15 ақп, 2019 сағат 16:32

Білімді елдің – мақсаты айқын

«Е, Жасаған, өз жеріме өзімді би, өз малыма өзімді ие қыл» деген бабалардың аңсаған арманына жеткен азат ұрпақ санасында сілкініс бар. Ол рухани сілкініс. Ұлы далада ұрпақ ұялатын із қалдырмаған даңқты бабалардың бүгінгі ұрпағы үлкен сын-қатерді бастан өткеруде. Бұл төртінші технологиялық төңкеріс пен жаһандану жағдайы екені белгілі.

«Қазіргінің баласы» деп бірнеше тіл мен цифрлы технологияны жетік меңгерген саналы азаматты айтамыз. «Диплом болса болды» деген сыңаржақ пікірмен білім алғандар, еңбек нарығында сол мамандықтың қаншалықты сұранысқа ие екенін ескермейді. Жетік білетін маман болса жолы болады, шала сауатты болса жұмыссыздар қатарын толтыратыны анық. Ауыл балаларының қалаға бейімделуі де оңайға соқпайды. Олар үшін қазіргі «ақылды қалалардың» жұмбағы көп. Қалада қара жұмысқа жегілген жастардың сыры осы. Сонымен қатар, өндірістің автоматтандырылуы да жұмыссыздыққа себеп болуда. Күнделікті қоғамдық көліктегі автономды төлем карталары кондукторларды, тауарды 500 шақырым жерге дейін жеткізе алатын дрондар пошташылар мен курьерлерді, жаңалықты бірнеше тілде жүргізетін және тәулігіне 24 сағат үзіксіз жұмыс істейтін роботтар дикторларды қысқартуға алып келді. Таяу болашақта көптеген мамандықтарды осындай роботтар атқаратын болады.

Бұл жалғыз дипломмен жан бағып жүрген жандарға қауіпті. Олардың мамандықтары кондукторлар сияқты қажетсіз болып қалуы әбден мүмкін ғой. "Қазақстанда барлық адам үшін жұмыс табылады. Барлық жерде бос жұмыс орындары болғандықтан, ешбір адам жұмыссыз жүрмеуі тиіс. Басты мәселе адамдардың белгілі бір кәсібі жоқтығында болып отыр" деген Мемлекет басшысы тығырықтан шығудың жалғыз жолы кәсіби білім беретін оқу орындарына барып, маманға айналуы тиіс екенін атап өтті.

Бүгінде адамдар формальды емес білім алу негізінде жаңа еңбек қоғамында сұранысқа ие мамандықты оқуда. Заманауи мамандыққа ұмтылған жастарға зор мүмкіндік бар. Мәселен, 2015 жылы Елордада «ШАГ» Компьютерлік академиясының қазақстандық филиалы ашылды. Онда әлемнің ақпараттану және компьютер саласында кәсіптік IT-білім алуға болады. Жастар желілік технологиялар және жүйелік әкімшілік, бағдарламалық қамтуды әзірлеу және компьютерлік графика мен дизайн сынды үш бағыт бойынша білім алады. Осындай курстарда білім алған жаңа мамандық иелері оқуды аяқтау туралы куәлік пен сертификат алып шығады. Құжат жас ерекшеліктерін ескермейді. Адамдарда жасына қарамай жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, шет тілін үйренемін деген ынтасы болса болды. Олардың еңбек нарығында бәсі жоғары болары ақиқат.

Бұл үрдіс бүгінгі қоғамда «өмір бойы білім алу» парадигмасын қалыптастырды.

Ұлы Абай «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген. Жұмыссыз жастардың көңіліне желік беретін Интернеттен келер қауіп те аз емес. Адам өміріне қауіпті трюктер жасауды насихаттайдың челлендждер Интернет өнімі болып табылады. Биік ғимаратқа өрмелеп селфи суретке түсу, шатырдан шатырға секіру, жол үстінде көліктен  түсіп билеу, сондай-ақ, ұлттық құндылықты, технология жетістіктерін мойындамай хиджап, пәрәнжі, қысқа балақты шалбар, қауға сақал қою сияқты  әдеттердің абырой бермесі анық.

Елбасының жастардың қараусыз қалмауын, олардың формальды емес білім алуын Үкіметке тапсырғаны өзекті міндеттердің бірі болды деп ойлаймын.

 ***

Өлкетану жұмыстарында мұғалімнің алдында тұрған маңызды мақсаттың бірі – көпұлттылық және көпмәдениеттілік жағдайына толерантты тұлға тәрбиелеу деуге болады. Бұндай тұлғаның қалыптасуы оқушының туған өлкесінің әлеуметтік тыныс-тіршілігі, белгілі адамдары, олардың ғибратты өмірі, қолөнер түрлері, киелі орындары, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, тарихы, топонимі, тұрмысы туралы білімінің кеңеюі нәтижесінде жүзеге асады. Мұғалім бұл мақсатқа оқушылармен өлкеге, киелі орындарға, мұрағат қорларына, мұражайларға, мәдениет ошақтарына немесе кәсіпорындарға оқу-танымдық экспедициялар сияқты өлкетану жұмыстары арқылы жетеді. Сондай-ақ өлкетану жұмыстары география, тарих, әдебиет, биология, музыка пәндерімен тығыз байланыста болады. Осы ерекшеліктерді ескере отырып мектептерге арналған әдістемелік ұсынымдама мен негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7-сыныптарына арналған «Өлкетану» курсының оқу бағдарламасы жазылған болатын.

Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде мектеп мұражайлары өзінің тәлім-тәрбиелік зор мүмкіндігімен маңызды рөл атқарады. Мектептегі мұражайдың негізгі міндеті оқушыларға патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбие беру. Әрине, бұған оқушыларды мектеп мұражайларындағы сақталған құжаттар, түрлі жәдігер,  фотосурет, құнды деректерді сөйлету арқылы және осы оқу ордаларында білім алған еңбек, өнер, мәдениет, денсаулық,  білім, өндіріс, спорт  және т.б. салаларда биік шыңдарға жеткен алдыңғы толқын аға-апаларымыздың үлгі тұтарлық өмір жолдарымен таныстыру арқылы қол жеткізуге болады. Мұражай материалдары мұғалімдер үшін тәрбие сағаттарын, саяхат, ерлік, ар-намыс сабақтарын жүргізуде  таптырмас құрал екені сөзсіз. Айта кететін бір жайт, мектеп мұражайынан басқа қала, аудан, ірі елді мекендердегі әр түрлі мұражайда, мәдениет ошақтарда, спорттық кешендерде «жанды» сабақтар өткізуге болады. Сонымен қатар, оқушылардың жазғы-қысқы демалысы кезінде тарихи орындар, ескерткіш белгілер, тағы сол сияқты танымдық мән-мағынаға ие жерлерде тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізуге болады.  Бұл істе Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының әдістемелік құралдарын ерекше атап өткен жөн.

Еліміздегі білім саласы ұстанған басты бағыт та адами  капиталды дамыту-дамуды негізгі алғышарттардың бірі деп есептейді. Экономиканы құрылымдық өзгерту және қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында оқушылардың білім алуы мен кәсіби дамуын арттыру уақыт талабы. Бұл мақсатта «Саналы азамат»: Оқушының білім алуы мен кәсіби дамуының жеке бағыты» ғылыми-әдістемелік ұсынымдамаларын әзірлеу қолға алынды. 

Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында 2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру  мазмұнына кезең-кезеңмен көшу сатысы басталғаны белгілі. Атап айтсақ, өткен 2016-2017 оқу жылында 1-сыныптарға жаңартылған  оқу бағдарламалары және оқу жоспарлары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік ұсынымдамалары енгізілді. Бұл үдеріс ағымдағы оқу жылы 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. 

«Енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз?!» – деген ойдың әрбір саналы азаматтың көкейінде ұялауы керектігін Елбасы жастарға жиі айтады. Жаһандану талабына сай жаңғырған, атап айтқанда, өз мәдениетін, өзінің ұлттық кодын сақтай отырып жаңа мамандықтарға машықтанған, компютерлік сауатты, үштілді меңгерген, әлемдік мәдениетпен етене таныс саналы азаматтар еліміздің жарқын болашағының кепілі болып табылады. Экономиканы құрылымдық өзгерту және қоғамдық сананы оза жаңғырту жағдайында оқушылардың білім алуы мен кәсіби дамуын арттыру уақыт талабы. Сондықтан, тәрбие-білім беру үдерісінде оқушыны бейіміне қарай жаңа мамандыққа бағыттауымыз керек. Осыдан тура бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы: «...Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – депті «Қазақ» газетінде. Ұлы Ахаң аңсаған асыл арманға  тұғыры биік Тәуелсіздіктің арқасында жетуге талаптанып жатырмыз. Бүгінгі азат ұрпақтың алдында дамудың даңғыл жолы ашылды.

Мемлекет Басшысы 2015 жылы 30 қарашадағы Жолдауында «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» атты  бағдарламасы басталатынын және оны жүзеге асыруды 2017 жылы ел үкіметіне тапсыратынын жариялаған еді. Үкімет тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі  2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 728 бұйрығымен 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын енгізу жөніндегі жол картасын бекіткен болатын. 2017-2021 жылдарға арналған жобаның аясында жұмысшы біліктілігі жоқ барлық ниет білдіруші 9, 11-сынып оқушылары колледждер базасында тегін бірінші жұмысшы біліктілігімен қамтамасыз етілуде. Бүгінгі таңда тегін оқытуға 21 мыңнан астам адам ие болды.

Елбасы жастарға алғашқы мамандықты мемлекет тегін беретінін, сол үшін жобаны жүзеге асыру жалғаса беретінін айтып отыр.

Жалпы, жобаны іске асыру жастардың бірінші жұмысшы біліктілігіне қаржылай, бағдарламалық, аумақтық тең қолжетімділігі мәселелерін шешеді және еңбек қызметі саласына жастардың әлеуметтік интеграциялануын қамтамасыз етеді.

 «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деген Елбасы тапсырмалары бойынша Академия кешенді жұмыстарды жалғастыра беретін болады. Дана халқымыз «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп болашағына сеніммен қараған. Сүйікті Отанымыздың дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына сеніміміз мол.

Болат Бақытбекұлы

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық

білім академиясының ғылыми қызметкері.