Күрмеуі шешілмеген мәселесі көп салаға пандемияның салдары да оңай тиген жоқ. Өткен жылдан бері кітап нарығының ойыншылары үлкен шығынға батты. Баспалар мен кітап саудасымен айналысатын мекемелердің жұмысы тоқтап, тоқсан пайызға дейін табысынан айырылған. Сарапшылар таяу уақытта кітап нарығындағы қолайсыз жағдайлар бірте-бірте қалпына келеді деп отыр. Алайда кітаптың бағасы өсуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, көптеген отбасыда кітап тұтынушы себетіндегі тауарлар тізіміне кірмеген. Десек те қоғамда қандай өзгерістер болсын, кітаптың рухани өнім, тәрбие құралы, ой-өрістің бастауы ретіндегі миссиясы өзгермек емес.
Бүгінде қазақстандық баспалар мен баспаханалардың көпшілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында шоғырланған. Кітап палатасында тіркелген мыңнан астам баспаның барлығы дерлік кітап шығару ісімен айналыспайды. Отандық нарықта санаулы баспалардың ғана өнімдері сұранысқа ие. Ал кітап нарығының 90 пайызға жуығын көрші Ресейде шыққан өнімдер құрайтын болса, қазақ оқырманы әлі күнге қазақша оқитын кітапқа зәру болып жүр.
Еліміздің облыстарында жүргізілген сауалдама нәтижесін сараласақ, 14 пен 30 жас аралығындағы оқырмандардың 80 пайызға жуығы кітапты сирек оқиды екен. Picodi.com-ның Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия және Қазақстанда жүргізген зерттеулері қазақстандықтардың 20 пайызы кітапқа деген қызығушылығы жоқтығын анықтаған.
«Кітап өндірісі дамымай, менеджмент жолға қойылмайды», дейді бізбен әңгімесінде жазушы-ғалым, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес. «Қоғамдағы кез келген проблема, мейлі ол экономикалық болсын, саяси болсын, нақты шешімін таппай, ондаған жылдарға созылуы мүмкін емес. Өкінішке қарай, Қазақстандағы кітап өндірісінің түйінді мәселелері отыз жылдан бері шешімін таппай келеді. Біз осы уақыт ішінде қазақ кітабының жай-күйі, оның таралымы, кітап саудасы, т.б. туралы айтудай-ақ айтып келеміз. Түрлі іс-шара өтеді, бірақ оның бәрі кітап өндірісі атты үлкен кешенді мәселенің бір-бір үзік бөлігі ғана. Проблема кешенді болған соң, бірі шешілсе, бірі шешілмейді. Мәселен, авторлар баршылық, бірақ гонорар мәселесі мүлде жолға қойылмаған. Гонорар мардымсыз болса да оны мемлекеттік тапсырыспен шешкіміз келеді, бірақ бұл тұста бәсекелестік жоғалады. Біреулер оны шелектеп пайдаланса, екіншілеріне қасықтап та тимейді», дейді Ғ.Әнес. Баспагерлер кітап саудасын дамытқысы келгенімен дүкен ғимаратын жалға алу мен сатушының еңбекақысы өзін өзі ақтамайды дейді. Жыл сайын кітап таралымы құлдырап келе жатқандықтан, өнімнің бағасы бірнеше есе өседі, ал оны тұтынушының қалтасы көтермейді. Бір тонна қағаз сонау ит жылы 1 мың доллар болатын, әлі де сол 1 мыңның шамасында, бірақ ол теңгеге шаққанда 75 мың теңге болды, одан соң 120 мың, 150 мың, ал қазір 430 мың теңге, осылай шарықтап кете береді. 20-30 жылдық тарихы бар баспалар кітап нарығындағы белгілі бір салаға (тақырыпқа) бейімделгісі келеді (мысалы, ноталы кітап, тарихи, медицина, спорт, балалар әдебиеті, әскери, техника, т.б.), бірақ оған түрлі ведомстволар тарапынан тұрақтылық, сабақтастық жоқ. Оның соңы редакторлардың әмбебаптығына, терминологияның жүйеленбеуіне әкеліп соғады. Сонда «бұл түйіннің шешімі қандай?» деп қынжылады баспагер. – Ол үшін артық ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Кітап өндірісін заманауи тұрғыда дамыту қажет. Заманымыз – нарық, капитализм. Ендеше, ескі кеңестік, социалистік кезеңді аңсамай, капиталистік жолмен алға жылжуымыз керек». Нарықшылардың айтатыны, Қазақстанда халық саны аз, баспа да, баспахана да жекеменшіктің қолында дейді. Кітап өндірісі жетім бала күйін кешуде, онымен айналысатын комитет те, департамент те, тіптен бөлім де жоқ. Осы орайда туризм саласы, болмаса медицинадағы стоматология еске түседі. Олар да тұтастай жекенің қолында, бірақ оларды дамыту стратегиясы, күнделікті тактикасымен айналысатын мекемелер бар. Сол сияқты кітап өндірісін де дамыту керек. Оған үлгі ретінде Германиядағы Кітап-сауда биржасын алуға болады. «Бұл – кітап өндірісін дамытудың нағыз заманауи нұсқасы. Осы сала мемлекетке миллиардтаған табыс пен салық түсіріп отыр. Егер үкімет кітап өндірісіне қаржы салып, капитализация жүргізсе, аздаған жылда барлық проблема шешілуі мүмкін. Оған, әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесінің жоғарылауы, латын графикасына көшуіміз де ерекше серпін берері сөзсіз» дейді Ғ.Әнес.
Тағы бір жанама мәселе, «Қазақстан», «Жалын», «Білім», «Ана тілі», «Қайнар» сияқты дәстүрлі баспаларымыздың өнімдері азайып, басшыларының жасы ұлғаюына байланысты руханиятымыз бұрынғы позицияларынан айырылып барады. Аға буынның орнын басып келе жатқан жас баспагерлердің арасында кітап өндірісінің дамымай жатқанына өкінішпен қарайтындар аз. Олар электронды кітап, әлеуметтік желіде кітап сату, кітап тарату деген мәселеге ден қойып, оны бүгінгі шоу-өмірдің бір бөлшегі ретінде қарауға бейім. «Әлі бесіктегі күйінде жатқан кітап өндірісі көшін тоқтатып, оны «бұқаралық мәдениет» деңгейіне түсірер болсақ, руханиятымыздың ертеңгі күні қандай күйге ұшырарын көзге елестетудің өзі қиын», дейді баспагер.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек отандық кітап саудасы нарығының, жалпы кітап шығару ісінің заңмен реттелмегенін алға тартады. Бұл мәселе соңғы жылдарда тіптен өзекті бола түсті. «Оқырманға қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімсіз. Кез келген кітап дүкеніне бара қалсаңыз, қазақша кітаптар жетімнің күйіндей. Ал орыс тіліндегі кітаптар еліміздегі кітап сауда жүйесінің 80-90 пайызын құрайды. Кітап саудасы – үлкен бизнес һәм ұлттық идеологияның, руханиятымыздың ажырамас бір бөлшегі. Демек, кітап шығару ісі мемлекеттің игілігіне жұмыс істеуі керек» деген А.Елгезек кітап саудасынан түсіп жатқан қомақты қаражаттың шетелге кетіп жатқандығына алаңдаушылығын білдірді. Осы орайда алдағы уақытта қазақ тіліндегі кітаптардың санын арттыру үшін кезінде тілге қатысты талапты орындауда бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған 50\50 немесе 70\30 талабын кітап саудасы жүйесіне де енгізу маңызды дейді. А.Елгезектің айтуынша, бүгінде адамзатпен біте қайнасып келе жатқан кітап шығару өндірісінде қазақ авторларының құқығы да қорғалмаған.
Жыл сайын тендерлерге қатысып, қомақты қаржы ұтып алып, есесіне көркемдік сараптамадан өтпеген, оқырманға қажетсіз кітаптарды шығарып отырған баспаларға басқаша көзқарас қажет. Ол үшін баспа нарығында бәсекелестік орта қалыптастыру керек. Сонда ғана қазақ оқырмандарының сұранысы қамтамасыз етіліп, ауыл кітапханаларына жөнелтіліп жатқан «макулатураға» да, «жастар кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірге де тосқауыл қойылған болар еді. Мұның өзі үлкен бір науқанға айналса игі. «Ол үшін облыс, аудан әкімдеріне кітап сататын дүкендер желісін дамыту үшін арнайы тапсырма беріліп, электронды, аудио кітаптар нарығына да көңіл бөлінуі қажет. Осы орайда Алматы облысының Талдықорған қаласында кітап дүңгіршектерінің пайда болуын қуанарлық жағдай деп қабылдаған Ақберен Елгезек «Соңғы бір-екі жылда кітап нарығында тың аудармалар, балалар кітаптары, іскерлік әдебиеттер көптеп шыға бастады. Бұл елімізде кітап нарығының аз болса да дамып келе жатқандығы мен кітап оқу культінің орала бастағанын көрсетеді», деп атап өтті. Бұған дәлел ретінде А.Елгезектің авторлығымен шыққан «Болмаған балалық шақ» кітабының бес мың таралыммен үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтуге болады. Бұл қазақ кітабына деген сұраныстың бар екенінің бір дәлеліндей. Алайда «Меломан», «Книжный город» сияқты кітап саудасы дүкендеріне өз кітабымды өткізе алмадым» деп қынжылысын білдірген автор осы тұрғыда электронды кітап сауда жүйесінің де бір ізге түспегендігін, авторлық құқықтың заңмен қорғалмайтындығын алға тартты.
Аккаунт ашып алып, оқылымды авторлардың кітабын әлеуметтік желілер арқылы саудалап жатқандарды сот арқылы жүгендеудің өзі қисынсыз. Осы орайда электронды кітаптар базасы да заңмен қорғалып, оның насихаты жасалуы қажет деп атап өткен автор бүгінде жұртшылықтың интернеттен, әлеуметтік желілерден жалыққанын айтады. Сондықтан да білімді көтеретін құнды дүниелерге жұртшылық мұқтаж болып отыр. Отандық кітап шығару ісін дамытуда шетел тәжірибесіне де көңіл бөлу қажеттігін алға тартқан А.Елгезектің айтуынша, Мәскеу метроларындағы оқырмандардың кітапсүйгіш тәжірибесі бізге де үлгі болса игі. Ал интернеттегі түрлі-түсті безендірілген орыс тіліндегі кітаптардан көз сүрінеді. «Тағы бір ескере кететін жайт, жаңадан өсіп келе жатқан ақын-жазушылар үшін шетелдің үздік қаламгерлерін тану маңызды. Оларға мектеп партасынан шетел классиктерінің шығармалары оқытылмайды. Орыс әдебиетін Еуропа, Азия, тағы басқа елмен бөліп-жарып оқудың қажеті шамалы. Осы орайда орыс әдебиеті мектеп бағдарламасында шетел әдебиеті деген пәннің құрамында жеке бір тараумен беріліп оқытылса, мұның идеологиялық маңызымен қатар, сала мамандары үшін де пайдасы зор болатыны анық, деп атап өтті А.Елгезек.
Бүгінде қоғамда көрнекті оқырман қалыптастырып жүрген баспагер, AmalBooks баспасының жетекшісі, бірнеше кітаптың авторы, Forbes Kazakhstan журналының қазақ нұсқасының бас редакторы Бақытжан Бұқарбай елімізде енді ғана дамып келе жатқан тәуелсіз баспагерліктің әзірге бизнестен гөрі ағартушылық бағытының басым екендігін айтады. «Кітаптарын мемлекеттік бағдарлама аясында шығаратын баспалардың қаржылық тәуекелдері аз деуге негіз бар. Ал тәуелсіз баспагерлер әрдайым тәуекелге барады, өйткені әдеби жобаларды дүниеге әкелу үшін өз қаражатын салады. Кітап өтпей қалса, шығының қайтпайды», деп атап өтті Бақытжан Бұқарбай. Оның пікірінше, тәуелсіз баспагерлік бағыттың табысына қазір бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, нарықтың аясы тар.
Елдегі оқырмандар нарығы шағын болғандықтан және баспа көбінесе қазақ тілінде кітап шығаруға ден қойып отырғандықтан баспагерлік саласы – маржасы төмен бизнес саласына жатады. Екіншіден, азаматтарымыздың көпшілігінде табысының бір бөлігін білімін шыңдайтын құралдарға жұмсау әдеті әлі қалыптаспаған. «Жеке басым жылына бірнеше жүз мың теңгеге кітап сатып аламын. Өзіме оқуға ғана емес, жақындарыма сыйлау үшін де қажет, – дейді Б.Бұқарбай. – Демек, кітап оқитын адамдардың өзінде тұрақты кітап сатып алу әдеті жоқ. Үшіншіден, бұл масштабталуға келетін кәсіп түрі емес». Бақытжан Бұқарбай атап өткендей, қазіргі кезде қазақ оқырманы қалыптасу үстінде. Өзінің қалауын, талғамын, мақсатын білетін оқырмандар аз. Жанындағылар оқы десе оқитын еліктегіш оқырмандар кітапты мақсатына сай таңдау керектігіне назар аудара бермейді. Бұл тамақты талғамай жегенмен бірдей, мұндай оқырмандарда «ақпараттық гигиена» қалыптаспаған. Оқырман ізденіп өзіне қажетті кітаптан гөрі «хайп» болып жатқан, әлеуметтік желілелердегі танымал авторлардың кітаптарын оқиды. Десек те, кітап жазғанның бәрін мықты қаламгер деп айта алмаймыз. Ал қазіргі оқырман жарнаманың құрбаны болып отырғаны таңғаларлық жағдай емес. Дегенмен нарық өсіп келеді, авторлар да көбеюде. Оқырмандар қалыптасып болмады дегенімізбен, алға жылжу бар.
Сарапшылар айтса айтқандай-ақ, отандық кітап шығару ісінің бүгінгі беталысына кедергі болатын себептер көп. Қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімсіз. Тың шығармалардың, авторлардың насихаты кемшін. Қалай болғанда да отандық баспа нарығында қазақ тілді кітаптардың көсегесінің көгеріп отырғаны – сала жанашырларының арқасы. Көптеген автор кітаптарын жеке қаржысына немесе демеушілердің қолдауымен шығарып жүр. Дегенмен де экономикалық тұрғыдан мүмкіндігі мол сала авторларды, баспагерлер мен полиграфистерді толғандырғанымен, оның мәселесі мемлекеттің қолдауынсыз шешілмейтіні белгілі.
Республикада «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шығатын кітаптар биылдан бастап Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жүктеліп отыр. Осы кезге дейін мемлекет тарапынан басылатын кітап өндірісіне қатысты көптеген сын айтылып келгені белгілі. Осы орайда оқырман мен авторларды толғандыратын мәселе – «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызды, оқырман үшін пайдасы бар кітаптардың жарық көруі. Мемлекеттік тапсырыспен бір аталым 5 мың данамен жарық көретін болса, оның барлығын дерлік аймақтардағы кітапханаларға үлестіргеннен гөрі қандай да бір бөлігін сатылымға шығарған әлдеқайда тиімді. Өйткені автор үшін кітаптан пайда табу қиынның-қиыны. Ал жекелеген кітап дүкендерінің шарттары авторлар үшін тиімсіз.
Бүгінде отандық баспалардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп отырғаны белгілі. Ал тендерлерге тәжірибесі жоқ баспаларды қатыстыру да баспагерлерді толғандыратын түйткілді мәселенің бірі. Тендер кезінде жаңадан ашылған, баспа жүйесі жолға қойылмаған баспаларға кітап шығару құқын берудің де арнайы тетіктері қарастырылуы қажет. Тіптен мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға мониторинг жасалмауы салдарынан кітап бір атаумен екі жыл қатарынан басылады, ал өңірдегі кітапханалар сол кітапты қайталап алуға мәжбүр. Ал еліміздегі көптеген мектептің кітапханаларына соңғы жиырма жылда көркем шығармалар жетпеген. Бүгінде қазақ кітабын қолдап отырған тек мемлекеттік кітапханалар ғана. Көркем шығармалар жазатын жас қаламгерлердің шығармалары сатылымда жоқтың қасы. Ал балалар әдебиеті бөліміндегі танымдық басылымдар мен оқулықтардың санын арттыру – уақыт күттірмейтін мәселе. Қазақ кітабының қарапайым оқырманға қолжетімсіз болуының тағы бір себебі – бағасының қымбаттығы. Өзіндік құнына 50-60 пайыз үстеме қосылатындықтан, табысы төмен отбасылардың ай сайын кітап сатып алуға шамасы келе бермейтіні анық.
Осы орайда тиісті министрлік, баспагерлер, полиграфистер қауымдастығы мен кітапханалар түйісу тетігін таппай, шетел тәжірибесіндегі озық үлгілер негізге алынбай, түптеп келген салаға түбегейлі мониторинг жасалмай, қордаланған мәселелерден арылу қиын. Сапасы жағынан да, мазмұндық тұрғысынан да бәсекеге қабілетті, шетелдік баспагерлердің қызығушылығын туғызатын отандық өнімдерді жоқ деп айта алмаймыз. Түптеп келгенде, қазақ кітабының насихаты төмен. Осылайша, түйткілді мәселесі бір-бірімен сабақтасып жатқан салаға басқаша көзқарас қажет. Оқырман сұранысына қарай кітап шығару, кітап ісінің қыр-сырын зерттеу ісі уақыт күттірмейтін әлеуметтік һәм саяси маңызды мәселе.
"Егемен Қазақстан"