Фото: Gov.kz
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевқа арналған «Сапарбаев тұлғасы» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс-шара Мемлекеттік басқару академиясында өтіп, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, зиялы қауым, әріптестері, шәкірттері мен отбасы мүшелері қатысты.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Бердібек Сапарбаевтың 40 жылдан астам мемлекеттік қызметтегі еңбегін атап өтті. Сапарбаев қатардағы қызметкерден бастап бес облыстың әкімі және Премьер-министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Халық оны әділдігі мен табандылығы үшін «дағдарыс менеджері» деп атаған.
Зейнетке шыққан соң, ол Мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқып, мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеуге атсалысты. «Сапарбаев тұлғасы» кітабы — оның ел дамуына қосқан үлесін жастарға үлгі етіп көрсету мақсатында жарық көрген маңызды еңбек.
Кітапты құрастырушылар Ұлан Айхожаев пен Абай Сейфуллаұлы бұл туындыны мемлекеттік қызметке адалдық пен елге қызмет етудің үлгісі ретінде сипаттайды.