XX ғасырдың басында халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Міржақып Дулатов еліне «Оян, қазақ!» деп үн қатса, бұл шақыру кейінгі толқын алаш тінді зиялы қауым өкілдерінің ұранына айналды.
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты!
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты!»
Осылайша ұлт намысына қамшы болар сөз айту, қалың әлеуметтің қамын жеу, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтау саясатпен айналысқан алып тұлғаларының ғана қолынан келген. Сөйтіп, олар тар жол, тайғақ кешулі осынау тарихи миссияда басын бәйгеге тіккен, ғұмырын сарп еткен. Бұл «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғысы келген» талай оқығандарымыздың ғұмыр көшіне, тағдыр-талайына тән құбылыс еді. Осы тәлімді тағылым, Алаш көсемдерінің рухына адалдық қазіргі қазақ зиялыларының іс-қимылынан, дүниетанымынан, қайраткерлік қасиетінен лайықты жалғасын таба берсе екен деп тілейміз. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ұлттық санаға зор сілкініс әкелген өткен ғасырдың 90-жылдарының оқиғаларын орағытып кету мүмкін емес. Дәл бүгінгі таңда, еліміз тәуелсіздігінің он жылдан астам қоғамдық өмірінің әр сәті ой елегінен өтіп, қайта сарапталып, әр нәрсе өзінің шынайы тарихи, саяси бағасын алып жатқан шақта ұлт намысына ұйытқы болған проблемалар төңірегінде арнайы сөз қозғап, оны қарастыру қоғамдық қажеттіліктен туындап отыр. Осы ретте, рухани үрдісімізде елеулі рөлге ие бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған міндеті қандай болды? Біз одан қандай тағылым түйеміз деген сауал өзінен-өзі туындайды.
Проблемаға бойлау үшін тарихи ақиқатқа жүгіну керек. 90-жылдардың сыпаты қандай еді? Кеңестер Одағының әміршіл-тоталитарлық жүйесі өзінің құлдырау шегіне жетті. Қаржы құнсызданып, экономикалық байланыстар әлсіреді. Қысқасы, қоғамдық, экономикалық өмірдің қай саласында да дағдарыс белең алып, мұның өзі алып империяның күйреуіне әкеліп соқты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп жазады: «Коммунистік режимнің сан жылдар бойғы күш-жігерімен құрылған тоталитарлық қоғам көз алдымызда және де елеулі сыртқы ықпалдың әсерінсіз-ақ ойыншық үйшіктей быт-шыты шықты. Аса қуатты державаның соншалықты тез және қайтып келместей күйреуінің көптеген себептерін атауға болар еді. Бірақ, меніңше, олардың ең бастысы, КСРО-да бастапқы кезден-ақ адамның өзін-өзі ұғына білу және өз тағдырын өзі айқындау механизмінің болмағандығына байланысты. Кеңес адамдары өздерін өз өмірлерінің, өз меншігінің, өз елінің шынайы қожайындары ретінде ешқашанда шынайы сезінбей, тек партиялық, мемлекеттік мәшиненің тілсіз бұрандасы ғана болып келді».
Осының салдарынан бұрынғы одақтық жүйенің түкпір-түкпірінде демократиялық қозғалыстар белең алып, ұлттық санада сілкініс басталды. Мұның бәрі жиылып келіп одақтас республикалардың ортақ одақтан қол үзіп егемендік, тәуелсіздік жариялауына ұласты. Айтуға ғана жеңіл болғанымен бұл процестер қоғамдық-саяси өмірімізде оп-оңай өте қалған жоқ. Түрлі саяси қозғалыстар, топтар мен бірлестіктер арасындағы көзқарастар қайшылығы, мінез шарпысулары белгілі бір өңірлерде қақтығыстар алдындағы ахуалға алып келді. Айталық, республика тарихындағы «ақтаңдақ» жылдарға қайта баға беру, әділеттілікті орнықтыру, ел егемендігі, тіл мәселесі, жер тағдыры, елді мекен атаулары жөніндегі пікірталастар аса өткір жағдайда өткені белгілі. Біздіңше, осынау күрделі мәселелердің оң шешім табуына, ақыл-парасаттың үстемдік етуіне бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ газеттері айтарлықтай үлес қосты. Оған тәуелсіздік тарихын шежірелеп жатқан газет-журнал тігінділері куә.
Енді, нақты мысалға жүгінелік. Қазақстан жерінің аумақтық тұтастығы қайтіп сақталмақ? Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алуы тиіс пе, жоқ па? Ел тарихындағы ақтаңдақ жылдар бағасын қалай береміз деген сауалдар исі қазақ үшін ең шетін, өзекжарды мәселелер болып келген. XX ғасырдың басында әйгілі «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Серке» газеттері, «Айқап» журналы осы жағдаяттарды тарих сахнасынан кете-кеткенінше жазып кетті. Осы үрдіс, біздің ойымызша, енді ғасырдың соңғы он жылдығында Алаш әлеуметінің мінбері болып, халықтың саяси санасына әсер етсем, қоғамдық пікір қалыптастырсам деген қазақ басылымдарының күнбе-күнгі ізденісінің өзегіне айналды. Замана рухына сай, жаңа дәуір талаптарына орай дәстүрлі басылымдар өз атауларын өзгертіп қана қоймай, жаңа мазмұнмен, тың тұрпатпен, соны ұранмен оқырмандарына үн қатты. Айталық, «Социалистік Қазақстан» – «Егеменді Казақстан» (кейін «Егемен Казақстан»), «Лениншіл жас» – «Жас Алаш», «Қазақстан пионері» – «Ұлан», «Қазақстан коммунисі» – «Ақиқат», «Мәдениет және тұрмыс» – «Парасат», «Білім және еңбек» – «Зерде», «Партийная жизнь Казахстана» – «Мысль», «Коммунизм туғи» – «Уйгур авази» болып өзгерді. Мұның сыртында ескі сартап қалыптан арылып, жаңа дәуір лебімен рухтанып, өз атауларын өзгерткен облыстық, аудандық, салалық газет-журналдар қаншама? Осылармен бір лекте Егемендік үмітімен ілесе, Тәуелсіздіктің төл нәтижесіндей болып республикалық «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Түркістан», «Халық конгресі», «Азия», «Мәдениет», «Жас қазақ», «Өркен» деп аталатын газеттер дүниеге келді. Бұлардың бәрінің атауларын өзгерткен бұрынғы басылымдардың да, жаңадан тұсау кескен жаңа газет-журналдардың да мақсат-мұраты біреу еді. Ол – ел егемендігінің баянды болуына, Тәуелсіздік атты ұғымның тамыры терең тартуына барынша үлес қосу. «Газеттер, – деп атап көрсетті «Халық кеңесі» апталығының алғашқы нөміріне байланысты құттықтау сөзінде Н. Назарбаев, – республикадағы ұлтаралық қатынастардың жағдайы мен келешегін мұқият талдауға тиісті. Олардың мақалаларында кез келген ұлт пен ұлыс адамдарының тіліне, мәдениетіне және әдет-ғұрпына қалтқысыз құрмет байқалу шарт. Әлбетте, бүкілқазақстандық жаңа газеттеріміз тәрбие, білім беру, парасаттылықты арттыру, мораль, экологиялық жағдайды күрт жақсарту, халықтың денсаулығына қамқорлық, бір сөзбен айтқанда, халық депутаттарының бақылауындағы және республиканың бүкіл халқы тыныстап отырған мәселелерге айрықша ынта қоюға тиіс».
Осы принципті мәселелерді басшылыққа алған мерзімді басылымдар, біздің пікірімізше шын мәнінде азаттық рухының күміс қоңырауына, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болуға ұмтылды. Қуаныштысы сол, көп жағдайда қазақ газеттері, республикада шығатын басқа да басылымдар сол діттеген мақсаттан шығып жатты. Жаңа дәуір, жаңа заман рухына сай жасанып, таранып шыға бастаған басылымдарда ел өміріндегі қоғамдық-саяси үрдісті шынайы ашып көрсетуге бағытталған жаңа айдарлар, тың тақырыптық жүйелер көрінді. Айталық, «Халық кеңесі» газетінде «Жоқшысы болмаса – жер жетім», «Замана запыраны», «Халықтың тіні – тілі», «Ғазалда – ғасыр ғибраты», «Адырна», «Ілкімділік – ілгерілеу кепілі», «Ізгілікті қоғамға барар жолда», «Егемен Қазақстан» газетінде «Нарықтың жүгін нар тартар», «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Елін сүю – ерге сын», «Бір ауыз сөз», «Жас Алаш» газетінде «Ойтүрткі», «Жүрекжарды сөз», «Нарықтық экономика қадамдары», «Қазақ әдебиеті» газетінде – «Көзқарас», «Ашық әңгіме», «Таным», «Көкейде жүрген көп сұрақ», «Ана тілі» газетінде «Ұлт болам десең ұрпағыңды ойла», «Төрт құбыламызды түгендейік», «Заман – Қазақстан» газетінде «Үшінші мыңжылдық табалдырығында», «Қазақ зиялылары: өткені, бүгіні, ертеңі», «Қазақтану» деп аталатын айдарлар оқырман жүрегіне жол тапты десе де болады. Осы айдарлар аясында жарияланған материалдар өзінің өткірлігімен, айтар ойының тереңдігімен, ұлт рухын, патриотизмін оята алсам деген мақсат негізінде жазылғандығын ерекше атап өткен жөн. Осы пікірімізді орнықтыру үшін бірер мысал келтірелік. Айталық «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы қараша айының 27, 30 жұлдыздарындағы және желтоқсан айының 1 жұлдызындағы нөмірлерінде көсемсөздің көрнекті өкілдерінің бірі, талантты қаламгер Әбіш Кекілбаев ұлт намысы туралы толғанып, «Арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл» деген мақаласын жариялады. Мұнда автор өтпелі кезеңнің арғы-бергісінде жаңаша ойлау машығына көндіге алмай, көп мәселеге үстірттеу қарап жүргендерге ұлттық мемлекет идеясы, ұлттық сана, ұлттық намыс мәселелерін ұғындыруға, оны бүге-шігесіне дейін талдап беруді ниет еткен. «Біздер бұрын ел қорғаған батырларымызбен мақтанатын едік, – деп жазады Ә. Кекілбаев, – біраздан бері «өз ортамыздан пәлен министр, түген профессор шықты», – деп қуанатын болдық. Бұл біздің намысшылдығымыз. Ендеше, сол намысшылдығымызды жаңа заманға лайық жаңа үрдістер игерудің психологиялық қаруына неге айналдырмаймыз?! Біз неге іскер адамдарымызға, білгір мамандарымызға мақтанбауымыз керек? Қазір ғой қандай елге барсақ та, ең алдымен, ол елдің комфортын, сән-салтанатын, шығаратын бұйымдарын, кісі құрметтеу, қызмет көрсету мәдениетін ауызға аламыз. Қазір адамды, қауымды бағалаудың қағидалары да өзгеріп кетті. Сол жаңарған қағидалар қазақтар үшін жат болар ма еді? Жоқ, жат болмас еді. Казақтар да бір кезде адамдарды көргенді-көргенсіз, тәрбиелі-тәрбиесіз деп бөлетін. Не болмаса, кісі бағалағанда, оның ұстаған шаруашылығына, мінген атына, киген киіміне, құрып отырған тұрмысына қарап бағалайтын. Неге біз жаңа іскерлікті игеруді немесе жаңа мамандықтарды меңгеруді осындай бәсекеге айналдырмаймыз?! Біздің халқымыздың табиғатында бәсекешілдік бар. Біздің намысшылдығымыздың өзінде де әлгіндегі бәсекешілдік жатыр. Неге біз осы бәсекешілдігімізді жаңа заманға ыңғайлануға пайдаланбаймыз?!
…Ұлттық жауапкершілігіміздің бүгінгі таңдағы бірден бір өзегі – экономикалық тәуелсіздікті қалыптастыру болса ләзім. Ұлттық намысымыз сол экономикалық тәуелсіздікті қалыптастыратын қасиеттерді бойымызға тездетіп дамытуға түрткі болғаны дұрыс. Егер, бізде сондай сана, сондай намыс неғұрлым тез қалыптасса, онда біз дегенімізге солғұрлым тез жете аламыз». Газет осы бір ойлы мақаланы жариялау арқылы өзге қазақ зиялыларын ашық пікір алысуға шақырды. Әлеумет бойында отаншылдық сезім мен патриотизмді қайтсек оята аламыз деген сауалға жауап іздеді. Ол көзі қарақты кісілерді ортақ мұрат орайындағы шаруаға ұйытқы болуға үндеді. «Егемен Қазақстанның» бұл ниеті көпшілік тарапынан қолдау тапқаны анық еді. Сөйтіп, осы материалға үндес 1993 жылдың ақпан айындағы 17,18,19 нөмірлерінде Қуаныш Сұлтановтың «Үйлесімділіктер мен қайшылықтар» деп аталатын сериялы мақаласы жарияланды. Мұнда Ә.Кекілбаев ойына қазық болған мәселелер одан әрі тереңдетіліп, ескі догмалық түсініктермен күрес жолдарына барлау жасалынады. Автор руханият саласында белең алып отырған ахуалға өз көзқарастарын білдіріп, оны табандылықпен шешудің жолдарын ұсынады.
Біздіңше, ол қоғам өмірі келеңсіздігінің саяси-әлеуметтік астарына, сырына үңіледі. Өтпелі кезең деп аталатын қоғамның ішкі қайшылықтарына назар аударады. Олардың пайда болуының себептерін, бәсеңдету немесе тоқтатудың ашығын, анығын айтады. Қ.Сұлтановтың материалдары біржақтылықтан ада, оның ой қорыту, жазу машығына сыпыра, сипай мақтау тән емес. «Бұрын бір ғана мемлекеттің, яки өкіметтің қолында болған меншіктік, негізгі қор, негізгі өндіріс, қаржы бүгін сан-салаға кетті, – дейді ол. – Әрине, бұл нарықтың заңы. Барлық нарықтың заңымен өкіметтен тек несие ғана алып, өз кәсібін құрып, байыған адамға сөз бар ма? Қайта сондайлар көбейсе екен дейміз. Бірақ, осы бөлісті адал еңбек адамдарынан гөрі пысықайлар, алаяқтар көбірек, ұтымдырақ пайдаланып келеді. Жүдеушілер көп, өте-мөте ауыл жүдеп барады. Қолында өндірісі, не сауда мекемесі бар ірілі-ұсақты басшылар да қарап қалып жатқан жоқ. Көз алдымызда өкіметтің, халықтың қаржысына салынған мекемелер бір-ақ күнде бір адамның ғана фирмасы болып шыға келгенде не деріңді білмейсің?! Бұның аты – өкімет есебінен баю … Бірақ, «бәрі заңды». Демек, қабылданып жатқан заңдарымыз да әлі тиісті дәрежеде толыққанды емес. Заңдардың дүмшелігін әлгіндей топтар дер кезінде пайдаланып, өз қорын толықтырып, қалтасын қалыңдатып, мәз-мәйрам. Ол «фирмачтар», коммерсанттар, бизнесмендер, тіпті, ханға сәлем беруден қалып барады. Той үстінде өзінің жақынына жеңіл мәшине сыйлай салу оларға түк емес. Тек көңіл түссе болғаны. Осы әңгіменің бәрі ел аузында. Жұрт осыған назалы … Бұрын да мұндай ұрлықтар болып жататын, бірақ нарық саясатына көше бастағанымызды жариялап, жаңа заңдар қабылдай бастағалы ұрлықтар «ұрлық», «алыпсатарлық» (спекуляция) деген аттарынан «құлантаза құтылып», «коммерция», «еркін сауда» деген жаңа аттармен көмкерілді де ешкімнің күші жетпейтіндей «құдіретті» күшке айнала бастады. Міне, осындай жағдайда бұқара халықтың «мемлекет қайда, билік қайда, олар қайда қарап отыр?» деп ренжуі де, жауап іздеп дал болуы да әбден орынды. Автор шымбайға батқан шындық туралы осылайша толғанады. Ал, енді, газет осы жоғарыда тілге тиек болған мақалаларды жариялай отырып алдына қандай мақсат қойды? Және ол мақсат орындалды ма? Міне, ендігі әңгіме осы хақында. Біріншіден, біздің ойымызша мақалаларға негіз болған тақырыптың өзектілігі. Екі автор да қоғамдық өмірімізде қалың әлеумет килігіп отырған мәселелерге өз көзқарасын, ой-топшылауын бүкпесіз білдіреді. Өтпелі кезеңнің ең өзекжарды, түйінді жағдаяттары, нарықты экономиканың күнгейі мен көлеңкелі тұстары талқыға түседі. Екіншіден, демократиялық принципке сүйене отырып, газет автор таңдауда, мінбер беруде талғампаздық танытқан. Себебі, мұндай тақырыпта кезінде билік басында болғандарды, я болмаса іс басында жүргендерді сөйлету, олардың қоғамдық болмыстың ақиқаты туралы бүкпесіз айтуы қиынның қиын шаруасы болатын. Шектен тыс секемшілдік пен сақтық бұрынғы партия номенклатурасындағы кісілер үшін жазылмаған қағида еді. Ой-санадағы осы бір «дерт» көптеген азаматтың шынайы позициясын айқындауына кедергі болып келді. Қаншама құнды пікір, ұтымды ой қоғамдық өмірге жол таба алмай семіп қатып қалды. Сондықтан болуы керек, көбіне-көп сөз бен істің үйлесім таба алмай жататыны. Сөйтіп, олар туралы біржақты пікір қалыптасты. Ал, «Егемен Қазақстан», біздің пікірімізше, жоғарыдағы мақала авторларына мінбер беру арқылы, міне, осы көзқарасты бұзуға тырысты. Билік басындағылардың бәрі бірдей ескі, сартап идеологияның қалыбында қалып қоймағандығына әлеуметтің көзін жеткізсем деді. Ол мақсат біршама орындалған да. Себебі, Ә.Кекілбаев дәуір тудырған міндеттерді шешуге қалың әлеуметті, зиялы қауымды шақырып, ұлтты ұлықтау үрдісін үндесе, Қ.Сұлтанов замана болмысының түйінді мәселелерінің сырын ашуға ниет қылады. Демек, екі автордың да материалы іштей біріне бірі сабақтас, логикалық байланыста дайындалған. Материалдар осынысымен де құнды. Сөйтіп, елімізде демократиялық жаңғырулар басталғалы бері ел ішіндегі қайшылықтарды тек оппозиция өкілдері ғана айта алады деген пікірге соққы берілді. Іс басындағы азаматтарымыз ел үстінен ғана күн көріп жүрген жоқ екен. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жандар қайда деп биліктегі зиялыларымызға кінә тағу әлі ерте екен. Міне, бұл мақалалардың жариялануы қалың оқырман қауымның көзін осы пікірдің ақиқаттығына жеткізді. Үшіншіден, осы мақалалардың жариялануы облыстық, аудандық билік маңайында жүрген азаматтарға ой салды. Олар ендігі жерде халықтың мұң-мұқтажын біліп қана отыру аздық ететіндігін, оны көпшіліктің талқысына салу, толғаулы мәселелердің шешімін, патриоттық сезімді қалыптастыруды бірлесе іздеу керектігін сезінді. Бұл ретте тасқа басылған сөздің, газет жарияланымының пәрмені, күш-қуаты қаншалықты болатындығын, жүректен шыққан сөздің ғана жүрекке жететіндігін дәлелдеп жатудың өзі артық шаруа екендігі ақиқат.
Ілгеріде қалай еді? Газет-журналдардың тиісті бөлім қызметкерлері дайындаған материалдарға партияның орталық комитеті жетекшілері, республикалық министрліктер мен ведомстволар басшылары, обком хатшылары, басқа да лауазым иелері ойланбастан-ақ қол қоятын. Сөйтіп, адам көзқарасына тигізер ықпалы әлсіз, өмірдің ақиқат шындығынан алшақ, көлемді мақалалар газет беттерінде жарияланып жататын. Оның сол мақалаға қол қойған авторға да, оқырманға да әлеуметтік-саяси тұрғыдан пайдасы бола бермейтін. Ал, жаңа дәуір жаңа міндет қойды. Қоғам, мемлекет өміріндегі құбылыстарға, отаншылдық мәселесіне жаның ауырып, қинала отырып жазған мақала ғана көпшіліктің көкейінен шығатындығын, сол сөз ғана әлеуметті соңынан ерте алатындығын дәлелдеді. Қазақ баспасөзі тарихында ондай тәжірибе мысалы көптеп саналады. Айталық, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Қасым Тәукенов сынды мемлекет қайраткерлерінің өнегесі билік басына жеткен талай қазақстандық зиялыларға үлгі боларлық-ақ дәстүр. Өкінішке орай, тоталитарлық дәуір тұсында мұндай жансүйсінтетін жағдаяттар аракідік қана кездесіп отырды. Ал, қарапайым оқырман қауым, қалың әлеумет ақиқаттың алдында қасқая тұрып жаны ауыра бұқараның тілегін тілеген лидерлеріне бір табан жақындай түсетіні сөзсіз еді. Бұл көш бастаған кісілер үшін баға жеткізгісіз саяси капитал. Өз перзенттеріне деген ел ішінің құрметі «Темекең солай депті», «Ілекеңмен кеңесіп көргенде», «Өзағаңның өзі бас болып» деп басталатын әңгімелермен әдіптеліп жатушы еді. Биліктегі басшыларға деген халық сенімі осылайша дәріптеліп көңілге қонатын құбылыс еді.
Жаңа талап уақыт рухына сай қимыл жасау міндетін қойды. Ендігі жерде миллиондар алдында халықтың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын Т.Жүргенов, I.Омаров пен Ө.Жәнібековтер айтатын сөз керек болды. Ал біздің тілімізге тиек болған Ә.Кекілбаев пен Қ.Сұлтановтың мақалалары журналистер әлеуметінің осы бір ниетті жүзеге асырсақ деген талпынысының нақты бір мысалы еді. Мұның өзі «көше» демократтарын ауыздықтаудың және бір жолы екендігін уақыт байқатты. Сөйтіп, газет осы принципті мәселелерді назарға ала отырып, өзінің қоғамдық ой-сана көшіндегі ұйымдастырушылық рөлін айқындай түсті. Бұл, әрине, бағалы тәжірибе одан әрі жалғасын тапты. Әне бір жылдары билік басында жүрген кісілердің қоғам ақиқаты туралы ой толғауы, ақиқатты ақтарыла айтуы мүмкін еместей көрінетін. Ал, демократиялық жаңғырудың, ой-санадағы жаңашылдықтың басында ел басқарған азаматтар қалың қауыммен осылайша еркін ой бөлісуді, бұл ретте баспасөз бетінен сөз сұрауды дәстүрге айналдырды. Осы дәстүр, зиялы қауым өкілдеріне мінбер беру, сөйтіп қоғам жағымсыз құбылыстарынан арылтуға үлес қосу баспасөз атаулының парызы саналды. Осы бастама қазақ газеттерінің қалың бұқара арасында жүргізіп отырған өміршең акцияларының бірі ретінде де бағаланды.
Республикамыздың бас газетінде соны із салған осындай жарияланымдар өзге де басылымдар бетінен көріне бастады. Айталық, «Халық кеңесі» өзінің алғашқы нөмірлерінен-ақ алаш әлеуметінің ықыласына бөленген газеттердің бірі болды. Басылым күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге орай мақсатты айқарма беттерді ұйымдастырып тұруды дәстүрге айналдырды. «Жоқшысы болмаса жер жетім» (22-28 мамыр 1990 ж.) «Зиялыдан шыққан сөз, зерделіге болсын кез» (4 маусым 1990 ж.), «Коғамдық сана көшін кім бастайды?» (30 шілде 1990 ж.) деп аталатын айқарма беттер оқырмандар ойынан шығып, оған өздері де үзбей атсалысатын болды. Мұның сыртында Ғ.Сапарғалиевтің «Қазақтың жері кімдікі?» (12 наурыз 1991 ж.), жазушы Ж.Сомжүрековтың «Шыңыраудан шығар жол» (30 мамыр 1991 ж.), М.Сүлейменовтың «Ет жүрегім елжіреген елім-ай» (18 шілде 1991 ж.), Ж.Бекболатовтың «Көн қатса қалыбына» (13 тамыз 1991 ж.) К.Нұрпейісовтың «Көмусіз қалған боздақтар» (23 қараша 1991 ж.) деп аталатын материалдарын атап өту керек. Бұл мақалалардың қай-қайсынан да қаламгерлердің азаматтық-патриоттық позициясы айқын байқалып тұрады. Мәселен, журналистің азаматтық позициясы, отаншылдық сенім-нанымы, оның мамандық мәртебесіне адалдығы дегенде 1991 жылғы бұрынғы одақ көлеміндегі тамыз оқиғасына байланысты жағдаяттар сабақтарын есте ұстаған орынды.
«Орталық Қазақстан» газеті республика бұқаралық ақпарат құралдары ішінде өзіндік орны бар, авторлық контингенті қалыптасқан басылымдардың бірі. 90-жылдары осы газетке республикаға белгілі қаламгер Нұрмұхан Оразбек бас редактор болып келген соң-ақ оның материалдарының сапасы артып, шын мәнінде оқырман қауымның ой бөлісер мінбері болуға құлшыныс байқалды. Себебі, көбіне-көп ұлттық ояну, мәселеге демократиялық принциптер тұрғысынан баға беретін мақалалар жариялау еңбек ұжымының бүкіл ізденісінің түп негізіне айналды. 1991 жылғы тамыз оқиғасы бұл газет тағдырынан да орағытып кете алған жоқ. Баршаға мәлім, сол тұстағы бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары зордың күшімен, жоғарғы жақтың дүмпуімен КСРО-дағы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің мәлімдемелерін, құжаттарын жариялап жатты. Осы тұста «Орталық Қазақстан» газеті де бұл оқиғаға өзіндік көзқарасын білдіріп, бағасын берді.
Газеттің 20 тамыз күнгі нөмірінде «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні төңкеріс болды» деп шапка берілді де, іле «Иә, бұл төңкеріс» деген тақырыппен бас редактор Н.Оразбектің мақаласы жарияланды. Мақаланың жариялануына байланысты бүкіл жауапкершілікті «… осы үшін бәрін өз мойныма алам» деп автор бұл бүліктің демократиялық принциптер рухына сай еместігін батыл айтып, тоталитарлық режим қаупінен сақтандырды. Оны айыптады! Сол тұста бүкіл ел көлемінде ТЖМК-ге қарсы батыл, ашықтан-ашық саяси көзқарасын білдірген журналистердің бірі Н.Оразбек еді. Бұл – тарихи шындық. Ал, тарихи шындықты тарих шежіресінен сызып тастай алмайтыныңыз тағы ақиқат! Осынау ірілік А.Байтұрсынов, М.Дулатов салған көсемсөзшілер мектебінің заңды жалғасындай болса, ұзақ уақыт моноидеология құрсауында қалған журналистердің жаңа дәуір талабына сай тың ізденіс үрдісіне жол ашты. Газеттер мен журналдар арасында шын мәнісіндегі әріптестік шығармашылық сайыс басталды. Басылымдар қоғамдық-саяси өміріміздегі өзекті мәселені алғаш болып көтеруге, оқырмандар назарын өзгелерден бұрын өздеріне аудартуға, сөйтіп бірінен бірі асып түсуге тырысты. Бұл игілікті үрдіс, қоғамдық институт ретіндегі олардағы жаңа құбылыс еді. Сондықтан да болуы керек, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1997 жылғы 29 шілде күнгі нөміріндегі ғалым Р.Бердібай мен журналист Д.Рамазанның «Ұлттың ұлы мұраты» деген тақырыптағы сұхбаты, дәл осы нөмірдегі Б.Жетекбайдың «Шындық шырайы немесе ұлт мұратын іздеу…», А.Әлімнің «Патриотизм және мещандық» (29 қыркүйек 2000 ж.), «Қазаққа патриотизм керек пе?» деген мақалалары (1 қыркүйек 2000 ж.), профессор Қ. Жарықбаев пен журналист Қ.Боқаевтың «Ұлттық психологияны оқыту – ұлтшылдық емес» деп аталатын сұхбаты, «Ана тілі» газетінің 1996 жылғы 9 мамыр күнгі нөміріндегі С.Медеубековтың ұландар рухындағы ұлттық патриотизм туралы толғаған «Ахау, құмған-ай, отта тұрған-ай», «Заман – Қазақстан» газетіндегі Б.Тазабектің «Тәуелсіздік және казақы рух» (10 қазан 1997 ж.), С.Нұрмұратовтың «Тәуелсіз елдің ұлттық ділі» (15 наурыз 1996 ж.), М.Қойгелдиевтің «Халықты тұқырту-өнерге айналмасын» (12 ақпан 1999 ж.), С.Дорженовтың «Бүгінгі қазақтың рухы қандай?» (31 мамыр 1996 ж.), республикалық қоғамдық-саяси «Мысль» журналында жарияланған Д.Кішібековтің «Жүректен шыққан жүрекке жетеді» (№12, 2000 ж.), Ә. Қалмырзаевтың «Қазақстандық патриотизм туралы сөз» (№12, 2000 ж.), А.Коноваловтың «Халықтық патриотизм: идеядан – нақты іске» (№12, 2001 ж.) деп аталатын материалдары тақырыптарынан-ақ көрініп тұрғанындай ел өміріндегі ең өзекжарды мәселелерді қамтығаны айқын аңғарылады.
Осынау үрдістен республикамызда шығатын ұйғыр диаспорасының үні «Уйгур авази» газеті де қалысқан жоқ. Оның авторлары Қазақстан ортақ үйіміз, оны сүю, ардақтау парызымыз, басымызға күн түскенде пана болған киелі мекен деген ой желілері газет жазар тақырыптардың арқауына айналды. Осы ретте А.Назаровтың «Бірлік – гүлдену мен дамудың кепілі» (22 наурыз, 1991 ж.), Р.Ерғалиеваның «Ұлттық мәдениетті өркендету қасиетті іс» (8 қаңтар 1994 ж.), Р.Тохтахуновтың «Достығымыз дамуымыздың негізі» (24 қазан 1998 ж.) деп аталатын мақалалары қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы өздерінің ой толғамдарын ортаға салады.
Қысқасы, қолына қалам алған қай қаламгер де мейлі ол қазақ болсын, орыс болсын, ұйғыр болсын, қай-қайсысы да ел рухын көтеру, ұлт намысын ояту, сөйтіп отаншылдық, патриоттық сезімін қалыптастыру жолдары қандай деген сауалға әр автор өзінше ой топшылайды, нақты ұсыныс айтады. «Жалпы, екіжүзділік, парақорлық, біреуді біреу алдау-арбау, биліксүйгіштік, атаққұмарлық, қолында байлық пен билік болғандардың алдындағы құлдық психологиясы сияқты нәрселер етек жайғанда, рухтың шыңырау түбіне құлдырауы заңды құбылыс, – дей келіп С.Дорженов былайша ой қорытады: – Өңшең «соқыр, таскерең мылқау» қоғамның мүшесі болғанды қойып, қолдан келгенше заңды бұрмалаушылыққа бірігіп күресу. Өмір қашанда күрес екенін ұмытпау, спорт, дене шынықтыруды бүкіл ұлттың күнделікті әдетіне айналдыру, рас бұл әзірінше өте ауыр (әлеуметтік мәселелер), күрделі шаруа болып тұр ғой, бірақ түбі шешілер, оған тек зор үмітпен қарап, шыдамдылық жасау, «өлді деген осы екен» деп пессимизмге түспеу керек». Ал, С.Нұрмұратов «… халықтың генофондын, ағзалық құрылымын барынша күйрететін процестер жүріп жатыр. Онымен күрес … тым самарқау. Келесі ұрпақтардың жағдайын қазірден ойламасақ, ақыл мен парасат, ілім мен білім не үшін қажет» деп сауал қояды да, «Тарихшы тарихтың небір қыртыстарын тізіп көрсетсе, өнердегі дарын өмір шындығын көркемдеп жеткізсе, философ білімдердің басын біріктіріп терең тұжырымдар айта бастаса – ділімізді байыта түсерімізге, замана үнін терең ұғарымызға, оларды әртүрлі бұрмалаудан (деформация) қорғай алатынымызға шүбә жоқ» деп пікірін тұжырымдайды. Осы пікірді Б.Тазабек былайша дамытады: «Бүгіндер қазақы рухы болаттай берік қып біріктіріп тұратын экономикалық, рухани, мәдени және тілдік орта болмай тұр». Сол үшін де дейді ол «кәдуілгі атышулы идеология керек екендігі даусыз шындық болса керек… Бұл тұрғыдан келгенде… ұлттың экономикасын, мәдениетін, қазақы рухани дүниесін бүгінгі тығырықтан алып шығып, ырысты да берекелі биік көк жайлауларға көтеріп, алдағы жаңа заманда бүкіл адамзаттық өркениеттің бел ортасынан өзіне лайықты орын ала білу – бүгінгі қазақ халқы үшін әрі сын, әрі міндет» деп қалың әлеуметке ой салмағын тастайды.
Жазушы, ақын Аманхан Әлімнің тәуелсіздікті баян ету жолдары мен құралдарын мезгеген мақаласы да аса құнды. «Қазіргі қолда бар, басымызға қонған бақ – тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінуіміз керек. Ештеңе көктен түсе қалмайды. Қай нәрсенің де себеп-салдары болады, – дейді ол. – Қазір кейбір ел-жұрт сол тәуелсіздік үшін жан беріп, жан алысуда. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде біз ойлануға тиіспіз. Қазақ халқының оған толық құқы бар. Сол жолда ол аз қан төгіп, аз көз жасын көл еткен жоқ. Егер, әр ғасырдағы ұлт басына төнген қайғы-қасіреттерді теріп, термелей берсек, онда оған біздің қаламымыздың да сиясы жетпеген болар еді… Қазақстанды тәуелсіз де егеменді ел ретінде қалыптастыру экономикалық және стратегиялық позицияның мықтылығымен ғана шектеліп қоймайды, ол ұлттың аш, тоқтығына қарамай өзі мекендеген территорияны, мемлекетті және сол өзі иелік еткен егемен қоғамды өлердей сүюден басталады». Осы пікірлердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, материалдарға өзек болған ортақ отаншылдық желіні айқын байқайсыз. Ол – 90-жылдардағы ел өмірін жайлаған ауа жайылушылық пен қоғамдық-рухани саладағы бей-берекетшілдік, соның зардабын тартқан халық тірлігі, сол кемшілікті жоюға деген талпыныс болатын. Бұл – бір. Екіншіден, мақалалардың кайсысын алып карасақ та осынау олқылықпен күресті өзіміз бастамасақ, бізге ешкім «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» орнатып бермейді дегенді айтады. «Аспаннан шұға жауатын күн енді болмас» деген қанатты қағиданы оқырман есіне салып, өз проблемамызды өзіміз шешуіміз керек деп үн қатады. Үшіншіден, бұл қиындықты жеңу үшін де еңсеңді көтер, күйректенбе, рухыңды оят, Отан сенікі, Отаныңды сүй, қазақ! Ендігі жерде елге де, жерге де сен иесің, сол үшін де өзге ұлттар мен ұлыстарға жөн сілте және қазақстандық патриотизмге бойла деген ой осы мақалалардың өн бойына өзек етіп алынған. Осы тұста мына бір мәселеге де назар аудармасқа болмайды. Ұлттық намыс рухын көтеретін, оны әспеттейтін оқырман ойынан шығып жататын осындай материалдармен қоса әлі де болса кемшіліктер мен олқылықтарға бой алдырып, мәселені дұрыс қоя білмеген материалдардың да мерзімді басылымдардың беттерінде жарияланып кеткендері жасырын емес. Кей кездері жалпыға мәлім жағдаяттарды баяндайтын, ақылгөйсіген жарияланымдар оқырманын мезі ететін еді. Мұның бәрі журналистердің ендігі бір бөлігінің бұрынғы сартап дәстүрден, ескі қалыптан әлі де болса арыла алмай келе жатқандығының көрініс беруі.
Науқаншылдық пен өзімбілермендік, мәселенің мәніне бойламай жете зерттелмеген ақпарат жетегінде кету кейбір газеттер мен журналдар жарияланымдарына тән құбылыс болғаны жасырын емес. Бұл ретте саясаттанушы ғалым С.Әділбековтің «Ақиқат» журналының 2003 жылғы екінші нөмірінде жарияланған «Билік пен баспасөз бәтуасы» деген мақаласындағы мына бір пікірінің орынды екенін атап өту қажет: «Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан егемендігінің, әсіресе, оның алғашқы жылдарында жариялылык, демократиялық желеумен биліктің беделін түсіріп, жұртшылықтың санасына жас мемлекеттің оң қадамдарына деген көлеңке ұялатты, – деп жазады ол. – Мұның өзі қоғамның жұдырықтай болып жұмылып, ілгері жылжуына кедергі келтірді».
Егемендіктің елең-алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігінде, оның қалыптасу үрдісінде пайда болған осындай құбылысты кейін жекелеген топтық мүдделер иелері мен өнеркәсіптік-қаржы күштері шебер пайдаланып кеткені белгілі. Сөйтіп, қайсыбір кезеңдерде бұқаралық ақпарат құралдары, онда жұмыс істеп жүрген журналистер саяси ойынға өздерінің де қалай араласып кеткенін білмей қалатын кездері де жоқ емес еді. Айналып келгенде, қаржы-өнеркәсіп топтары мен бизнес алпауыттарының арасындағы есеп айырысулардың құрбандығына журналистердің шалынатындығын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Айталық, Ресейдегі Киселевтер мен Доренколардың «саяси сүрлеуінің» тағылымдары осы пікіріміздің дәлелі болса керек. Ал, Қазақстан жағдайында «Караван», «Диапазон» сияқты басылымдары мен жекелеген коммерциялық телеарналардың жұмысындағы олқылықтар кезінде орынды сынға ұшырағаны мәлім. Топтық мүддеден арыла алмаған кейбір ақпарат құралдарының құрылтайшылары мен қожайындары реті келсе журналистер қолымен от көсеп қалғысы келгені шындық. Олар үшін мемлекет ертеңі, саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, тәуелсіздіктің баянды болуы үшін қоғамдық пікірдің рөлін бағалау секілді мәселелер ұмыт қалып, екінші қатарға сырғығаны жасырын емес. Соның салдарынан қоғамдық пікір арнасын шалқайтатын, өш алу сыңайында жазылған мақалалар, бір қайнауы ішінде дүмбілез материалдар, оқырман талғамын өсіруді көксемейтін жарияланымдар көрініп қалып жатты. Қоғамдық ой-санадағы жаңа мен ескінің күресінде, ел өмірінің өтпелі кезеңінде мұндай құбылыстың болуы заңды да. Бірақ, үлкен өлшеммен қарағанда мұндай аракідік кездесіп қалатын кемшіліктер ауқымды, келелі істің үрдісін тоқтата алмасы анық еді.
Біздің сараптауымызша, бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ газеттері қоғам рухына сай, демократиялық өзгерістерге орай жаңаша мазмұнмен, жаңаша патриоттық пішінмен өз оқырмандарының рухани азығына айналып отырды. Бұл – бір. Екіншіден, 70 жылдан аса уақыт бойына тоталитарлық жүйеде моноидеологияның объектісіне айналған халықтың ой-санасын 180 градусқа бұру оңай шаруа емес екендігін ескерсек, міне, осынау жанкешті жұмыста қазақ газеттерінің де өлшеусіз үлес қосқанын атап айту керек. Баспасөз демократиялық өрлеу жылдарында шын мәнінде «төртінші билік» иесі атанды. Мұны газеттер мен журналдардың қалың әлеуметтің көкейіндегі ең жанды, ең шетін, ең елжанды деп аталатын тақырыптарды көтеріп, сол арқылы бұқаралық мінберге айналғанынан айқын байқауға болады. Әсіресе, жер тағдырына қатысты проблемалық материалдар, ана тіліміздің өзекті мәселелеріне арналған өткір мақалалар шын мәнінде, қазақстандықтардың патриоттық сезімін оятатын жарияланымдар болды.
Жұмабек КЕНЖАЛИН,
журналист