17 ақп, 2022 сағат 23:18

Батыс Қазақстанда браконьерлер «Охотзоопром» инспекторларына оқ атты


Батыс Қазақстан облысында «Охотзоопром» инспекторларына оқ атты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Инстаграмдағы парақшасында мәлім етілгеніндей, оқиға 16 ақпан күні Казталов ауданы аумағында болды.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан өңірлік филиалының инспекторларына екі браконьер қарсылық көрсетіп, оқ атқан. Абырой болғанда, адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ.

Инспекторлар рейдтік іс-шаралар кезінде Жұлдыз ауылы маңында «Боран» маркалы қарда жүретін көліктің ізіне түскен. Жедел қуып жеткен қорықшылардың пәрменіне құлақ аспаған қаскөйлер «Тойота» қызметтік көлігіне анықталмаған мылтықтан шамамен 10 рет оқ атқан. Автомобильдің алдыңғы дөңгелектері жарылып, бампері зақымдалған.

Инспекторлардың табельдік қарудан ескерту оқ атқандарына қарамастан, браконьерлер көршілес Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылына қарай іздерін суытқан.

Оқиға орнына Казталов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері шақырылып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожин оқиғаның 16 ақпан күні шамамен сағат 17.40-та орын алғандығын жеткізді. 

«Қазіргі кезде ҚР ҚК 380-2-бабына (құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Казталов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері осы қылмысты ашуға бағытталған іс-шараларды атқаруда», деді Нұрғожин.