
Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райына байланысты 17 елді мекен электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бәйтерек, Жаңақала, Тасқала, Теректі аудандарында 13 елді мекенде – 2266 абонент, соның ішінде 30 әлеуметтік нысан жарықсыз қалып отыр.
Атап айтқанда, Бәйтерек ауданында Погодаев (946 абонент, соның ішінде 4 әлеуметтік нысан), Котельников (232 абонент, 3 әлеуметтік нысан), Краснов (352 абонент), Астафьев (19 абонент), Чапурин (7 абонент) ауылдарында жарық жоқ.
Сондай-ақ Тасқала ауданында Достық (168 абонент, 6 әлеуметтік нысан) және басқа елді мекендерде осындай оқиға орын алды.
Теректі ауданында Приречный (185 абонент, 4 әлеуметтік нысан), Богданов (165 абонент, 3 әлеуметтік нысан), Долинный (287 абонент, 3 әлеуметтік нысан) ауылдарында, Жаңақаланың Плантация (27 абонент) елді мекенінде жарық жоқ.

Оған қоса екі ауданда бес елді мекен сусыз қалды.
Тасқала ауданында Мереке ауылынан 10 шақырым жерде 2 ақпан күні сағат 11.00-де электр қуатының шектен тыс артуынан су қоймасы ұңғымасындағы сорғы жанып кетті. Соның салдарынан Мереке (189 абонент, 4 әлеуметтік нысан), Қалмақ (15 абонент) ауылдары сусыз қалды.
Бөкей ордасы ауданында кеше сағат 15.00-де Кеңой ауылынан 12 шақырым жерде «Ақмектеп» су қоймасы ұңғымасындағы сорғы жанып кетті. Соның салдарынан Ұялы (227 абонент, 3 әлеуметтік нысан), Саралжын (267 абонент, 3 әлеуметтік нысан), Кеңой ауылдары сусыз қалды. Тұрғындар құдық суын пайдалануда.
Қазіргі кезде өңірде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

