11 қыр, 2017 сағат 10:13

Біләл Қуаныш: Жаңа конвертер кез келген мәтінді жаңа әліпби нұсқасына аудара алады

«Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі, «Attila group» интернет компаниясының өкілі Біләл Қуаныш «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде сөз сөйледі.

«Алдағы уақытта қолданысқа енетін «Attila group» компаниясы жасаған конвертер тілдің дамуына кепілдік бермек. Енді осы конвертердің артықшылықтарына тоқтала кетейін. Біріншісі, біздің мамандарымыз он жылдан бері зерттеп келе жатқан қазақ әліпбилерінің конвертер жүйесі осы күнге дейін әлем қазақтары пайдаланып келе жатқан кирилл, латын, төте жазуларды бір-біріне қателіксіз аудара алатын бірегей жүйе», - дейді ол.

Көп жылдық тәжірибеден өткен осы конвертер жүйесі ендігі кезекте мемлекеттік тілдің біріңғай стандартты әліпбиін халық арасында өте ыңғайлы, қолжетімді тұрғыда насихаттап, тез қолданысқа енуіне айрықша қызмет етпек.

«Мысалы, Сіз кирилл әліпбиімен оқыған адам болсаңыз «Attila group» компаниясы жасаған конвертер жүйесін компьютеріңізге немесе ұялы телефоныңызға орнату арқылы кез келген уақытта кез келген мәтінді жаңа әліпби нұсқасына аудара аласыз. Тіпті «Абай жолы» романын 3 секунд аралықта жаңа әліпби жүйесімен оқуға мүмкіндігіңіз болады», - дейді Біләл мырза.

Бұл конвертерді кез келген компьютерге, ұялы телефонның кез келген нұсқасына, кез келген программалық құралдарда пайдалануға мүмкіндік бар.

Ескеретін бір жайт, Мемлекеттік тіл әліпбиінің латын графикасындағы біріңғай стандартты әліпбиі халыққа таныстырылған соң «конвертер жүйесі» Мемлекет белгілеген бір ғана нұсқамен жасалатын болады.