19 қаң, 2017 сағат 11:08

Биболат Сәтжан: "Жасырулы жүректің түбіне өлең"

Алаштың анасы атанған Сырдың елі әуел бастан жырдың елі. Қадым заманнан Сыр ағасы кенезесі кепкеннің шөлін басып, қорғансыздың панасына айналса, өне бойынан тарап шыққан Сыр сүлейлері көңілді аңсарлы шәрбатымен сусындатқаны белгілі. Бұл өлке  аңыз ақын Әділ Ботпановтың қаламына арын қосқан жер. Сан-саққа бөлінген санасының, оңды-солды арпалысқан азапты ойларына куәгер болған мекен.

Оыдан бірнеше жыл бұрын Қызылордаға барғанымда, Биболатпен танысқан болатынмын. Денесі мығым, көзі терең, анша-мұнша сөзге сараң жігіттің тесірейе қарағаны тосын көрінді. Ішкі тіл қылп етті. Өзім пойызға құжатсыз мініп, жолда тоңып, әр әйнектің перделерін жамылып мысық табандап зорға жеткенде «мынасы несі?» деймін ғой. Кейіннен «Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің, мен айтарым көп болған соң үнсізбін» дейтін өлең  жолдарын оқып, әлдене түсінгендей болдық. Шұрқырасып, жақын дос та болып кеттік.

Қазір ойласам, Биболат өз бостандығының капитаны іспетті. Ол жалған құжат жасатпайды, басы ауырса тіс дәрігеріне бара салады. Ол бөбектей аңғал. Шынайы. Мөлдір.

Кезі келсе, 
Өзіме аян сезгенім не, 
Өзіме шақ тағдырым бар. 
Пікірлерің өздеріңе, 
Мені өзіммен қалдырыңдар! - дейді де, жөней береді.

Оған таң қалып жатудың қажеті жоқ. Ол жай ғана сондай адам.

Батырхан Сәрсенхан

***

Мен сөз сұрап тіленбедім,
Танылғанға табынбадым.
Емлеге сүйенбедім,
Ережеге бағынбадым.

Өзіме шақ қайғым енді,
Жаным үшін жазғаныма.
Жасырып та қойғым келді
Көп сөзіме аз мағына.

Мезі болған мың уайымнан,
Миым емес мекені оның.
Өзім тапқан Құдайыма
Жүрегімде жетеді орын.

Ойбайларың зор келгенмен,
Ой айтқансып бәрің тыңнан.
Өз күйігім бар кеудемде,
Өз биігім бар ұмтылған.

Өзіме аян сезгенім не,
Өзіме шақ тағдырым бар.
Пікірлерің өздеріңе,
Мені өзіммен қалдырыңдар!

Күзкүткен

Жасырулы жүректің түбіне өлең
Жылуына жаздың да жібімеген
тоңға ұқсайды!..
Мендегі бір өкініш
Үйлескенде мезгілдің мұңыменен.

Мұңдарыма амалсыз сендім дағы,
Сеніміме тағы үнсіз келдім налып.
Мына әлемде мен ғана үнсіз қалдым,
Ділмар болып кеткенде елдің бәрі.

Елдің бәрі айтатын әнге үздігіп, 
Құлақ түрсем қариды жанды ызғырық.
"Сұлулық" деп шырқайды ән.
Ал сұлулық -
Адамның күзде кешкен жалғыздығы.

Бағыма, 
арманыма, 
жаныма күз
Орнайды.
Мұңданамыз тағы да біз.
Бар мәні тамшы мұңдай күзгі өмірдің -
Бір ғана сөз, ол сөз де мағынасыз.

Мағынасыз адамның ғұмырындай,
Еш пенде мән бермеген ұлы ұғымдай.
Күз келеді, ызғарлы тыныштығы
Жол қараған жанардың тұнығындай.

Тамып түскен шық түстес таң нұрынан, 
Жол қараған жанарым талды мына.
Еріп кетер секілді бұл жүрегім, 
Келер күздің майбүркек жаңбырында!..

Ойханадағы әңгіме

Бұл өлеңнің
Қарапайым ырғағы -
Жүрегімнің
Баяу соғып тұрғаны.
Қаперіне алмаса да басқалар,
Тек ырғақта болмаса да жыр мәні.

Мін іздесең -
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім - жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің, 
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.

Есім түзу, тым ақылды емеспін, 
Айтпайды ғой ақымақпын деп ешкім.
Сен де мендей Жалғыздықтың мұңысың, 
Мен де сендей бір-ақ сәттік елеспін.

Бар еді ғой бәрімізге тең өлшем,
Бірақ маған жат көріндің неден сен?
Мұңыңды айтшы, мұңдасуға қайлымын,
Шыныңды айтшы, жылайсың ба мен өлсем?..

Сырып тастап перделерін қайғының,
Сырласайық, сырым ғана байлығым!
Байқар дейсің тек біз білген жайды кім?
Айтар дейсің тек бізде бар ойды кім? 

Сыртымыздан айтылса да көп кесім,
Бұл ойымнан бар ма басқа нақ шешім?
Сырымыз жат, мұңымыз жат боп жүріп,
Бостан босқа өмір өтіп кетпесін.

* * * 

Барлығын айтып үлгерер ме едім,
Жалғыз ғана жол жырменен. 
Бейтаныс қызға гүл берер ме едім
Бұрын кезігіп көрмеген.

Мұз кәмпиттерді тау қылып қалап, 
Таратсам ба елге шетінен.

Тұрсам ба жұртқа аңқиып қарап 
Айнаның арғы бетінен.

Жанға айналсам ба есі жаңарған, 
Танымастай боп өзгеріп.

Жоғалсам ба әлде, есік жабарда 
Қазір келем деп сөз беріп.

Ақтарыла бір айтсам ба бәрін 
Мезі болардай тыңдаған.

Мазалап жүрген жайт сонда, жаным,
Жан-жағым түгел шырғалаң.

Шырғалаң ойдан жауап табар ма ем, 
Сұрағымды еске түсірсем.

Өлең жазбай-ақ тағат табар ма ем, 
Өзімді өзім түсінсем.

Күтуден дағы жалықтым, күнім, 
Күнім ауысып түнменен. 
Жан азабының ең ауыр түрі,
Не қыларыңды білмеген..

* * *

Арасынан іздедім көшедегі көптің, 
Көңілімде тек сен, өміріңде жоқпын. 

Өміріңде жоқпын! Жаналақай дерсің,
Жалғыздығым - Сенсің! Жалғыз қалдым мен шын.

Титтей ғана төзім - иық қылған аттай,
Жалғыз жүрмін, жаным, өз-өзіме жақпай...

Өз-өзіме жақпай, өзге бір мән таппай, 
Өрлек болмас өмір - жел өшірген оттай.

Күллі дүние күйігі көңіліңе тұнсын,
Болсаң нағыз мұңшыл - жыламайсың,
Бұл - шын!

Түн рең бозалаң, мұң реңі бозғыл, 
Бозғыл айға телміріп көп қарайтын мезгіл.

Мезгіл шығар кінәлі, күрсінгенін сездім,
Өмір емес, өзіңді сағынатын кез бұл!..

Жабыққандай халде жаумай кеткен бұлтқа,
Мен ғашықпын саған. Сосын... жалғыздыққа!

* * *

Біреуді ең жақын дос көрем,
Жай күнде жүрсем де басқамен.
Бүлініп жатпай ақ ештеңем, 
Кей-кейде булығам жасқа мен.

Ұмтылмас естелік тым ұяң,
Ұмытылған алыс бір кез үшін.
Ашынған шақта да жымиям 
Біреудің бір  жылы сөзі үшін. 

Біреудің жоқтығы жасытқан, 
Біреулер кетпейді жанымнан. 
Белгісіз біреуге асыққам, 
Белгісіз бір жайды сағынғам. 

Тәрізі, бәрі үнсіз, десе де,
Әр ісі, қимылы сөйлеген. 
Мыңдар жүр мен жүрер көшемен,
Мен құсап мың түрлі ойменен. 

Көкейде сұрақ бір, мұрат бір,
Жалғыздық, мен сонсоң әлгі мың.
Армансыз өкіре жылап бір,
Өзіме қаратсам барлығын. 

Қосылып жылар ау сол көше,
Биікке жете алмай бөжек үн.
Бәрінен үмітсіз пендеше, 
Үзілер содан соң өзегім. 

Болады ау дүние налалы, 
Бір ақын келмеске маңды деп.
Дәптерде бір өлең қалады,
Мен сүрген өмірден мәндірек..

Ұлт порталы