11 қаң, 2017 сағат 15:34

Білім министрлігі қотарып алған жобасы арқылы кімді алдағысы келеді?

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің 2016 жылғы 29 тамыз күнгі бұйрығымен еліміздегі барлық мектептерде арнайы «Күнделік» жобасының пилоттық нұсқасы дайындалуы керек болған. Бір қызығы, бүкіл еліміздегі мектептердің барлығын қамтитын жоба не бары үш күннің ішінде 2016 жылдың 1 қыркүйегіне дейін дайын болуы керек еді.

Алғашқы нұсқасы аптаға жетпейтін уақыттың ішінде дайын болған жобаға сол кезде қаржы да бөлінген екен.

Дегенмен, осынша аз уақыттың ішінде дайын болған «Күнделіктің» қайдан келгені көп ұзамай-ақ ашылып қалды.

«Бақсам бақа екен» демекші, министрдің тапсырмасын дер кезінде орындауға тырысқан жандайшаптар ресейлік «Дневник» сайтын айнақатесіз, сөзбе сөз көшіріп алады. Бұл туралы танымал блогер, әрі ұстаз Аятжан Ахметжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Жылайын ба, күлейін бе? біздің министрлік бір мемлекетте есі дұрыс бір сайт жасайтын бір адам жоқ деп ойлайтын секілді ше?

Сонда деймін де мемлекеттен неше миллиард теңге бөлінген жобаны тура Ресейдің жобасын қазақшаға айналдырып көшіре салу ҰЯТ емес пе? ҚЫЛМЫС емес пе?

Айтарға сөзім жоқ, электронды журналға, күнделікке өтеміз деп жыл бойы жыр қылғанда тек біреудікін көшіре салу ғана қолдан келді ме?

Негізі сөзім жоқ... айтудың өзі ұят...

Тіпті бүкіл министрлікте өзінше ойлай алатын, көшірмеге айналдырмайық дейтін бір адам жоқ па?

Сенбесеңдер мына екі сілтемені салыстырыңдаршы...

Біздікі: https://kundelik.kz/

Ресейдікі: https://dnevnik.ru/

Қайран елдің есіл қазынасы....

Егер даяр шаблонға көшіруге миллиардтап ақша бөлсе, менің де қолымнан келеді», - дейді Аятжан Ахметжан (грамматикакасы сақталған - агенттік).

Аятжанның әлеуметтік желідегі жазбасына пікір жазғандар министрліктің бұл жобаны қотарып алумен қоймай дұрыс жұмыс істемейтіндігін де алға тартады. "Осы күнделікте бір ана бір баланың ғана анасы болып көрсетіледі. Екінші балаға əкесі, үшіншісі ата немесе апасы т.б. ал бес баласы барларға туыстарын іздеп отырасың сол», - деп пікір қалдырыпты әлеуметтік желі қолданушысы.

Сонымен қатар тағы бір азамат: «Тағы бір қызық жері, Ресейдегі «Дневник» жобасы Санкт-Петербургта жасалған коммерциялық жоба - РФ министрлігіне мүлдем қатысы жоқ, ешқандай мемлекеттік емес ресурс. Ал біздікілер бұл жобаны мемлекеттік жоба ретінде білім жүйесіне енгізгісі келеді.

Ол дегені - мемлекеттік білім саясаты, білім базасы мен деректері уақыттың өтуімен шетелдік коммерциялық компанияның меншігінің қоластында болады деген сөз», - деп өз ойын жазыпты.

Қалай дегенмен де қыруар қаржы бөліп, ел игілігі үшін қолға алған жобаның өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге, мемлекеттік ұстанымымызға сай болғанына не жетсін. Өзгенің қаңсығы, бізге таңсық болғаннан ұтарымыз не?

Ал осы жоба қолға алынатын болса, еліміздегі мектептердің жекелеген сайттары жабылып қалуы мүмкін, тіпті қазірден білім саласындағы өзге сайттарға, өзге жобаларға жұмыс істеуге мүмкіндік берілмей жатыр деген пікірлер де айтылған екен.

Қыр баласы, Baq.kz