11 қар, 2016 сағат 13:58

Басты құндылық – бала құқы

Бас прокуратурада еліміздің Бас прокуроры Жақып Асановтың төрағалық етуімен өткен алқа отырысында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы құқық бұзушылықтар профилактикасының мәселелері талқыланды. Келелі кеңеске Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.

Отырыста балалардың жыныстық тиіспеу­ші­лігіне қарсы қылмыстардың алдын алу және олардың деңгейін төмендету бойынша ша­ралар қабылдауға, сексуалдық зорлық-зом­былықтан зардап шеккен балаларды анық­тауға және оларға көмек көрсетуге, сонымен қатар, тұрғындардың хабардарлық дең­гейін арт­тыруға бағытталған іс-шаралар жос­парының жобасы таныстырылып, талқыға салынды. Жасөс­пірімдерге қа­тысты құқық бұзушылық соңғы кез­дері ғаламдық проблемаға ай­налып, онымен бүкіл адамзат күресіп жатқанын атап өт­кен Ж.Асанов: «Мұндай зорлық-зомбылықты бастан өткер­ген балалар өмір бойы қиналып, зар­дап шегетіні белгілі. Ондай әрбір оқиға – бұл отбасы үшін және бүкіл қоғам үшін трагедия әрі бала жүре­гінде айықпас жара болып қалады. Сон­дықтан да «Проку­ра­тура туралы» Заңның 25-2-бабына сай, арнайы Үндеу жария­лауды жөн көр­дік. Онда жұрт­шылықты, ата-аналар­ды, педа­гогтарды мейлінше сақ болуға, балаларды қа­рау­­сыз қалдырмауға, оларға абай болуды үйре­туге, қауіпті және бел­гісіз жағдайларда өзін ұс­тау­­дың қарапайым қағида­ларын үйретуге шақы­рады» деді.

Ал алқа кеңесінде аталған мәселе төңірегінде арнайы баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко елімізде ағымдағы жылы 183 бала зорлық көрсетушілердің құр­банына айналғанына тоқтал­ды. «Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37 пайыз төмен десек те, жағдай санды деректер­мен ба­ға­лауға келмейтіні бел­гілі. Өйткені, Бас прокурор тоқталып өткендей, әрбір оқиға – әр­бір отбасы және бүкіл қоғам үшін үлкен тра­ге­дия, бала өмірінде орны толмас өкініш екені анық», – деді ол.

Сонымен қатар, А.Крав­чен­ко жасөспі­рім­дерді түрлі қауіп-қатерден сақтандыру мен зорлық-зомбылықтан құт­қа­ру мақсатында әлеуметтік желі­лерге қатаң бақылау жүргі­зу қажет­тігін ескертті. Сол сияқ­ты, кәмелет жасына толмаған балалардың түрлі ағымдағы сайттар арқылы да жаттың жетегінде кетіп, опық жеп қалуы мүмкін екендігін жоққа шығармайтынын айтты. Одан бөлек ел аумағындағы тиісті ведомстволар арқылы қоғамдық орындар мен мектеп, балабақша, білім ордаларында ел-жұртқа жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізетін уақыт келгендігін де жеткізді. Бұл ретте бүлдір­шін­дерімізді қиянаттан қорғау­ға бағытталған осындай үгіт, наси­хат жұмыстарына Бас прокурор­дың өзі белсенді қатысып, барлық істің басы-қасында жүруге дайын екендігін білдірді.

Сондай-ақ, алқада сөз алған депутат, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева да бұл бағыт бойынша атқарылып жатқан елеулі жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, алдағы күн­дері телеарна арқылы айына бір рет республика көлемінде «Сынып сағаты» жобасы іске қосылмақ. Бұл жобаға елдегі бар­лық мектептер мен ата-аналар және еріктілер қауымы бел­сенді қатысып, балалар құқы­ның қорғалуы мен оларға көрсе­тілетін қамқорлықтар, мем­лекет тарапынан көрсе­ті­летін жеңілдіктер, құқықтық кеңестер туралы айтылып, талқы­ланатын болады. Соның арқасында адамдар қоғамдағы әртүрлі жайтқа салғырт қарауды қояды деген сенімнің бар екені айтылды. Сол сияқты, жақын күндері Зағипа Яхия­қызымен тікелей тілдес­тіретін жедел телефон желісінің қызметке кірісетіндігі де осы жиында белгілі болды. Онда қандай да бір жағдайға ұшырап, шұғыл көмек қажет еткен кез-келген жасөспірім немесе ата-ана тәуліктің кез-келген уақы­тында қоңырау шалу арқылы тиісті көмегін алатын болады. «Сон­дықтан да, тығырыққа тірелген сәтте, дереу қол ұшын созатын осы жедел желінің тиім­ді қызмет көрсетуіне елдегі барлық ведомстволарды атсалысуға шақырамын», – деді З.Балиева.

Жиын қорытындысы бойынша бұл тақырыпты ор­талық мемлекеттік органдар­мен және қоғам болып тал­­­қылау жөнінде шешім шы­ға­­ры­лды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»