Қазақстанда көшеде орнатылған батуттардың саны анықталып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз батуттардың есебі мен бақылауға алу жұмысын қатаң түрде қолға алдық. Оның үстіне, өткен аптада министрдің еліміз бойынша балаларға арналған ойын алаңдарын тексеру және оның иелеріне қауіпсіздік ережелерін түсіндіру туралы бұйрығы шықты. Аталға бұйрықтың негізінде барлық аттракциондар мен батуттарды санап жатырмыз. Кешегі күннің есебі бойынша барлығы 339 балалар аттракционы тексерілді, оның ішінде 84-і - стационарлы, 254-і - үрлемелі батут. Бұл әрине ақырғы цифр емес, жұмыс жалғасуда», - деді В. Беккер.
Сондай-ақ, комитет басшысы өңірлердегі орнатылған батуттар санына жекелей тоқталып өтті.
«Облыстар бойынша айтар болсақ, Қарағанды облысында - 63, Алматы облысында - 30, ШҚО - 24, БҚО - 23, Қызылорда облысында - 21, Павлодар облысында - 15, Нұр-Сұлтан қаласында -10 және Алматы қаласында 17 батут бар. Қалған өңірлердегі батуттардың саны 10-ға жетпейді. Қайта еске салғым келеді, Қазақстандағы барлық батут саналып біткен жоқ. Оның үстіне, жаз маусымы енді ғана басталды, сондықтан бұл сан өседі деп ойлаймын. Осы айдың соңында батуттарға қатысты толық ақпаратты жария ететін боламыз», - деді ол.
Еске салайық, кеше ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер батуттардың қауіпсіздігін бақылау мәселесі қалай реттеліп жатқанын айтып берді. Ол қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыратын бірнеше себепті атады.