14 қыр, 2020 сағат 11:30

Білім министрі қашықтан оқу қашан аяқталатынын айтты

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында қашықтан оқу қашан аяқталуы мүмкін екенін айтты. Қашықтан оқу – әлемдік тәжірибеге сүйенген нәтиже екенін, онлайн оқудың артықшылығы мен кемшілігі, дәстүрлі оқу жүйесіне ауысу мәселелеріне тоқталды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Халықаралық тәжірибені зерделей бастаған Білім министрлігі барлық талаптарды ескеруге тырысып жатқанын жеткізді.

«Әлем бойынша қашықтан оқытуға қатысты барлығына ортақ бірнеше проблеманың бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, бізде қашықтан білім берудің сапасы төмен дейді. Өйткені интернеттің жылдамдығы баяу. Алайда жақсы интернеті бар дамыған мемлекеттердің өзінде қашықтан және дәстүрлі жолмен берілген білімнің арасында үлкен айырмашылық бар», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Негізі, білім беру синхронды форматтан бұрын асинхронды сипатта болуы керек. Бұл – қашықтан оқыту қағидаттарының бірі. Бұл туралы министр былай дейді:

«Негізі, біз де мектептердің ашылғанын қалаймыз және балалардың дәстүрлі форматта білім алғанын қолдаймыз. Иә, мұғалімдер үшін арнайы курстар ұйымдастырылды. Дегенмен, олардың жаңа форматта жұмыс істеу дайындығына қатысты мәселе бар.

Бұл жұмыс атқарылып жатыр. Өткен аптада мен баспалар, авторлар мен сарапшылармен кеңес өткіздім. Авторлар мен сарапшылар үшін университеттерде арнайы курстар ұйымдастырылды. Бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, мықты мамандардың барлығы бірдей дидактика мен педагогика жағынан жақсы оқулық шығара бермейді. Авторларға да көмек пен қолдау қажет. Оған қоса, мектептерде әдістеме де, оқу бағдарламалары да өзгерді. Сондықтан барлық оқулық сараптама мен апробациядан өтуі керек. Сол жерде мұғалімдер, сарапшылар мен авторлар бәрін қарайды, талқыға салады, бір шешімге келіп, өзгеріс енгізеді» деді министр.

Сондай-ақ, айта кетейік, қашықтан оқыту 12 жылдық білім беруге көшу жоспарын шегермейді. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.

«Біз осы жұмысты 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу шараларымен үндестіруіміз керек. Әйтпесе, екі жұмыс болып кетеді, бюджеттен артық шығын шығады. Бала бірінші сыныпқа барған кезде жаңа оқулықтарды да алуы тиіс. 12 жылдық білім беруге көшу жоспар бойынша атқарылып келеді», - деді Білім министрі.

Осы орайда айта кетейік, қашықтан оқу бірнеше жылға созылуы мүмкін, үш жылға дейін дәстүрлі оқуға оралмауымыз мүмкін деген әңгімелер ел арасында тарай бастады. Білім министрлігі бұл әңгімені қауесетке балап, жоққа шығарды.

«Мен сіздерге нақтысын айтайын, қашықтан оқыту үш жыл болмайды. Біз біртіндеп дәстүрлі білім беру формасына көшуді жоспарлап отырмыз. Соңғы шешімді бас санитарлық дәрігер қабылдайды. Дәл қазір ол шешімнің қай кезде шығатынын айта алмаймын. Әзірше, қашықтан оқытуды тек бірінші тоқсанда ғана қалдыруға ұсыныс жасалды. Енді, республика бойынша 7 мың мектептің барлығы толып тұрған жоқ. Басым бөлігі бір ауысыммен жұмыс істейді. Сосын шағын жинақты мектептер бар. Мәселен, ауыл мектептері жартылай бос тұр. Ондай мектептер жылда жабылады, себебі бала жоқ, адамдар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Содан қаладағы мектептер балаға тез толып кетеді» деді министр.

Айта кетейік, осындай жағдайда оқушы көп болса, мектеп инфрақұрылымы да соған сай болуы қажет. Спорт залдары, асхана, компьютерлік техника – бәрі-бәрі бала санына сәйкес жасалауы шарт. Егер мектепте 25 балаға бір компьютер келсе, онда цифровизация туралы айтудың өзі қисынсыз.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион оқушы білім алуға кірісті. Олардың ішінде бірінші сыныпқа барған 352 мың бала бар.