсінігіміз, құндылықтарымыз, бағалауымыз өзгеріп барады. Оған себеп – желден жүйрік ақпарат ғасырының күнделікті өмірімізге орнығуы. XXI ғасырда жастарға да білімді болу, бір-бірін толықтыратын бірнеше мамандықты қатар игеру өте қажет. Олар магистратура, докторантурада оқуы тиіс. «Қызметімді дәрігер болып бастағам, дәрігерліктен зейнеткерлікке шығам» деу жарамсыз. Оны көбі түсінеді. Компьютер меңгермеген, тіпті, өз тілінен бөлек бір-екі тілде сөйлей алмайтын адамдардың табысты бола алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сөйтсек те, мына заманда жастардың бәрі мақсатына жете ала ма деген сұрақ мазалайды. Олардың бәрінде бірдей қаржы бар ма? Бір оқуды әрең тауысып, әупірімдеп жүріп жұмысқа ілінгенде екінші оқуға түсуге талпыну ауыр емес пе? Оқымау үшін сылтау көп. Ал оқу үшін қандай сылтау да жарамсыз дер едік. Оқитын адам жолын табады. Бұл орайда, мемлекет көмегіне сүйену жастарға үлкен демеу болмақ. Мемлекет қолдап отырғанда ақша жинау өте тиімді.
Бүгінде жан-жағымызға қарасақ, кейбір жастар оқуға түсерде қай мамандыққа грант саны көп болса, ата-анасы сол мамандыққа құжат тапсыртады. Жолы болып оқуға түсіп, кейіннен сол оқуды бітірген соң мамандыққа деген ықыласы суып та жатады. Ал ол адам қоғамнан қалай орнын табуы мүмкін? Мүмкін міндетті түрде басқа мамандық игеру керек шығар. Сондай-ақ, өз кәсібін жан-тәнімен жақсы көретін, соның жолында жан аямай еңбек етіп жатқан жастар да бар. Бірақ, олар соның шыңына шығу үшін оқуларын толықтырмаса, алға қарай ұмтылмаса, магистратура, докторантурада білім алмаса биікке көтеріле алмайтынын да түсінеді. Бұл орайда АҚШ-тың бұрынғы президенті Ф.Рузвельттің тағылымды сөзі еске түседі: «Көр қазушы болсаң да, өз ісіңнің шебері бол». Ал шеберлікке жету үшін жастарға қойылатын талап та көп.
Әлгінде ақша жинау мәселесінде мемлекеттің қолдайтынын айттық. Енді соны бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берейік. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы қазіргі кезде көп адам біледі. Осыдан үш жыл бұрын «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң да қабылданды. Заңның аясында дәл осы жүйенің операторы ретінде Білім және ғылым министрлігінің жанынан «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жұмыс істеуде. Орталық банктен білім беру салымын ашқан әрбір тұлғаның қаржысы үшін жауапты орган. Білім беру жинақтау салымының басқа депозиттерден ерекшелігі – оның қаржылық түсімінің жоғарылығында. Түсім жыл сайын 19-21 пайызды құрайды. Салымның бірегейлігі – мұнда банктің жыл сайынғы сыйақысы 14 пайызды құраса, 5-7 пайызға дейінгі сыйақы мемлекет тарапынан көтермеленеді. 5-7 пайыз туралы түсіндіре кетер болсақ, мемлекет тарапынан белгіленген жыл сайынғы 5 пайыз сыйақы еліміздің барлық санаттағы азаматтары үшін, ал, 7 пайыздық сыйақы жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелет жасқа толған балалар (23 жасқа дейін), мүгедектер, төрт немесе одан да көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арналған. Міне, бұл мемлекеттің еліміздің барлық санаттағы отбасыларын ескеріп, жасап отырған тиімді мүмкіндігі. Осылайша білім алу салымын ашу арқылы отандастарымыз жоғары білім алуда қаражатын 30-70 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда салымның осы түрі арқылы балаларының болашағы үшін капитал жинап жатқан ата-аналар бар. «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева ханым балалар үйінде тәрбие алып жатқан 7,5 мың бүлдіршінге салым ашты. Сондай-ақ, 8 мыңға жуық ата-ана балалары жоғары оқу орнына түсу үшін ақша жинауда.
Атап айтайық, тек мектеп жасындағы балаларға ғана емес, жоғары оқу орнын бітірген жастарға да салым ашылады. Олар жұмыстарын атқара жүріп, бюджеттеріне салмақ салмайтындай деңгейде ақша жинаса, болашақта екінші мамандықты игеруіне мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ, магистратура, докторантураға түсу үшін де салым ашып, оқуға түскенге дейін мемлекет көмегімен қаржысын еселеп көбейтіп алуларына толық мүмкіндік бар. Әрі бұл әрекет ата-ана тарапынан емес, жастардың өз күштерімен жасалатындықтан, сол салымды ашқан жасқа да қанат бітірердей зор қуаныш сыйлайды. Өз арман-мақсатына жетуге, кәсібилігін шыңдап, күштері тасып тұрған шақта көбірек жұмыс істеуге талпындырады.
Жастар – біздің келешегіміз. Жастар – еркін елдің ертеңі. Әрине, бұл тебіреністі сөздер. Шынымен де елдің ертеңі, келешектегі кемел тұлға болу үшін жастар заман талабын жақсы меңгерген, барлық жаңалықтың басы-қасында жүрген, өздерінің ертеңі үшін өздері жауап бере алатындай тұлға болып қалыптасуы керек. Бұл орайда, оларға білім алу қажет. Бір рет емес, керек болса бірнеше рет. Бірнеше тіл меңгерсе тіпті жақсы. Сөз соңында айтарымыз, осыдан жүз жыл бұрын тарих сахнасына шыққан Алаштың арыстары шын мәнінде зиялы болатын. Бірнеше тіл білген, өз мамандықтарына қоса ағартушылықпен, журналистикамен, қоғамдық жұмыстармен айналысқан еді. Ең алдымен қазақ халқының мүддесі үшін жұмыс істеген еді. Бүгінгі жаһандану дәуірінде де жастарға көп міндет артылады. Ол – жаһандануға жұтылып кетпеуге, халықтың мүддесі үшін еңбек етуге талпыну. Сол үшін білімді болу, білікті болу – басты талап.
Марат АҚҚҰЛ