
Батыс Қазақстан облысында 624 адам коронавирусқа қарсы егіліп үлгерді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен өңірлік жедел штаб отырысында мәлім етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, Оралда жеті мемлекеттік қалалық емханада мен «Медицина орталығы» ЖШС-да, сондай-ақ 4 аудандық ауруханада егу жұмыстарын алдын ала дайындықтан өткен медицина қызметкерлері жүргізуде.
Қазіргі кезде тізімге және кестеге сәйкес медицина қызметкерлері егілуде.
Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептер, ЖОО педагогтары, соған дейін егіліп үлгермеген медицина қызметкерлері қамтылады.
Үшінші кезеңде мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері, студенттер және созылмалы ауруы бар адамдар егіледі.
Содан кейін ТЖ, полиция, қорғаныс, ҰҚК, мемлекеттік күзет қызметі секілді салалар өкілдеріне кезек келеді.
Вакциналау тегін жүргізілуде.
А.Қалибеков ақылы түрде екпе алу әзірге қарастырылмағанын жеткізді.
Отырыста сондай-ақ БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірде эпидемиологиялық ахуалдың әлі тұрақсыз екендігін, індет жұқтырудың жалғасып отырғанын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев коронавирустың таралуына тосқауыл қою жұмыстарын ширата түсу қажеттігін айтты.
«Бұдан бұрынғы отырыста облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына шектеу шараларына байланысты тоқтап тұрған кафе, мейрамхана және басқа нысан иелеріне қолдау көрсету туралы тапсырма берілген болатын. Яғни кәсіпкерлерге кәсібінің бағытын өзгерту немесе нысанды мемлекетке жалға беру, сату жөнінде ұсыныс жасалуда. Өйткені өмір өзгеріп жатыр. Болашақта үлкен шығынды қажет ететін тойлар болмауы мүмкін. Сондықтан мұндай ғимараттарды, мысалы, спорт залдарына айналдырса, әлдеқайда тиімді. Осы жұмысты қалада ғана емес, аудандарда да жалғастыру керек», деді өңір басшысы.
