«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің жаңа төрағасы болып Айдар Әріпханов тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айдар Әріпхановтың мемлекеттік басқару және экономикалық саясат саласында 20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар.
Айдар Әріпханов Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын үздік аяқтады. «Болашақ» президенттік бағдарламасының аясында Колумбия университетін бітіріп, 2008 жылы экономикалық саясатты басқару бағдарламасы бойынша мемлекеттік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алды.
Әр жылдары ол ҚР Қаржы вице-министрі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры болды.
2011 жылғы мамырдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасы төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды.