06 мау, 2023 сағат 19:16

Белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиев дүниеден озды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы атыраулық ақын Әлия Дәулетбаева өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Атырау мәдениетінің ақтаңгері Қойшығұл аға жалғаннан өтті... Өмір деген осы екен... Бетімізден қақпадыңыз... Еркелігімізді көтердіңіз... Қамқор болдыңыз... Дүние шын жалған екен ғой... Алла алдыңыздан жарылғасын, аға!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, телевидение саласында қызмет істеген. Сондай-ақ «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының және республикалық «Махамбет» қорының президенті болған. Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры қызметін атқарды. 

«Тұңғыш» (1978), «Мұң-кітап» (1998), «Асаукер» (2001) сияқты жыр жинақтарының авторы. 

Махамбет Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды (1996 жыл). Сондай-ақ Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты.