13 қыр, 2020 сағат 11:30

Білім: Бұдан былай ата-аналар білім басқармаларымен тікелей байланыса алады

Бұдан былай ата-аналар  білім басқармалары мен бөлімдерімен тікелей байланыса алады. Бұл мүмкіндік арқылы әрбір білім бөлімінің немесе білім басқармасының басшысы мәселелерді уақытылы және сапалы шешуі керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында білім басқармалары мен бөлімдері басшыларының телефон нөмірін жариялай отырып, мәлімдеді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат». 

«Әрбір білім бөлімінің немесе білім басқармасының басшысы туындаған мәселелерді өз деңгейінде уақытылы және сапалы шешуі қажет. Өңірдегі салаға қатысты барлық жағдайдан хабардар болып, халықтың сұрағына дер кезінде жауап беруі тиіс. Сондықтан басшылардың барлығына өз WhatsApp нөмірлерін жариялап, келіп түскен сұрақтар мен туындаған мәселелер бойынша шешімдерді шұғыл қабылдау тапсырылды», - деп жазды министр Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Биыл Қазақстанда жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды. Десе де, бастауыш сынып оқушылары үшін мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Шалғай ауылдарда да балалар мектепке барып оқып жүр. Ал министрлік тарапынан болған жаңалық ата-аналар үшін өте қолайлы болып отыр. Бұл туралы Алматы қаласында тұратын көп балалы ана Фарида Жарқымбек  өз ойымен бөлісті.

«Менің бес балам бар, оның төртеуі мектеп қабырғасында оқиды. Кейде мәселелер туындап жататыны рас. Мұндай жағдайда білім басқармалары мен білім бөлімдерімен тікелей байланыса алатынымыз қуантып отыр. Өйткені әрбір оқушы үшін мектеп қана емес, ата-аналар да, білім басқармалары мен білім бөлімшелері, керек десеңіз Білім және ғылым министрілігі де жауапты деп санаймын. Телефондардың ашық болуы бұл ата-аналармен тікелей қарым-қатынастың орнауы ғой. Содықтан оған тек қана қуанамыз, әрине», - дейді Фарида Жарқымбек.

Айта кетейік, биыл әлем мемлекеттері үшін ауыр сынға толы жыл болды. Пандемия кезінде барлық елдер онлайн оқыту жүйесіне көшті. Көктемде елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, өткен оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында өтті. Тәжірибеге сәйкес, онлайн оқыту бағдарламалық жүйелер мен теле-сабақтар арқылы жүзеге асырылады. Қашықтан білім беру саласында жұмыс істейтін «Bilimland», «DDaryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» және «AGS» сынды ұйымдардың өкілдері және педагог-әдіскерлер, мектеп директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және ЖОО проректорлары бірігіп, арнайы жұмыс тобын құрды. Жоғарыда министрлік ұсынған жаңалықтарға қатысты Маңғыстау облысы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марат Қани да өз ойымен бөлісті.

«Иә, министр Асхат Аймағамбетовтің бүгін таңда жасап жатқан реформаларын кемел келешекке жетудің бастамасы десек болады. Жалғыз менің емес, оған ұстаздардың көбі дән риза. Кездестіріп қалған қай мұғалімнен сұрасаңыз да қазіргі өзгерістер жайлы жылы пікірлер айтатыны сөзсіз. Ескі айдың бітіп, жаңа айдың басталатын шағын қазақ «өліара» дейді екен. Қазіргі қазақстандық педагогтардың шынайы мәртебесі – осындай.

Аталған заң бірқалыпты өтіп жатқан мұғалімдердің өміріне оң өзгеріс әкелді. Бірінші, жаппай қағазбастылықтан құтқарды. Енді болмайтын бір құжат үшін аудан мен облыстан сабылып келетін комиссияның жолы кесілді. Екінші, еңбекақы мәселесі шешілді. Үшінші, ашқанның алақанында, жұмғанның жұдырығанда жүретін дәурен өтті. Ата-аналардың тікелей байланыс орната алуы өте қуантарлық жағдай», - деді Марат Қани.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында білім басқармалары мен бөлімдері басшыларының телефон нөмірін жариялай отырып, бұдан былай ата-аналар  білім басқармалары мен бөлімдерімен тікелей байланыса алатынын мәлімдеген болатын.